Аймақтар • 21 Мамыр, 2019

Қоқыс жинау қашан реттеледі?

2419 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Павлодар облыстық жер қой­науын пайдалану, қоршаған орта және су ресурс­тары басқар­масының мәліметінше, егер өңір­дегі ауылдарда 345 қоқыс поли­гонын салу үшін 52 млрд теңгедей қаражат қа­­жет көрінеді. Сондықтан, қо­қыс жинау орындарының оң­тайландырылған тип­тік­ жобасын әзірлеу тура­лы­ ұсы­ныс­та­рын тиісті министр­лікке жол­­­дапты.

Қоқыс жинау қашан реттеледі?

Ал экология департаментінің тек­се­ріс­тері барысында ауылдардың ма­ңын­­­да төгуге болмайтын жерлерде үйіліп жатқан 337 қоқыс орны анық­­талды. Бұл жағдайды қалыпқа кел­тіріп, қоршаған ортаны сақтау үшін департамент мамандары тарапынан жергілікті әкімдіктерге ескертулер жіберілді, айыппұлдар салынды. Өйт­кені қалдықтарды залалсыздандыру бойынша жұмыс жүргізілмеген, қоқыс полигондарының шекаралары анықталып, қоршалмаған. Аудандар коммуналдық қалдықтардың бөлек жиналуын, сақталуын, тұрақты түр­де қоқыс аймағына шығарылуын, өңде­луін ұйымдастыруы тиіс.

Қоқысты тасымалдау, сұрыптау, өңдеу үшін инфрақұрылым жүргізілуі қажет. Бұл Экологиялық кодекстің 292-бабында көрсетілген ережеде жа­зыл­ған. Сондықтан алдағы уақытта өңірдегі 10 аудан орталығында, 4 кент пен 31 тірек ауылда арнайы орын­дар салынбақ. Шағын ауылдарда жиналған қоқысты тірек ауылдарға тасы­малдайтын болады. Қоқыс төге­тін орындар жасалған соң оны бизнес ортаға сенімді басқаруға беру жос­парлануда. Мысалы, Тереңкөл ауда­нының орталығындағы тұрмыс­тық қалдықтар жиналатын жер қа­зір кәсіпкер қарауында. Кәсіпкер қалдық­тарды сұрыптап, қайта өңдеу жолын бастады.

Бірақ тұрмыстық қатты қалдық­тарды өңдеу ісін кәсіп көретін кәсіп­кер­лер қатары әлі аз, қоқыстарды сұ­рыптап жинауға тұрғындар да бейім­делер емес.

Ал еліміздегі экологиялық жағ­дай­ды жақсартып, тұрмыстық қал­дық­тарды өңдеу өндірістерін іске қосу үшін қоқысты жинау, шыға­ру және полигондарға жеткізу ереже­леріне биыл өзгерістер енгізілді. Қабылдан­ған экологиялық нормаларға сәйкес, тұрмыс­тық қалдықтар арнайы поли­гон­дарға сұрыпталған күйінде шыға­рылуы тиіс делінеді. Қоқыс полигондары пластмасса, пластик, полиэтилен, қағаз, құрылыс материалдары қалдықтарын қабылдамайды және сақтамайды. Сондықтан облыстағы үш қалада барлығы 200 контейнер орнатылған еді.

Пластиктен жасалған заттар, бө­тел­келер, қақпақтар, қолданыстан шыққан шамдар, батареялар, құрылыс материалдары мен басқа да қоқыстар жеке-жеке жиналуы қажет. Қоқысты қалай болса солай лақтырып үйреніп қал­ған жергілікті тұрғындарға қал­дық­ты сұрыптау мәдениетін үйретуге де уақыт керек болар.

Өткен жылдан бері облыс орта­лығында, Екібастұзда, Ақсуда батареялар мен қолданудан шыққан шамдарды жинауға арналған жеке контейнерлер орнатыла бастады. Кей­бір тұрғын үйлердің аулаларында пластикалық заттарға арналған арнайы жәшіктер қойылуда. Дамыған елдер­дің халқы секілді тұрмыстық қал­дықтарды бөлек, яғни қағазын, плас­тигін, ағашын жеке жинауға дағ­дылану үрдісіне қалыптасу, өзіміз өмір сүріп жатқан айналаның таза бо­луы үшін қажет екенін түсі­неміз. Өйт­кені сұрыпталған қатты қал­дықтарды бөлек жинау дер кезінде жедел қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Қоқыс поли­­­­гондарын салып, қалдықтарды үй­­ген­нен пайда қайсы?

Екібастұз қаласындағы «Полигон» кәсіпорнының директоры Қуандық Өтегеновтің айтуынша, желінің қоқыс өңдеу қуаты жылына 35-тен 50 мың тоннаға дейін жетеді екен. Тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін құрылғыда плас­тик, қағаз және шыны да өңделуде. Өңдеуге жарамайтын­дары пештерде өртеледі. Қала әкімдігі тұрғын үй­лер­ден қоқыс шығару қызметі үшін тарифтерді 5 пайызға азайтуға мүм­кіндік беріп отыр. Қоқысты жеке жинау үшін 200 еуроконтейнер сатып алған. Екібастұздағы екінші бір кәсіпорын «ЭлектроТрансРеелто» ЖШС жарамсыз шамдарды өңдеумен айналысады. Жылдық қуаты – 1 мың дана шам. Әрқайсысының құны 300 мың теңге болатын контейнерлерді өз қаражатына сатып алып, Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы аулаларға орнатып 11 мыңға жуық шам­ жинаған көрінеді. Жиналған ескі шамдарды өңдеп, одан сынап­ алады. Бірақ өкінішке қарай, шам­дар мен батареялар жинауға арналған жәшіктерге тұрғындардың басым­ бөлігі азық-түлік, киім-кешек, құры­лыс қалдықтарын – бәрін сала береді. Бұл қалдықтарды жинауды, оны өңдеу­ді едәуір қиындатады, – дейді кәсіпкерлер.

Ал облыс орталығындағы тұрғын үйлерден жиналған тұрмыстық қал­дықтарды шығару «Спецмашин» ЖШС-на жүктелген. Былтыр се­рік­­­­­тес­тік басшылары жергілікті әкім­діктерге бес жыл бойы өзгермеген қо­қыс шығару тарифін жоғарылату туралы ұсыныс жасады.  Өйткені тұрмыс қалдықтарын сұрыптап жинауға кірісу үшін контейнерлер, тасымал техникалары, жұмысшылардың жұмыс киімдерін қосқанда 1 млрд теңге қа­жет көрінеді. «Спецмашин» ЖШС-ның басшысы Сүйіндік Нұрымовтың айтуын­ша, бүгінде еліміздің Астана, Қостанай, Қарағанды қалаларында қоқысты бөліп тастау бойынша қанатқақты жобалар жүргізілуде. Облыс орталы­ғында да осындай жаңашыл жобаны жүзеге асыру үшін жаңа үлгідегі қоқыс тастайтын контейнерлер мен оны тасымалдайтын жүк көліктері қажет.

Серіктестік аумағында қоқыстарды өңдеу бойынша шағын өндіріс жұмыс істейді. Қытайдан әкелінген арнайы құрал-жабдықтар арқылы ша­ғын өндіріс пластик қалдықтардан жаңа өнім­дерге деген гранулалар, поли­эти­леннен қапшықтар дайын­дап шы­ғаруда. Алдағы уақытта қағаз­дардан дәретхана қағазын шығаратын цех ашып, пластик өнімдерінен жиектас­тар мен жаяу жүргіншілердің жо­лына төсейтін тас тақтайшаларды өндірмек.

Бұл қайта өңделген өнімге деген сұраныстың бар екенін көрсетеді. Жергілікті «ҚазБытхим» кәсіпорны болса пластик ұнтақтарынан химия­лық заттарға арналған ыдыс жасап шы­ғаруда.

– Жалпы, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеу – күрделі өн­діріс. Қоқыс қолмен сұрыпталады, үл­кен жұмыс күші қажет. Яғни, қа­лауын тапсаң қоқыс та кәсіптің бір түрі, – дейді С.Нұрымов.

Қазір өңірде тұрмыстық және өндірі­стік қалдықтарды өңдеуге кіріс­кен 10-ға жуық шағын кәсіпорын бар.

– Өндірістік-тұрмыстық қалдық­тарды өңдеуді заңмен міндеттеу қа­­жет. Экологиялық кодекске осы бағыт­­та тиісті ұсыныс жасалды, – дей­­­­ді экология мамандары. Өйт­кені қоқыс өңдеу зауыт­­тары­ның көбі ашылмай жатып­ жабы­лып қалады. Сондықтан, «Жасыл экономиканы» қолдауға үлес қоспақ кәсіп­­орындарға мемлекет тарапынан суб­­си­дия­лау сияқты қолдау шаралары қажет.

Ал мамандар қала, ауыл іргесіндегі поли­гонның барлығын бір стандарт негізінде салу дұрыс емес деген пікір біл­діреді. Ауыл жанындағы төгілген қоқыста құрылыс материалдары да, тұрмыстық қалдықтар да араласқан күйде жатады. Мысалы, Баянауылда су құбыры салынып жатыр. Ал одан шыққан құрылыс қалдықтарын еріксіз ауыл шетіне апарып лақтырады. Ұқсата білсе құрылыс қалдықтары да қажетке жарар еді.

Қазір өңірде энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылығы бас­­қар­масы қалалар мен ауылдар ма­ңайын қоқыстан тазарту үшін «Қо­қыс картасын» да әзірледі. Яғни, қоқыс үйілген аумаққа бейжай қара­май­тын әр адам сол жерді су­ретке түсіріп алып, басқарманың не­месе әкімдіктердің сайтына жолдауы­ керек. Екіншіден,«Қоқыс картасы» ха­лық­тық бақылау арқылы жұмыс іс­теп, әр ауыл мен қалаға жауапты меке­­мелерді белгілеу жұмыстары жүр­­гі­зілмек.

Жуырда сенбілік өтті. Облыс орта­лығының жастары Ертіс өзенінің арғы жағына көпір арқылы өтіп, қолдарына қап алып, жүгіріп жүріп қоқыс жинады.  «Жасыл ел» облыстық штабының жетек­шісі Роман Краснощековтың ай­туынша, «Қоқыс жинау марафоны» кезінде көргендерін айтуға ұят. Өйткені өзен жағасы қоқыстан көз ашпай жатыр. Қап-қап болып жинал­ған қоқыс «Спецмашин» ЖШС-на жеткізілген.

Иә, экологиялық жағдай, қоршаған орта тазалығы бәрімізді ойландырады. Экология департаментінің мәлі­ме­тінше, өңірде 6 млрд тоннаға жуық өнеркәсіптік қалдық үйіліп тұр...

Қалай болса солай айналаға ша­шып тастай беретін және үйімізден шық­қан тұрмыстық қалдықтарды сұрып­тауды қашан үйренер екенбіз?..

 

 Павлодар облысы