Қалыбек батыр
Сейсенбі, 9 сәуір 2013 1:35
Бұл әңгімені ел ішіне «Қосай шежіреші», «Қосай шешен», «Қосай барымташы» деген үш лақап атымен танылған, 93 жыл жасап 1953 жылы өмірден өткен қариядан естіген едім.
Жасы тоқсаннан асса да еңкіш тарта қоймаған, ат жақты, ашаң жүзді, оң қабағы салбырап ойлы жанарын бүркеп, ұзын салалы саусақтарының буыны су жағасындағы балдыр қоға секілді былқылдап тұратын ол ауылдың ортасындағы қоржын бас жаппа тамынан шығып,
Сейсенбі, 9 сәуір 2013 1:35
Бұл әңгімені ел ішіне «Қосай шежіреші», «Қосай шешен», «Қосай барымташы» деген үш лақап атымен танылған, 93 жыл жасап 1953 жылы өмірден өткен қариядан естіген едім.
Жасы тоқсаннан асса да еңкіш тарта қоймаған, ат жақты, ашаң жүзді, оң қабағы салбырап ойлы жанарын бүркеп, ұзын салалы саусақтарының буыны су жағасындағы балдыр қоға секілді былқылдап тұратын ол ауылдың ортасындағы қоржын бас жаппа тамынан шығып, тау етегіндегі боз жусаны бұрқыраған биік дөңге барып жайғасқанда, жоғарғы ауылдағы өкшебасар інілері – бүркіті есігінің алдындағы тұғырда отыратын, бір топ көкқасқа қумай тазысы бар Ысқақ пен төменгі ауылдағы ені мен биіктігі бірдей Байқасқа көп кешікпей жанынан табылатын. Магнитке тартылған темірдің үгіндісіндей топырлап ауыл балалары да солай қарай жүгіретін. Сол жолы біз жеткенде әңгіме жаңа ғана басталған екен.
«Ертеде Албан руында ерлігі еліне ұран болған алты батыр өткен. Солардың бірі және бірегейі Қалыбек батыр. Қазақ пен Қытай шекарасында отырған бір елдің үш ғасырға жуық тарихы мен тұлғалары ұмыт болмаса екен», деді де шежіре қарт бір сәт үнсіз қалды.
Біз әңгімесін жалғастырса екен деп ентелеп жақындай түстік. Ол көп күттірмеді.
* * *
«Жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме, бөрік астында» деген сақтықты Алтайдан бастап Алатауға дейінгі жердің шекарасын (ХХІ ғасырға) бізге дейін көзінің қарашығындай күзетіп, қорғап, бір қытайды ішке кіргізбеген қазақ баласы ұмыта қоймаған еді… Олар сонау жеті атасынан бергі қағазға емес, жүрекке жазылған үрдісті бұзбады. Ат жалын тартып мінген еркек кіндіктісі бес қаруын сайлап, жарау тұлпарын мамағашқа байлаған дәстүрін қаз-қалпында сақтады. Қазір де көксүңгі найзасы босағасында, жарау ат әр үйдің мамағашында байлаулы.
Біз кейбір көршілер секілді қамал, қорық соққан қалада өмір сүрмесек те алаңсыз, қам-қарекетсіз, бей-берекет отырмаппыз. Сондықтан да осынша байтақ жерге ие болыппыз. Кең даласы тылсым қорғаны еді. Оның құпиясын таба алмай талай жауы жер жастанған.
Қалыбек батырдың бүкіл елінің тіршілігіне азық болған қаптаған қалың төрт түлік малы Сартоғайдан бастап Темірлік өзенінің шатқалынан жоғары Қулық таудың күнгейімен, сиырдың бүйрегіндей Аласа таудың сай-саласында қыстап шығатын. Сол жылы да үйренген қонысын өзгертпеген еді.
Көктемде тау мен дала керемет көктеді. Боз даланың қызғалдағы мен сарғалдағы құлпырып, торғайоты, бетеге, жусаны алсындап, бүр жарды. Ерте лақтаған қарақұйрық, киік қора-қора болып Көкпекті мен Ағанас жазығын кернеп кетті. Бозторғайы көгілдір аспанда шырқап, тіршілік ерекше шырайланып, жазы да жайдарлы басталды. Нөсерден кейінгі ақбас таулардың арасын жалғаған кемпірқосақ алуан құбылған жібек жіптен аумайтын еді. Сол ырысты, тынысты жерге күз де келген.
Жер шарында екі-ақ жерде өсетін қасиетті Еренді (Яссин) бұл ел «әулие ағаш» дейді. Сол әулие ағаштан басталатын алуан түрлі тал-терек, қайың, қарағаш, неше түрлі бүлдірген, шөп алтын күздің асыл моншағын тағынған. Ойдым-ойдым жымына, жықпылына арша, қылша, тобылғы, торыңғы қаулай өскен Сартоғайдың екі қапталындағы жартасты жағалап, моншақтай тізіліп арқар мен таутеке өткенде батыр ләззат алатын.
Осы Шарын тұғылының кең түбегіне тігілген Қалыбек батырдың он екі қанат боз үйі қазір үкіленіп көзге ерекше көрінеді. Соған іргелес үш үй тұр. Біріне қонағын түсіріп аяқ суытса, екіншісінде дастарқан даярлап, үшіншісіне де қонақтар түнеп шығатын. Ақорданың айналасындағы арасы әу деген дауыс жететін жердегі ат тағасындай иілген үркердей шоғыр ақбоз үйлерде келіп-кеткендерді күтетін батырдың қызметшілері тұрады.
Сартоғайдың табиғаты жайлы-ақ. Қатал деген Желтоқсан, Қараша, Ақпан айларының өзінде түнде жауған қар күндіз еріп, тоғай шөбі қыста да алсындап жатады.
Қалыбектің ордасы тігілген соң-ақ, бұл жаққа ат ізі суымады. Кім келіп, кім кетпеді. Кеше ғана Қашқарлық сыйластары болды. Бірінде бар дүние бірінде жоқ, «Бармасаң, келмесең жат боласың, алмасаң, бермесең сарт боласың», деп Шығыс Түркістанды мекендеген халықтар бекер айтпаған. Еуропа мен Азияны жалғайтын Жібек жолының қақпасында жайғасқан Қалыбек секілді бұл елдің басшылары шекарадан елге, өткен жолаушыны да, кеткен керуенді де біліп, бақылап отырады. Батырдың айналасындағы шаруамен айналысып жүрген ел – көлденең көзге малшы секілді көрінгенімен, жеме-жемге келгенде есесін ешкімге жібермейтін ержүрек сарбаздар. Сартоғай мен Темірлік өзенінің күнбатысындағы Қопалының сонау Аласа тауына дейінгі кең жазығы, Қулық тауының оңтүстік шығысындағы аспанға көк сүңгі найзадай шаншылған Айт, «Әділбектің ақшоқысынан» бастап, бір заманда жер қазынасын зерттеген ағылшындар «Алтынның қоймасы» («Атомни крепс») деп кеткен, күнбатыс қапталынан қарағанда ботасы өлген боз інгенге ұқсайтын бір түп ағаш өспеген Сарытаудың қарсысындағы Алатаудың Шетмеркісіне дейінгі жер – Айт руының еншісі.
Сартоғайдың күншығыс қабағынан арғы Қарадала Қорғас пен Қалжатқа дейінгі аралықтағы көршілері Сүйерқұлдың Шоғанының Үмбеті (Шажа балалары), Жарты, Қожбанбет, Шыбылдың Қоңырбөрік атасы отырғалы не заман. Әрқайсысының оныншы ұрпағы отын жағып, түтінін түтеткен алтын босаға.
Аңыз оқиғаның ай-жылын нақтылап дәлелдемейді. Алайда ол болашаққа тарихтың шындығын жеткізгендігімен баға жетпес құнды қазына. Осы құндылығымызға құлақ салып, көңіл бөлсек, бұл жер-суды жоғарыдағы Албан рулары Үйсін мемлекет болғаннан бері мекен етіп отырғаны анық, деген еді Қосай шежіреші.
Райымбек батыр бастаған сарбаздар 1759 жылы Қытай мен Қазақ жерінің шекарасына белгі етіп тарихи көктасты қойғаннан кейін Қулық тауының ең биік шоқысына жорық жолын бірге өткізген сарбаздар жеңіс жалауын қадағаннан бері тау қойнауына қоныстанған елді мекен Жалаулы атанған. Қарлығаштың ұясындай осы ауылдағы Бозымның Игілігінен тарайтын оншақты үйден басқасы – Айт, Қалыбек батырдың үш баласы Бағай, Нияз, Бауыстың үрім-бұтағы. Шалкөде жайлауының етегіндегі Қарасаздан бастау алған (Ақын Мұқағали Мақатаевтың туған жері) мың бұлақ жиналып етегіндегі теңізден шығып қалған жайын балықтың жонындай Кеген дөңнің бауырын соға ағып, осы Жалаулы елді мекенінің іргесінен өтеді.
Қосайдың «Үйсін мемлекеті болғаны анық» деген тұжырымының жаны бар екенін кейін білдік. Ғұлама ғалым Шоқан Уәлиханов: «Бұл жерді мекендеген Ұлы жүздің тұқым-тұқияны Шыңғыс ханның заманында да, Қалмақ шапқыншылығында да туған жерінен ешқайда кетпегендіктен, жылжымағандықтан қазақ халқының қалыптасуының негізі болды» дейді. (Алматы, 1961 ж. Қаз.ҒА., толық жинағы 5-том).
Ортамызда отырған Қосай кеудесін тіктеп, ауыл ішіндегі бар қозғалысты шола қарады да әңгімесін қайта сабақтады.
– Әлмерек батырдың келетінін естігелі Қалыбек батыр тыншып отыра алмады. Ағайынның айтатын сыры аз ба, көп. Тіршілікте бір дидарласудың өзі бір бақыт қой. Жазда Бақанасқа барғанда емін-еркін ағайынша сөйлесудің сәті түспеп еді. Ат аяғы жететін жерден келген ағайындар осындай басы қосылғанда шалқып ән айтып, жыр тербеді. Алқақотан отырыста ақтарылған аталы сөз, арман тілек пен Қонайдай құрметті ағайынға жасалған сый-сияпаттың көңіл теңізі шексіз болды. Енді міне, басы тағы қосылмақ.
– Батыр ақырын аяңдап аңғардағы жаяу түгілі атты адам өте алмайтын асау Шарын өзенінің жағасындағы жапырағы күздің алтын шапағымен боялған шоқ-шоқ тал-теректі, қарағаш, қайыңды аралай жүріп үйінің жоғары жағындағы кең түбектің ортасында тұрған қалың бұтағы әудем жерді көлеңкесімен көмкерген, діңіне үш адамның құшағы жетпейтін, қашан, қай заманда, кімнің еккені белгісіз жуан (Яссин) әулие ағаштың түбіне барып тоқтады.
Ол бұл күнде Үш Қарқара аталатын өзен мен Кеген суы қосылып Шарын аталатын шатқалдың басындағы Тиектастан жоғары бетіне жылт-жылт етіп (мұнайдың) майы шығып жататын Қарасудың оппа ұйығына батып бара жатқан көк бураны шудасынан ұстап жалғыз өзі суырып шығарғанын көргенде Алатау мен Қаратаудың баурайын мекендеген ел көзінің тірісінде Абыз деп ардақтаған Шоған абыз: «Иә, Тәңірім! Көз бен тілдің сұғынан сақта?» деп тілеуін тілеген он сегіз жастағы Қалыбек емес, абыздың сол адал тілеуі Аллаһтың құлағына шалынған болар, сегіз ұлы сегіз ауыл болған, бүкіл Айт әулеті атын ұран еткен Қалыбек батыр еді.
Бозбала шағындағы жалпақ жауырынды, сұңғақ бойлы балауса денесі толысып толған. Құдай тағала елден ерекше сыйлаған ұзын білектің бұлшық еті шарболаттай, жуан қарулы саусағымен асау бестінің құлағынан ұстағанда тегеурінге шыдамай екпетінен түскенін көргендер «Құла тұлпардың жалын айырып жібергендіктен тарихта Жалайыр атанған Ұлы нағашысы Қабыл ханға тартқан» дейтін («Шыңғысхан» (2012 ж.) Республикалық тарихи-этнологиялық әдеби көркем журнал. 2 нөмір «Қабыл хан, Құла тұлпар және шежіреші Қосай»153 бет).
Бір кездегі қайратты қалың шашына ақкүміс араласып, киік танаулы қызыл шырайлы дөңгелек жүзіне уақыт өз өрнегін салған. Талай-талай қиқулы қым-қуыт соғыста жауын қақ жара шайқасса да табиғат берген зор тұлғаның қуаты болар, бірде-бір рет денесіне найза қадалып, қылыш жарақаттамаған екен. Ол мәуелі бұтақтағы әсем сырғадай көзді арбаған ұсақ жапырақтың арасынан төгілген күн сәулесіне ойлана көз тастап тұрып табиғатқа таңғалды. «Осыншама алып ағаштың жапырағы неткен нәзік» деп бір сәт бөгелді.
Батыр аяқ жететін жердегі шеберлерді алдырып, адам жанына керекті дүние-мүліктің не түрін жасатты. Заманына қарай он екі қанат ақбоз үйдің шаңырағын да, кереге, уығын да, есігін де өрнектетті. Тірі пенденің жан дүниесін тебірентіп, сиқырлы әуез шығаратын талай-талай домбыра, қобыз өмірге келді. Атақты батырдың қолөнерге ерекше көңіл бөлетіні айналадағы елге әлдеқашан тарап кеткен-ді.
Дүниеге ұрпақ келген соң қырық күннен кейін осы қасиетті әулие ағаштың бұтағын кестіріп, қабығын суға қайнатып, оған сәбиді шомылдырып, діңі кепкен соң шеберге шың тастан таматын мәңгілік маймен майлатып, бұғының терісімен қаптатып қару-жарақтарына сап сайлатып, ер-тұрманын шаптыратын.
Қалыбек батыр да өмірге келіп-кететін көп қонақтардың бірі екенін түсінгендіктен, байлық, атақ-даңққа құмар болмаған. Ол ұрпақ алдындағы парызына үлкен жауапкершілікпен қарап, сол міндетін адал атқару үшін күресті. Ол сырттан қараған адамға шоң денелі болып көрінгенімен, ширақ қимылдайды. Өзенге сұғына жатқан қатар шөккен қос түйедей қара тасқа секіріп шықты. Қашқарлық шеберге тіктірген қонышы тізесін жапқан қырым етіктің табаны тасқа жабысып, бойын тез тіктеді. Сол сәтте күміспен қапталған кемер белдіктің оң жағындағы қанжардың қыны жалт етіп күнмен шағылысты. Ол ауыл ішінде осы қанжарынан басқа қару асынбайтын.
Сартоғай жақтан бір шоғыр қара қарға қалқып аспанға көтерілді. Оң қапталдағы кереге тастың қалың құры құрқылдап еді оған кекілік, шіл қосылып, тоғай гуілдеп кетті.
«Япыр-ай, мына әулие ағаштың қалың жапырағы төңіректі жаңғыртқан өзеннің гүрілін де, аң мен құстың үнін де өткізбейді екен-ау» деп ойлады ол.
Бақанасқа барып-қайтқандағы алған әсері ұшан-теңіз еді. Елдің сыйлы азаматтарын ерткен Қалыбек батыр Құлық таудан ерте аттанып, Мойнақ кезеңінен асып, Ақтоғайдан өтіп, екі қапталына тобылғы, торанғыдан басқа бір түп ағаш өспеген, қалмақтармен соңғы шайқаста су таппай қысылғанда Райымбек батыр айбаттана ақырып жартастың түбіндегі жылғаға найзасын шаншығанда тұнба бұлақтың көзі ашылып, кейін жағасына бір түп Мәжнүнтал өсіп, «Райымбек бұлағы» аталған Торыайғыр тауының оңтүстігіндегі көзге ерекше көрінетін «Ойрантөбе» деген жерде өзі ең соңғы рет қалмақтың Ағанас батырымен жекпе-жекке шығып: «Қазақ халқы қарусыз жауының қанына қолын бұлғамайды!» деп өлтірмей кеткен Ағанас батырдың атымен аталатын ақ жазықты қиып, Бартоғайдың желкесімен жүріп, Табан қарағайды айнала Асы жайлауы арқылы Албан сайға аялдап, үшінші күні Бақанастағы Әлмерек батырдың он екі қанат ақордасының алдындағы мамаағашқа күн екіндіге таянғанда ат басын тіреген.
Жүрген кісіге жер алыс емес екен. Жол бойы есігін ілмей жататын кең пейіл ауыл. «Құдайы қонақпын!» десе құшақ жая қарсы алған. Бірінде түстеніп, екіншісінде ат аяғын суытып шаршамай, шалдықпай тың жетті.
Тылсым табиғат құдіретімен тек құмнан ғана тұратын Жоңғар тауының қақпасынан Ебінің желі соққанда әлі ешбір тірі пенде естімеген әуез шығаратын (орыстар» Поющие гори» дейтін) Басқалқан, Аяққалқан шоқыларынан бастап сонау да сонау Балқаш көліне дейінгі алқапты еншісі бөлінбеген жусанның әр түбінде бір қозысы жататын бай әулет Бозымның ерлігі еліне ұран болған Әлмерек батыры мен Қыстықтың Ескене батырының үрім-бұтағы қоныстанған.
Бұрын да бар қуанышына ортақ Қалыбекті бұл жолы Әлмерек батыр Бәйдібек атасының үшінші ұлы Жолмамбет батырдың баласы Ыстының Қонайымен достығының құрметіне ортақ болсын деп арнайы шақырған. Аттан түсіп жатқан Қалыбек батырды көрген Әлмерек батыр құшағын жая ұмтылды. Отты жанары кімге де болса мейірімнің нұрын төгіп тұратын ер тұлғалы, жалпақ жаурынды, даласындай дарқан пейілдің иесі Әлмерек Қонай мен Қалыбекті таныстырды.
Қонайдың атақ-даңқына Қалыбек те сырттай қанық еді. Шамамен ХVІІ ғасырдың ортасында Ысты, Ойықтың Жолымынан тарайтын бір ауыл, Азнабай болыстың кезінде болу керек, Сарыарқаға барып Арғынның азулы Тобықтысы мен Қаракесек атасының ортасында үшінші ұрпағы өмірге келгенше сыйласып тұрыпты деген сөз ел аузына ерте тараған.
Сол Қонайдың өткен жылы Қаратаудың етегіндегі бауыры Дулат Шымырдан, өзі кеткен Таластың бойын кең жайлаған түп атасы Ыстыдан, Алатаудың баурайындағы Шапырашты мен Қордайдан төменгі Шу бойындағы қалың Дулат Жаныстан қоныс сұрап келгенін де естіген. Бұл бірінші келуі емес, үшінші рет келуі еді.
Қаракесек пен Тобықты руымен ғасырға жуық сыйласқан, құда-жекжат болған Қонайдың кең қолтық Сарыарқаның елінен қалай кеткені жайлы Қосай шежіреші ештеме айтпаған еді. Оның жайына мен кейін қанықтым. Тобықты Құнанбай сұлтанның әкесі Өскенбайдың замандасы, атақты Кеңгірбай бидің кіндігінен тараған тұқымы, Ақшатау полиметалл комбинатының төрағасының орынбасары болған, ұлттық салт-дәстүрдің білгірі, ел зердесінде сақталған шежіре аңыздың жанашыры 70 жылдық мерейтойына бір ай қалғанда 2009 жылы өмірден өткен Қайыр Қоянбаев бізге біраз сыр шерткен.
…Қонай әулие жазда Сарыарқаның кең жазығын емін-еркін жайлап, қыста Мойынтыдан арғы, қазір пойыз қас-қағым сәт тоқтап өтетін Босаға деген аялдама бекеттің күнбатысындағы қолдың саласындай сай-салалы тауды қыстапты (мен ол жерді көрдім). Арқаның ақ бораны терең сайдың бетін сыйпай соққанда сала-сала сайға түскен қар қатпай, қаныттай үгітіліп қой мен жылқы теуіп жайылып қыстан шығатын шұрайлы жер екен.
Алғашқы қар түсер мезгілде Қонай жайлы қыстауы Босағаға барып қоныпты. Бұл күннің қысқарып түннің ұзарған шағы емес пе, айналадағы елінің жайын білуге аттанып кеткен Қонай кешкі іңір қараңғылығы түсе ауыл шетіне іліккенде есігінің алдында тұрған бір топ аттылыны көреді. Бұл Көкбөрі Керней Жарлығап батыр еді. Ол аттан түспей: «Кім бар?» деп дауыстайды. Үйден Қонай әулиенің бәйбішесі шығып амандасып: «Үйге түсіңіз?» деп өтінеді. Жарлығап: «Рахмет ниетіңізге. Сусын бар ма екен?» дейді. Бәйбіше қайта кіріп үлкен тостағанмен қойдың айранын ұсынады. Жарлығап батыр айранды ішпей ат үстінде тұрған күйі қамшысын екі бүктеп айранды төртке бөліп қайырып беріп: «Отағасына сәлем айтыңыз» деп жүріп кетіпті. Келіп-кеткен топты сыртынан көрген Қонай атын байлап, үйіне кіріп, құндыз жағалы мәуіті шекпенін кереге басына іліп тұрып бәйбішесінен: «Жаңағы келген кімдер?» деп сұрапты. Бәйбішесі болған жайды қаз-қалпында айтыпты. Жауап қатпай төрдегі жұмсақ орнына жайғасқан Қонай ортадағы лаулаған отқа бір сәт ойлана қарап отырып: «Енді біздің елге қайтуымыз керек екен» депті.
…Әлмерек батырдың шақыруымен келген Қонайды көршілес жалайыр руының игі жақсылары бірінен кейін бір қонаққа шақырып, құрметтейді.
Аға баласы Қонайдың қайтатын күніне орай Әлмерек батыр Қарқара жайлауының етегіндегі Қалыбек батырды, Сегізсары, Биеке биді, Шілікті өзенінің жағасындағы Нұра жазығын мекендеген бауыры Қыстық Ескене батырды, Алма арасаннан Көлсайға дейінгі таудың иесі Қызылбөрік Әжібай батырды, көршісі Жалайыр Ескелді би мен Орақ батыр бастаған сыйлас замандастарын түгел шақырған еді. Түні-бойы сауық-сайран салған ағайын-туыс жайлы жатып, жақсы тұрады. Ақсақалдар отыратын кең үйге мол дастарқан қайта жайылып, Әлмерек батыр Қонайдың жолсеріктеріне шекпен жауып, ат мінгізеді. Төрде отырған Қонай ағайынның бұл ықыласына ризашылығын білдіргенде Әлмерек батыр:
– Қонай екеуміз тұстас болғанмен, сенің жолың үлкен. Екі-үш жылдан бері елге келіп-кетіп жүрсің. Арғын ағайындардың пейілі, көңілі кең болғанымен, өсіп-өнген елге жер құшағы тарлық етеді. Енді мына ағайындарымның алдында бұйымтайыңды айт. Не қаласаң да сөзіңді жерде қалдырмауға тырысамыз, дейді.
Сәл үнсіздіктен кейін Қонай:
– Батыр, құрметіңе көп-көп рахмет! Көңіл сыйса, бәрі сиятын Сарыарқа қазаққа тарлық етпейді. Тек туыс, бауыр, ұрпақ бірін-бірі көрмесе, тамыры қай жерден нәр алатынын білмесе, жат болып кететін секілді. Сендерді көргеннен бері жүз жасағандаймын. Өзен-көліңде аққу ұшып, қаз қонады екен. Қырың киік, суың балық нағыз орта шаруаның отаны болатын жер екен, деп үндемей отырып қалады. Ол заманның адамдары осы сөздерден-ақ астарында не жатқанын білген ғой, бұйымтайын түсінеді.
Осыдан кейін Әлмерек батыр:
– Бауырым, әр заманның бір сұрқылтайы болған. Сол сұрқылтайлардың озбырлығынан біз, біз дегенім қазақ, не көрмедік. Ықылым заманнан бері келе жатқан атақонысың – Ыстықкөлдегі алтын ұяңнан айырылып, ағайынды үшеуің үшке бөлінгендерің тарихтан белгілі. Біз көрмеген отбасыңа, ағайын-туыстарыңа тілегім, ойым орындалды деп қайт. Суы мен қырына қызыққан Бақанас қашан келсең де сенікі! депті. Сол жиылыстан Қалыбек батыр Әлмеректің мәрттігіне риза болып қайтқан. Қонай қажыны қуана құттықтап, түстік жерге дейін құрметтеп шығарып салады.
Келер жылдың көктемінде Әлмерек батырдың бүкіл елі Бақанастан көшіп, Қапшағайдан жоғары Шарыннан төменгі екі қапталы жыныс тоғай Іле өзенінің бойына қоныстанады. Содан бері Бақанасты Жолмамбет батырдың үрім-бұтағы мекендеп келеді.
…Қалыбек батырдың ауылын бетке алып жолға шыққан Әлмерек батыр жаңа қонысы Нұрлы жазығындағы үкілі кәмшат бөріктей Илан (үш жылда бір рет гүлдейтін емдік шөп) шоқысының солтүстігінен ерте аттанды. Бұғыты тауын бөктерлеп, жолдағы Қыстықтың Шойқарасы, Онтоғары, Жайыны, Майасары отырған ауылдарға соқпады. Әлмерек батыр кешегі қалмақтармен шайқаста бұл жолмен түн демей, күн демей талай өткен. Діттеген уағында жетті. Әне-міне келіп қалар деп алаң көңілмен өзен бойында жүрген Қалыбек батыр қия қапталдағы жалғызаяқ жолмен төмен түсіп келе жатқан бір шоғыр аттыны көрді. Алдындағы тулаған теңіз толқынында жүзген алтын кемедей күлтеқұла ат үстіндегі Әлмерек батыр көзіне шоқтай басылды…
…Қосай шежіреші әңгімесін үзді. Өйткені, бұл кезде өрістен қайтқан бір табын сиырдың алды Жалаулының бет алдындағы оу бір замандағы Кеген өзенін бойлай өскен жыныс тоғайдан қалған бір белгі – жалғыз түп «Бәтекбай талдың» түбіндегі өткелден өткен еді…
Досан ЖАНБОТА.
Алматы.