Экономика • 17 Мамыр, 2019

ОАӨЭЫ: Азиядағы экономикалық дәліздерді дамытудың жаңа бағыты

945 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шара Қазақстанның Азия Даму банкімен ынтымақтастығының 25 жылдығын мерекелеу және ОАӨЭЫ экономикалық дәліздерді дамыту бағдарламасының жаңа бастамаларын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

ОАӨЭЫ: Азиядағы экономикалық дәліздерді дамытудың жаңа бағыты

Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Такиев атап өткендей, Қазақстанмен ынтымақтастық кезеңінде АДБ тұрақты түрде елді дамытуға, қаржылық саланы, шағын және орта бизнесті қолдауға, алдыңғы қатарлы инфрақұрылым құру мен адами капиталды дамытуға белсенді түрде жәрдемдесуде.

«Біз АДБ-ның өңірлік ынтымақтастықтың маңыздылығына туризм мен сауданы, ауыл шаруашылығын дамыту, сондай-ақ жеке сектордың қатысуын арттыру, білім мен тәжірибе алмасу арқылы аса көңіл бөлетініне зор қошеметпен қараймыз. Бүгінгі күні қабылданған ОАӨЭЫ 2030 стратегиясының сауданы ұлғайту мен әртараптандыру, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, энергия көздерін жаңғырту, дүлей апат қатерлерін басқару, туризмді, агробизнесті, білім беру мен денсаулық сақтауды дамыту және мультимодальдық дәліздерді дамыту бағыттары оң нәтиже көрсетті»,  деді вице-министр.

Оның айтуынша, ОАӨЭЫ 2030 жаңа стратегиясының шеңберінде мақұлданған негізгі операциялық кластердің бірі – сауда, туризм мен экономикалық дәліздерді дамыту.

Вице-министр өз сөзінде, ОАӨЭЫ-ның аймақтық жобалары, атап айтқанда, Қазақстан, Өзбекстан мен Тәжікстан, Алматы-Бішкек (АБЭД) арасындағы экономикалық дәліздер туралы егжей-тегжейлі баяндады.

«Алматы-Бішкек аймағындағы бірлескен аймақтық жобаларды іздеу мен іске асыру мақсатында 2017 жылы Қазақстандық-Қырғыз Үкіметаралық кеңесінің (ҮАК) 6-отырысының қорытындысы бойынша екі ел Үкіметі АБЭД жөніндегі кіші комитет құрды», деді М.Такиев.

2018 жылғы қазанда АДБ Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан үкіметімен бірлесіп, «Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан арасындағы экономикалық дәлізді дамытудың әлеуетін бағалау» атты техникалық көмекті бекітті. Ол Шымкент, Ташкент, Худжанд қалаларына және іргелес Түркістан, Ташкент және Соғды облыстарына назар аудару арқылы елдердің экономикалық, әлеуметтік және сауда аспектілерін зерттеу, талдау және бағалауға арналған.

«АДБ мен ОАӨЭЫ бағдарламасының бастамасымен құрылған Алматы-Бішкек экономикалық дәлізі – экономикалық дәліздердің жаңа моделі және аймақтық экономикалық ынтымақтастықтың серпінді жобасы», деді М.Такиев.

Ұлттық экономика вице-министрі Азия Даму банкінің өкілдерін Қазақстан мен АДБ ынтымақтастығының 25 жылдығымен құттықтады.