Аймақтар • 24 Мамыр, 2019

Журналистің бойтұмары – идеялары

926 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сәрсенбі күні Алматыда басталған XVI Еуразиялық медиа-форум кеше ресми әрі салтанатты түрде ашылып, жұмысын жалғастырды. «Бүгінгі әлем: шынайылық трансформациясы?» тақырыбына ар­налған халықаралық жиынға Пар­ламент Сенатының Төрағасы форумның негізін салушы Дариға Назарбаева қатысты. Сонымен қатар форумға Армения Президенті Армен Саркисян келді.

Журналистің бойтұмары – идеялары
Шара шымылдығы Қазақстан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құт­тықтау сөзімен ашылды, ресми хатты Ақ­парат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев оқып берді. 

«Бұл форум – халықаралық, аймақтық деңгейдегі қордаланған мәселелердің мәні мен мазмұнына үңіліп, себебі мен салдарын анықтауға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Еуразия қоғамы үшін өмірлік маңызы зор ауқымды шараға айналды. Биылғы форумның негізгі тақырыбы – цифрлы дәуірдің дәурені мен бүгінгі әлемдегі ақиқат транс­фор­мациясы. Халықтың аталған кезең­нің сын-қатерлеріне қарсы тұратын им­мунитетін қалыптастыру қажет, бұл – күн тәртібіндегі аса өзекті мәселе. Бүгінгі шараның әлемдік медиа қауымдастықтан жиналған қатысушылары 7500-ден асты, оның ішінде 60-тан астам мемлекеттен 700-ге жуық сарапшы келді», делінген Президенттің құттықтау хатында.

«Смартфонның көмегімен референдум өткізетін күнге жеттік»

Форумның ресми бөлігі бүгінгі аса өзекті мәселелерді қамтитын мәжіліс­терге бөлінген. Бірінші пікірталқы «Жаһан­­дану(сыз): әлем дамудың жаңа үл­гі­лерін іздейді» тақырыбы төңіре­гін­де өрбіді. Модератор – TRT World теле­ар­­насының жүргізушісі Гида Фахри (АҚШ). Модератор өз сөзін қазі­ргі уақыт­­та саяси және экономи­ка­­лық күш­тер ара­сал­мағындағы түбе­гей­лі өзгеріс­тер­дің куәсі болып отырғаны­мыздан баста­­ды. Әлемдік экономикадағы көп­жыл­­дық жаһандану үрдісінде «кері қозға­лыс» байқалатынын айтқан маман «Жаһан­дық дағдарыс жағдайында қандай мүмкіндік­тер пайда болады?» деген сауал тастады.

Бірінші болып сөз кезегін алған құр­метті мейман, Армения Президенті Армен Саркисян алдымен халықаралық фо­рум­ның маңыздылығына тоқтала келе: «Бұл алаң, осынау институт тек жур­­на­­листік кеңістікке ғана емес, тұтас Еура­зия­лық өркениет тарихына ай­шық­ты із қал­дыр­ғаны жасырын емес. Еуразия туралы айтқанда Қазақстанды айтпай кету мүм­кін емес. Осы мемлеке­тте ғаламдық эко­но­миканың ынтымақ­тас­тық идеялары дүниеге келді. Қазақ­стан ұлттар арасын­дағы алтын көпірге айналып отыр», деді. 

Әлемдегі кері қозғалыс тек дамушы елдерде ғана болып отырған жоқ. Бұл – ғаламға тән заңды құбылыс. Сарапшыларды осынау өзгерістердің себебіне үңілуге шақырған TRT World телеарнасының жүргізушісі Гида Фахри тараптарға мәдениет арқылы жақындасу жолдары тұрғысында сауал тастады. 

Армен Саркисян өз сөзінде кері қозғалыс деген пікірмен мүлде келіспей­тінін, жаһандану одан әрі тоқтаусыз дами беретінін айтты. «Әлеуметтік желілер дәстүрлі медианы алмастыра ала ма? Түбегейлі алмастыра алмайды, меніңше ол екеуі түбінде бірігеді. Ал түрлі ғаламтор желілері адамдардың өзара қарым-қатынасына, түсінісуіне оңтайлы мүмкіндік туғызады. Десе де бізді оның жағымсыз әсерлері де шарпып жатқанын мойындауымыз керек. Бастысы – БАҚ құндылықтарынан, қо­ғам­дық құндылықтардан, ұлттық ерек­ше­ліктерден ажырап қалмауға күш салу­ға тиіспіз», деді Армения басшысы.

 «Ақпарат ағынындағы Қытайға қарсы жиі айтылатын пікірлерге не дейсіз?» деген сауалға Бүкілқытайлық Халық Өкілдері Жиналысы Халықаралық қаты­нас­тар жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Байге Жао: «Қытай өндіріс­тегі өрісін өрге оздыра бермек. Біздің ұста­ны­мымыз – еңбек және еңбек. Осын­дай қауырт еңбек бізге жаңсақ ойға баруға жол бермейді. Жаңа жаһандану деген нені білдіреді? Бүкіл әлем өзгеруі керек. Өзгеру жеке отбасынан басталады. Технологиялар дәуірінің ұшы-қиыры жоқ. Дамудың жаңа тәсілдерін табуға талпына беруіміз қажет», деп қысқа қайырды.

Дәстүрлі БАҚ пен әлеуметтік желілердің бәсекесі немен аяқталады?

Медиа-форумға қатысушыларға бүгінгі дәстүрлі басылымдар мен әлеуметтік желілердің бәсекесі төңіре­гін­дегі сауалдар қызықты болды. Спикерлер бірауыздан бұл қос таған болашақта бір арнаға бірігетіні туралы айтты. Ұлыбританияның Еуропалық одақтағы тұрақты өкілі, Премьер-ми­нистр­дің ЕО жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Айвэн Роджерс: «Әлеуметтік желілерді бір тәртіпке салып, реттеп отыру, яки болмаса оның бүгінгі қар­қынды дамуына тосқауыл қою мүмкін емес, бірақ оны үнқатысу алаңы ретінде пайдалануға болады», деді. 

Алғашқы басқосуда бүгінгі медиа тек журналистикаға қатысты ұғым еместігі сөз етілді, жаңа медиа біздің өмі­ріміздің бір бөлшегіне айналып отыр­ғанын, ол бүгінгі тіршілікті түбегейлі өзгертуге ықпалы бар екенін айтады мамандар. Виртуалды ақиқаттың тіпті экономикаға, саясатқа, әлеумет пен мәдениетке әсер етуші күші бар. Бұл орайда Армен Саркисян «Медиа – ауқымды виртуалды әлем және оның шынайы өмірімізге ықпалы орасан. Біздің ғаламдық құндылықтарымыз бұл құ­былысқа орай өзгеруде, бүгінде смарт­фонның көмегімен референдум өткізетін күнге жеттік», деді. 

Еліміздің басқа елдермен экономи­калық байланыстары күн өткен сайын дамып келе жатқанын, Қазақстан тарапы кез келген ғаламдық проблеманы әріптестерімен бірлесе талқылауға да­йын екенін жеткізген Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев та өз кезегінде тақырыпқа орай ой-пікірін ортаға салды.

Эстонияның экс-президенті Томас Хендрик Ильвес смартфондар пайда болған уақыттан бастап ғаламторды тұтынуға деген сұраныстың артқанын айтып, бұл толқынға тосқауыл қою мүмкін еместігімен келісті. Өйткені әлемнің әр төртінші тұрғынында телефон бар. Десек те, сапалы контент ұсынуда дәстүрлі БАҚ үлкен басымдыққа ие екенін жеткізді. «Дәстүрлі БАҚ тарататын ақпараттың 90-95 пайызы шындыққа жанасады, өйткені онда жауапты тұлғалар болады. Бұлар жаңа технологияны меңгеруге жұмыс істеуі керек. Ал әлеуметтік желілер сапалы контент қалыптастыруға ұмтылуы тиіс. Әйтпесе, онда тек хаос. Сонда ғана екі ақпарат таратушының арасында сыйластық туады», деді маман. 

Әлемде 800 млн адам аштыққа ұшыраған

Жер бетіндегі халық саны тоқтаусыз өсіп жатыр. Дамыған және кедей елдердің табысындағы алшақтық тереңдеп барады. Энергетикалық дағдарыс орын ала бастады. Көп елдердің үкіметтері «жасыл энергетиканы» дамыту жолдарын іздеуге кірісті. Жасыратыны жоқ, энергетикалық ресурстардың азаюына қоса, азық-түлік тапшылығы да әлем ел­дерін алаңдатып отырған түйткілді тү­йін­нің бірі. Осыған орай, АҚШ-та­ғы «Bloomberg» ақпарат агенттігінің аймақ­тық директоры Тодд Баер тараптарды азық-түлікті қаншалықты тиімді тұтынып жатырмыз? Адамзат алдында тұрған күрделі мәселелерді шешу үшін қандай технологияларды дамыту керек деген сауалдарды ашық талқылауға шақырды.

Тамақ қалдықтары және тұрақты даму жөніндегі халықаралық сарапшы Стивен Финн: «Тұтыну дағдарысы туралы айтқанда, өндірісті айтпай кете алмаймыз. Бүгін әлемде 800 миллион адам аштыққа ұшырап отыр. Көп жерде су тапшылығы байқалуда. Мысал ретінде айтар болсақ, осыдан 70 жыл бұрын АҚШ азық-түлікті үнемдеуге аса жауапкершілікпен қарайтын. Қазір мүлде олай емес, жаппай ысырапшылдыққа жол берілді. Желінбеген тағамдар қалдыққа тасталады. Бұл экологияға да кері ықпалын тигізуде. Энергетика дағдарысы мен азық-түлік тапшылығы – бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын мәселелер. Біз тұтынуды өзгерту үшін тосын қадамдарға баруымыз керек. Ресми дерек бойынша шектен тыс тамақтану әлем жұртшылығының өмір жасын айтарлықтай қысқартып отыр. Энергияны шектен тыс қолдану да дәл осындай қайшылықтарға әкеліп соқтырады. Бәрінің өз теңгерімі болуы тиіс», деді. 

Бүгінгі журналистика кәсіби мамандарға зәру

«Доха дебаттары» телебағдарламасы­ның басқарушы директоры Амджад Аталлах (АҚШ-Қатар) жүргізген «Бұқара­лық медиадағы цифрлы жүйе: сын-қатерге төтеп бере аламыз ба?» тақы­ры­бын­дағы мәжілісте бүгінгі медиа тек журналистикаға қатысты ұғым емес­тігі сөз етілді, жаңа медиа біз­дің өмі­рі­­міздің бір бөлшегіне айна­лып отыр, ол бүгінгі тіршілікті түбе­гей­лі өз­гер­туге ықпалы бар, дейді маман­­дар. Вир­­туалды ақиқаттың тіпті эконо­ми­каға, саясатқа, әлеумет пен мәде­ниет­ке әсері орасан делінді. Қазіргі уа­қытта бір ғана смартфонның көмегімен ре­фе­рендум өткізетін күнге жетіп отыр­ғанымыз рас. Осы тұста медиа-форумға қатысушыларға бүгінгі дәстүрлі басылымдар мен әлеуметтік желілердің бәсекесі төңірегіндегі сауалдар қызықты болды. Спикерлердің бұл тұрғыдағы пікірі екіге жарылды. Бірі бүгінгі журналистиканы бәсекеге қабілетсіз десе, келесілері дәстүрлі БАҚ ақпарат жет­кізудегі жеделдігінен ажырап қалғаны болмаса, ағартушылық функциясында еш ұтылмағанын жеткізді. 

«Дәстүрлі медианың дәуірі бітті, бұл деректі қабылдауымыз қажет», деді сая­си журналист Михаил Зыгарь. Бұған келіспейтін сарапшылар сапалы контент ұсынуда дәстүрлі БАҚ үлкен басымдыққа ие екенін жеткізді. Ал әлеуметтік желі­лер сапалы контент қалыптастыруға ұм­ты­луы тиіс. Осы орайда Лондон қала­лық университетіндегі халықаралық жур­н­а­листика лекторы, Әдеп журналист­ика­сы желісі кеңесінің мүшесі Захера Харб (Ливан – Ұлыбритания): «Әлеуметтік желі­лер­де таратылатын ақпарат ағыны­ның барлығы дерлік дәйексіз, негізсіз, кей жағдайда жалған екенін көзбен көріп жүрміз. Бұл сауатты журналистиканың сапасына деген сенімді жояды. Журна­листерге деген жаңа сын-қатер осы болса керек», деп атап өтті. 

Дәстүрлі БАҚ-тың жаңа медиамен бәсекелесе алмайтынымен келісетін тағы бір спикер – колумнист, продюсер, жур­налист Иво Бурум (Аустралия): «Ұялы телефон – цифрлы да сиқырлы қалам. Бүгінгі журналистің басты мін­деті – цифрлы дәуірдің үнін ұғып, соның тілінде жазу», деді. 

XVI Еуразиялық медиа-форум жұмысы жұма күні мәресіне жетеді. 

Айнаш ЕСАЛИ,

Арман ОКТЯБРЬ,

АЛМАТЫ