16 Наурыз, 2010

БҮЛІНГЕН ТОПЫРАҚ ӨҢДЕЛДІ

699 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бірақ қадағалау ісі жалғасады “Егемен Қазақстанның” Қостанай облысындағы тілшісі Нәзира Жәрімбетова “Тобыл-Торғай экология департаменті” мемлекеттік мекемесі Қостанай облыстық филиалының бастығы  Айдарбек Кәрімовке: – Сіз бұған не дейсіз? Қостанай облысының Қара­ба­лық ауданы Ресейдің Челябі облы­сын­дағы Троицк қаласымен шек­те­седі. Шекарадан қол созым жерде жатқан Шұбаркөл көлі Кеңес Одағы жылдарынан бері Троицк ГРЭС-інің күл тас­тай­тын по­лигоны болатын. Елі­міз тәуел­сіз­дігін алып, ортақ қазан бөлінген­нен кейін де екі мемлекеттің келісімімен бұл орын өзгермей қала берді. Бірақ соңғы жылдары Ресей жағы келі­сімдегі шартты жеткілікті орындамауы салдары­нан Шұбар­көл көлінен ұшқан күл сол өңір­дің топырағын аздырып, эколо­гия­сына кері әсер ете бас­тады. Өткен жылы осы поли­гон­ның жағдайына байланысты Қа­зақ­стан тарапынан бес рет тек­серу жүргізілді. Бір кездегі шал­қыған көлдің күлге толып жо­ғалуы өз алдына, бұл сол өңірде отырған ағайынның мал жайы­лымын да сорға айналдырмай ма? – Шұбаркөл полигонынан ұш­қан күлдің соңғы жылдары бұ­рынғы көл аймағының топы­ра­ғын аздырып, жайылымды бүл­­­ді­ре бастағаны рас. Кеңес жыл­­дарында осыған қарсы жұ­мыс­тар уақтылы жүргізіліп отыр­ған ғой. Кейіннен, 90-шы жыл­да­ры залал­сыздандыру жұмыс­та­ры­ның тым шектеліп кеткен­ді­гінен, түгін тартса майы шы­ға­тын қара топы­рақты Қарабалық жері аза бас­та­ды. Бұл мәселе министрлік дең­гейінде көтеріліп, ресейліктерге талап қойылды. Бұрынғы жылы ресейліктерге Шұбаркөлдің маңайындағы 350 гектар жерге табиғат қорғау ша­ралары жүргізіліп, культивация­лау керектігі туралы талап қой­ыл­ғ­ан еді. Троицк ГРЭС-і бас­шы­лары мұны қабыл алып, уәдесін берген. Алайда көршілер уәдені орын­да­ма­ды, жыл сайын өңдеген топы­рақтың көлемі 50 гектардан ас­пады. Оның үстіне соңғы жыл­дары осы өңірде құрғақшылық болғандықтан, по­лигонның ны­ғар­лап толтырыл­ған екінші секциясындағы күл желмен көтеріліп, біраз жерді бүлдірді. Бірақ Қазақстан тарапынан бұған жедел назар аударылып, Ресей жағын келіссөзге шақыр­ды. Шұбаркөл көлі маңайындағы бүлінген жердің көлемі қайта тексеріліп, анықталды. Дегенмен, Мәскеу жағының ұсынысымен күл­ден залалсыздандыратын жер­­дің көлемін қайта қарап, еліміздің тиісті министрліктері анық өңде­летін жерді 350 гек­тар­дың орнына 177 гектар деген ор­тақ шешімге келді. Көршілердің мәмілеге келуімен қаржының бар­лығын Ресей өзі бөліп, то­пырақты куль­ти­вация жасайтын мердігер кә­сіпорынды Қазақ­стан­нан алды. Өткен жылы “Агро­промстрой” жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі Шұбаркөл айналасындағы күл басқан жерді өңдеп, қайта шөп екті. Былтыр­ғы шілде айы­нан бастап, жыл­дың аяғына дейін бес рет тексеру жүргізіліп, келі­сім­дегі шарттарды уақтылы орындамаған Троицк ГРЭС-іне Қазақстан тарапынан 4 рет айыппұл салынды. Екі мемлекет арасындағы 2012 жылға дейін жасалған келісім аяқтал­ған­ша Троицк ГРЭС-інің шарт­ты орын­дауы біздің экологтар тарапынан қадағаланып отыра­тын болады. Ресейдің осы келі­сім-шартты 2014 жылға дейін созу туралы өтініші де олардың күлмен ластанған аумақты тазарту, топырақты өң­деу туралы Қазақстан жағының қойған талаптарын қалай орын­дағанына байланысты қанағат­тан­дырыл­мақ. Егер талап орындал­ма­са, шарт та тоқтатылады. Қостанай.