Бір денедегі 16 жарақат
Бейсенбі, 9 мамыр 2013 2:12
Үстіміздегі жылдың 27 ақпанында «Егемен Қазақстан» газетінде жазушы Бауыржан Момышұлының «Андрей – Әділгерей» атты туындысы жарияланды. Ондағы басты кейіпкер – қазақ жауынгері бізге Баукеңнің 1981 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Адам қайраты» кітабындағы шағын әңгімеден де жақсы таныс еді. Ал қаламгер архивінен алынған жоғарыдағы нұсқа ол шығарманың әу бастағы қысқармаған түпнұсқа варианты секілді.
Бейсенбі, 9 мамыр 2013 2:12
Үстіміздегі жылдың 27 ақпанында «Егемен Қазақстан» газетінде жазушы Бауыржан Момышұлының «Андрей – Әділгерей» атты туындысы жарияланды. Ондағы басты кейіпкер – қазақ жауынгері бізге Баукеңнің 1981 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Адам қайраты» кітабындағы шағын әңгімеден де жақсы таныс еді. Ал қаламгер архивінен алынған жоғарыдағы нұсқа ол шығарманың әу бастағы қысқармаған түпнұсқа варианты секілді. Бұл жәдігерді тауып, редакцияға ұсынған Момбек Әбдәкімұлы туындыдағы алғысөзінде оны осылай түсіндіреді.
Әңгіменің жазылуына не себеп болған дейсіздер ғой, құрметті оқырман. Айтайық. Шамасы 1945 жылдың көктемі болуы керек. Прибалтика майданындағы 9-шы дивизияға басшылық етіп жүрген гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы полуторка машинасында келе жатып жол бойынан бір нәрсені көзі шалып қалады. Өтіп бара жатқан жаяу әскерлер ротасы сапының ортасында еңгезердей жауынгер қазақ келеді екен. Гимнастеркасының оң жақ көкірегінде бір қарысқа жуық қызыл белгі бар. Мұндай ерекшелік ол кездері шайқастарда көп жараланғандық пен контузия алғандық ұғымын білдіретін. Сол есіне сап ете түскен комдив көмекшісіне әлгі жауынгермен әңгімелесіп, ол жөніндегі мәліметтерді кешке өзіне баян етуді бұйырады. Сөйтсе, бұл… төрт жылда 16 рет жараланған жаужүрек қандасымыздың бірі екен.
Әңгімедегі біздің назарымызды аударған, әрине, осы ғажап дерек екені анық. Бірақ ойымызды сол сәтте бұдан басқа да бір жәйттің мазалағанын жасырмаймыз. Ол: «Мұндай шығарма кейіпкері өмірде болған адам ба, жоқ әлде қаламгер қиялынан туған жиынтық образ ба?» деген сауал еді. «Олай болуы да, болмауы да мүмкін нәрсе-ау…» дейміз іштей. Осындай ойлармен арпалысып отырып, Атырау өңіріндегі көп жәйттерден хабары бар-ау дейтін үш-төрт әріптесімізге телефон шалдық. Себебі, Баукеңнің «Адам қайраты» әңгімесіндегі басты кейіпкер Әділгерейдің өмірі туралы аталмыш шығармада: «Оның қонысы Ембінің мұнай шыққан жері», деген дерек бар. Ендеше…
– Иә, ондай адам болған, – деді сұрау салған журналистеріміздің ішінен үшінші болып ақжолтай хабар айтқан Құттыгерей Смадияров. – Соғыстан аман-есен келген. Әңгімеде Әділгерей болып суреттелгенімен, Баукең кейіпкерінің өмірдегі шын аты – Әжігерей. Ал фамилиясы – Қалымов. Бұл кісіні анық білетінім, бір-бірімізге жамағайындығымыз бар. Ақсақал 1975 жылы қайтыс болды. Кезінде, яғни 1985 жылы Әжекең жөнінде мен де қалам тартып, ол «Лениншіл жасқа» шыққан. Майдангер жөнінде қазір дұрыс әңгіме айтып беретін бір адам қалды. Ол – оның күйеу баласы Сәрсенбай. Бұл кісі қазір облыс орталығының іргесіндегі Жұмыскер поселкесінде тұрады. Мұнда келсеңіз көп жайды осы Сәрсекеңнен біле аласыз.
– Ой, рахмет! Көп жаса! Өркенің өссін, бауырым!
…Осыдан соң көп ұзамай Атырауға да жол түскен еді. Сөйтіп, енді, міне, Құттыгерейдің жоғарыда айтқан адамы Сәрсенбай Амантаевты іздеп тауып, зейнеткер қартпен әңгімелесіп отырмыз. Ол кісінің айтуына қарағанда Әжігерей Қалымов 1913 жылы бұрынғы Гурьев облысының Нарын құмы етегіндегі Мыңтөбе елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Ыбыраев Қалым ерте қайтыс болады да, анасы Ембі наубайханасындағы ұнды кебектен айыратын елгезерші мамандығын меңгеріп, балаларының нәпақасын содан табады. Балалары дегенде Әжігерей бір кіндіктен үшеу екен. Олар: кейіпкеріміздің өзі және Қырмызы, Жамал есімді қарындастары. Осыларды асырап, ержеткізсем деп жүрген шешесінің бір жағына шығу үшін жасөспірім жеткіншек еңбекке өте ерте араласады. Сөйтіп, соғысқа дейін малшы, балық аулау кемесінде жүкші, жергілікті «Заготскот» мекемесінде жүн-жұрқа жинаушы, Гурьев балық консерві комбинатында моторист болады.
– Қайын атам соғысқа 1941 жылы Бақсай әскери комиссариатының шақыруы арқылы аттаныпты. Бұл қазіргі Исатай ауданы ғой, – деді үй иесі жоғарыдағы әңгімелерді айта келіп. – Ал одан кейінгі өмір жолы, яғни, майдандағы кезі… Ол жазушы Бауыржан Момышұлының «Адам қайраты» әңгімесінде айтылған емес пе. Дегенмен, мына мақаладағы деректерге де назар аударып көрсеңіз. Менің ойымша, мұнда біраз нәрселер дұрыс қамтылған сияқты.
Осылай деген Сәрсекең қолыма облыстық «Атырау» газетінің 2004 жылғы 15 мамырдағы нөмірін ұстатты. Басылымды парақтап қарай бастадым. Оның 10-шы бетіне келгенімде «Бауыржанды таңғалдырған Әжігерей» деген мақалаға көзім түсті. Авторы – журналист Шөпенғали Дәуенұлы. Мақала иесінің кезінде осы дүниесін республикалық газеттерге неге бермегенін білмеймін, өз басым оны оқып отырып: «Айтары жоқ, мұндағы келтірген деректер өте құнды», – деген тоқтамға келдім. Олай дейтінім, біріншіден, автор күрмеуі көп күрделі тағдыр иесі Әжігерей Қалымовпен 1970 жылы маусым айында Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» газеті редакциясында кездесіп, жүзбе-жүз сөйлескен. Бұл – анық факт. Екіншіден, Баукең әңгімесінде Әділгерей – Әжігерейдің Прибалтика майданындағы 9-шы дивизияға келгенге дейінгі қай әскери құрамаларда болғандығы, сондай-ақ қай жерлерде шайқасып, қандай жағдайларда жараланғандығы жөнінде әдеби көркем шығармаға қойылатын жанр талабына сәйкес оларды қамту қажет деп табылмаса, ал нақтылықты нысана еткен мына газет мақаласында солардың бәрі, яғни өмірлік фактілердің дені майдангердің өз сөзімен баяндалып, дәйекті деректермен түйінделіп отырылған. Үшінші, Әжігерей Қалымовтың өмірбаянына жаңа бет болып қосылар бір жайт, оның 1941-1945 жылдар аралығында алған наградалары жөніндегі деректің де бар екендігі.
«…Жорық жолдарым Мәскеу түбіндегі атышулы шайқастан басталды, – депті майдангер аға журналист Шөпенғали Дәуенұлымен кездескенде. – 19801-ші полк құрамында 1941 жылғы 5 желтоқсанда әскери ант қабылдадым да, автоматшы болып, 11 желтоқсанда ұрысқа кірдім. Екі тәулік қорғаныста болып, үшінші тәулікте қарсы шабуылға шықтық. Сол от кешуде мен басымнан және оң аяғымнан жараланып, санитарлық бөлімге түстім.
…Тағы бір ауыр шайқас 1942 жылдың күзінде Дондағы Калач маңында болды. Онда мен Оңтүстік-Батыс майданы әскерлерінің қатарында едім. Калач үшін шайқаста дұшпанның үш танкісін граната лақтырып өртедім. Жау әскерімен жекпе-жек келіп, қолдасып соғысқан сәттерім де болды. Сталинград майданының жеңіспен аяқталуына да аз да болса үлесімізді қостық. Сол жолы қатты жарадар болдым. Бірақ, түбі қайыр, қатардан қалғаным жоқ. Майдан батысқа қарай ілгерілей берді. Сондағы өзім қатысқан Орша түбіндегі шайқас, Прибалтика мен Польшаны азат ету ұрыстары аса қиын жағдайда өтті. Ақырында Ұлы Жеңіс күніне де жеттік қой!..»
Міне, Әжігерей Қалымовтың Ұлы Отан соғысындағы төрт жылдық өмірінің кейбір көріністері осындай. Бұған Баукең әңгімесінде келтірген бір дерек: «Ережеп (Ржев – ред.) қаласы түбіндегі оборонада тұрғанда», – дейтін Әкімгерей – Әжігерейдің өз сөзін қоссақ, кейіпкеріміздің қандай отты нүктелерде болғандығы одан әрі қомақтылана түседі.
Ал енді: «Оның соғыстағы алған жарақаттары қандай? Олар құжаттармен дәлелденген бе?» – деген сауалға келейік. Бұл үшін алдымен өзіміз білетін «Адам қайраты» әңгімесінен шағын үзінді келтіріп барып, содан соң оны жоғарыда аталған «Атырау» газетіндегі фактімен салыстыралық. «Диву даешься, товарищ полковник, – деп бастады әңгімесін начсандив. – Насколько уживчив и живуч бывает человек. Оның барлық документтерін тексердік, өзін рентгенге де салып көрдік. Денесінде бір оқ, бір осколок бар екен». «Оларды алуға болмай ма?». «Алуға неге болмасын, бірақ та ол үшін оның қоң еттерін пышақты төрт-бес елі бойлата кесу керек… Әлдеқашан бітіп кеткен жараларға тиюдің керегі де болмас». «Одан кейін ше?». «Балтыр сүйектері екі рет жарақаттанған екен. Оларға кезінде дұрыс операция істелгенге ұқсайды… Бір бүйрегін де алып тастапты.». «Бүйрексіз адам қалай…». «Бір бүйрегі бар адам кәдімгідей-ақ өмір сүре береді. Сыңар бүйрегі таза көрінеді, ол жағын да ескердік… Өкпесіне оқ тигенде операция істеу үшін екі оң сүбе қабырғасын алып тастаған екен… Ішінен оқ тигенде ішектерін де кескілеген. Қалғандары жеңіл-желпі жаралар. Оларға справкалары бар».
Баукең әңгімесіндегі басты кейіпкер Әкімгерейге қатысты деректер осылай десе, ал оның өмірдегі прототипі Әжіғали Қалымовпен 1970 жылы жүздескен облыстық газеттің қызметкері: «Майдангер қарттың соғыста қай күні қандай жарақат алғанын дәлелдейтін анықтамалары бар. Сол жолы оны да көрсетті», – дейді. Сөйтеді де: «Жарақат алған кездері», – деп «Қызыл Армия жауынгерінің жеке кітапшасы» мен соғыс жылдарындағы әр кездері берілген анықтамалардағы деректерді төмендегіше тізеді. «14.ХІІ.41; 15.V.42; 20.VІІІ.42; 25.ІХ.42; 29.ХІІ.42; 4.VІ.43; 25.ХІІ.43; 20.VІІ.44; 4.VІІІ.44; 22.ІХ.44; 19.Х.44; 5.ІІ.45». Мұндағы нақты көрсетілгені – 12. Оған 2 ауыр контузияны қосыңыз. Мұның сыртында «Адам қайраты» әңгімесі үзіндісінде айтылған қоң етке бойлай кіріп, әлдеқашан бітіп кеткен «1 оқ пен 1 снаряд жарықшағы» тағы бар.
Сөз ретіне қарай айта кетейік, Әжігерей Қалымовтың майдан даласындағы осындай жансебілдігі еленбей қалмаған. «Жеке басының жаужүректігіне байланысты екі мәрте жауынгерлік Қызыл Ту, І дәрежелі «Отан соғысы», ІІІ дәрежелі Даңқ ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» медальдарымен марапатталған», – деген дерек келтіреді Шөпенғали Дәуенұлы өз мақаласында.
Ал кейіпкеріміздің соғыстан кейінгі өмірі ше? Иә, майдангердің бейбіт кезеңдегі жағдайы қалай болған? Енді осы жөнінде сөз қозғайық.
– Баукең шығармасының бір жерінде мынадай диалог бар ғой, – деді манадан бері менің ойымды бұзғысы келмеген Сәрсенбай қария қайтадан әңгімеге араласып. – Ол: «Өзім кеш үйленгендердің бірі едім. Қатыным бір жұмыскердің қызы болатын. Мен әскерге кеткенде аяғы ауырлап қалып еді». «Аман-есен босанған шығар?» «Қайдам… Өзім шалоннан (эшелоннан) түскелі бері бір шасқа (частьқа) тұрақтай алмағандықтан, қайта-қайта болобой (полевой) поштамыз өзгеріп, үйге хат та жаза алмадым… Кім білсін, бір нәресте туған шығар… Егер аман-есен босанса.., әлде ұл тапты ма екен, әлде қыз тапты ма екен? – деп ойлаймын да жүремін», – деген үзінді. Міне, сондағы: «Егер аман-есен босанса…, әлде ұл тапты ма екен, әлде қыз тапты ма екен», – деп Әділгерей – Әжігерейдің алаңдағаны, ол кісі соғысқа кеткенде іште қалып, 1942 жылдың қаңтарында туған Гүлфия атты апаларың болатын. Әжекең 1945 жылы майданнан елге оралғанда зайыбының дүниеден қайтқанын естиді. Үш жасар қызы детдомға өтіп кеткен екен. Жалғыз перзентін жарғақ құлағы жастыққа тимей іздеп жүріп, оны балалар үйінен 1949 жылы әзер тауып алады. Сөйтеді де тұла бойы тұңғышын қарындасы Қырмызының қолына тәрбиелеуге береді. Өзі әр жерде әртүрлі жұмыстар істеп, Мәки есімді сауыншы әйелге үйленеді де, Махамбет ауданындағы Чкалов совхозына түпкілікті орнығады.
– Әжекеңнің қызы Гүлфия апаларыңмен мен 1962 жылы танысып, отбасын құрдым, – деп жалғады әңгімесін одан әрі үй иесі. – Зайыбым Гурьев балық консерві комбинатында еңбек етті. Мен құрылысшы болдым. 6 бала тәрбиелеп өсірдік. Қосағым қайтыс болғалы бері кенже ұлымның қолында тұрып келе жатқан жайым бар.
– Енді сіз мынаны айтыңызшы, Сәрсеке. Майдангер Әжігерей Қалымов өмірде қандай адам болып еді? Бейбіт кезеңдегі ғұмырында немен шұғылданды? Күйеу баласы болған соң, өзіңізді жақын тартып, шешіліп бір сөйлеген кездері болды ма? Болса, сондай сәттерде не айтқанын еске түсіріп көрсеңіз…
– Әжекең Баукеңнің әңгімесінде суреттелгендей алып денелі, бойы ұзын, тұйық мінезді кісі-тін. Гүлфиядан басқа перзенті жоқ еді. Малшы болды. Зейнетке шығарының алдында астындағы жалғыз атымен ауылдық поштаның хат-хабарын тасыды. Ақбоз аты өте ақылды жануар еді. 70-ші жылдардың басында иесінің қартайғанын біліп, жүріс-тұрысы қиындаған қарияның үзеңгіге аяқ салуын жеңілдету үшін не алдыңғы екі тізесін бүгіп, не бүйірлеп жатып, иесін ер үстіне оп-оңай қондырып алатын.
Ақсақалдың ара-тұра әңгіме айтқандағы бір есімде қалған жайт: «Баукеңді көрсем!» – деген арман еді. Бірде радиодан: «Алматыдан Әбу Сәрсенбаев бастаған ақын-жазушылар тобы Гурьев облысына келді. Астаналық қонақтарды Жазушылар одағының осындағы бөлімше жетекшісі, драматург Берік Қорқытов бастап алып жүр» деген хабарды естіп: «Олардың арасында Бауыржан Момышұлы жоқ па, екен?» деп бізден қайта-қайта сұрағаны бар. Кейін білдік қой, жарықтықтың сонда не ойлағанын. Сөйтсек, ол: «Батыр жоғарыдағыдай творчестволық бригада құрамында осында келіп жатса, іздеп барып амандасып, ақбоз атымды қонақтың алдына көлденең тартып мінгізіп жіберсем» деген ішкі бір игі ниеті екен. Бірақ бұл ой орындалмады. Қария қайтыс болғанда сол ат атамыздың асына сойылды.
– Майдангер қайда жерленіп еді? Басы қарайтылған ба?
– 1975 жылы жазда өмірден өтті ғой. Зираты Сарайшық маңындағы Қарабай қорымында. 1913 жылы туғанын жоғарыда айттым. Бұл биыл атамыздың 100 жылдығы деген сөз. 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында балаларымды ертіп алып, зиратының басына құран оқып қайтсам ба деп отырмын. Біз сияқты зейнеткер қарт адамның қолынан бұдан басқа не келеді. Мұсылмандық парыз ғой…
…Сәрсенбай ақсақалмен әңгімелесіп болып, қайыр қош айтысқан соң, облыстық тарихи-өлкетану музейіне кіріп шығуды ұйғардым. Ойым: «Майдангер Әжіғали Қалымов туралы тағы бір тың деректер табылып қала ма?» деген үміт болатын. Өкінішке қарай, ештеңе жоқ болып шықты. Біздіңше қияметтің қылкөпірі дерлік сында 16 рет жараланса да қыңқ демеген, бейбіт өмірде де көп қиындықтар көріп, оған еш мойымаған кең қолтық қазақ шалының суреті мұндағы «Ұлы Отан соғысы» деп аталатын стендтегі самсаған ардагерлердің ортасынан ойып тұрып-ақ орын алатын адам сияқты. Бірақ ескерусіз, ұмыт қалғанын көрмейсіз бе?
Ертесінде Атыраудан елең-алаңда әуеге көтерілген ұшақ ішінде отырып, мен міне, осыны ойладым.
Жанболат ӘЛИХАНҰЛЫ (Аупбаев),
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.