Аймақтар • 20 Мамыр, 2019

Қарағандыдағы Armanǵa jol-2019 марафонында шетелдіктердің мерейі үстем болды

1025 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында Armanǵa jol-2019 жартылай марафоны өтті. Бұқаралық спорттың бәрекелді шарасына 6 мыңнан астам адам қатысып, желаяқтар жарысының көрігін қыздырды.

Қарағандыдағы Armanǵa jol-2019 марафонында шетелдіктердің мерейі үстем болды

Марафонның ең ұзын қашықтығы – 21 шақырымдық сында Беларуссия мен Қырғызстаннан келген атлеттер Владислав Прямов пен Дарья Маслова топ жарды. Айта кету керек, беларусь желаяғы Владислав Прямов осымен екінші рет аталған марафонның жеңімпазы атанып отыр.

Armanǵa jol-2019         жартылай марафонында 2 шақырымдық «Балапан» сынында Хабылхан Алпамыс пен Анастасия Цвиркунова, «Достық» сынында (7 км) Құдайберген Зейноллаев пен Виктория Сенькина жеңімпаз атанды.

Биыл бірінші рет скандинав жүрісі бойынша ұйымдастырылған «Достық» додасында (7 км) Асқар Жаңабергенов пен Әсел Асанова алдына жан салмады.

Мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы «Достық» сайысында Ботакөз Ақылбекова үздік шықты.

18-34 жас аралығындағы желаяқтар жарысында (14 км) Ержан Жанарыстанов пен Екатерина Грицай бірінші орынға ие болды. 51-65 жас аралығындағы «Спутник» деп аталған сында Сергей Поликарпов пен Телғонай Шааева үздік шықты.

Жастары 70-ке жеткен егде желаяқтар арасындағы жарыста Биебай Тілемісов пен Әмегүлсін Мұсылманова бірінші болып мәре сызығын қиды.

– Жарыс жолы ұнады. Марафонның ұйымдастырылуы да жоғары деңгейде өтті. Жыл бойы бар күшімді салып жаттықтым. Былтырғы жылғы рекордымды жаңарта алмағаным рас. Дегенмен, бірінші орын маған бұйырды, – деді жартылай марафонның ерлер арасындағы жеңімпазы Владислав Прямов.

– Жүгіру менің жұмысым. Қарағанды марафонына мен бірінші рет қатысып отырмын. Былтыр құрбым осы жарысқа қатысқан екен. Соның үгіттеуінің арқасында мен де биыл бақ сынап, тәп-тәуір нәтижеге қол жеткіздім, – деді әйелдер арасындағы сынның жеңімпазы Дарья Маслова.

Жартылай марафонда жеңімпаз және жүлдегер болған желаяқтар жүлде қорына деп тігілген 8 миллион теңгені өзара бөлісті. Нақтырақ айтар болсақ, жеңімпаз атанған спортшылар 1 млн теңгеден сыйақы алды.

– Жыл өткен сайын жартылай марафонға қатысушылар санының артып келе жатқаны қуантады, – деді Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дмитрий Карпов.

Armanǵa jol-2019 жартылай марафонын мыңдаған жанкүйер тамашалады.