Экология • 28 Мамыр, 2019

Ағашты еге жүріп, кесетін жұртпыз...

1607 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Көктем шыға ел аймақтарында әлсін-әлсін орман өрті болғаны жайлы хабар естіліп қалады. Ал қалаларда азаматтардың ағаш егіп жатқаны жайлы ақпараттар құлаққа жетіп жатады. Бірі жағымсыз, бірі көңіл сергітеді. Бұл жайт біздің экологияға қатысты ұстанымдағы қайшылықтардың көрінісі тәрізді.

Ағашты еге жүріп,  кесетін жұртпыз...

Жер аяғы кеңігеннен кейін дала мен ор­манды алқаптарда ара-тұра өрт шығып жата­тыны жайлы хабарларға етіміз үй­реніп кеткен сияқты. Тым алаңдай қой­май­мыз. Өкінішке қарай, жыл басынан бері Қазақстанның орманды алқаптарында 124 өрт тіркеліпті. Қызыл жалын шарпыған жерлердің жалпы аумағы 3 мың 634 гектардан асқан. Соның ішінде 852 гектар жердің орманы өртенді, өрт шарпыған, бірақ тікелей орманның өзі емес, оған жақын алаңқайлар көлемі 1684 гектар болса, орманды алқап болып саналғанымен, ағашы сирек 1950 гектар жер өртеніпті. Сонымен қатар 26,11 гектар жерде ағаштардың басын өрт шалған. Соның салдарынан 21 млн 924 мың теңгеден астам зиян келіпті. Егер осы өрттің кімнің иелігіндегі аймақтарда көбірек тіркелгеніне келер болсақ, сөз басында айтқан 124 өрттің 83-і жергілікті атқарушы органдар мен өзге де орман-тоғайға иелік ететін мекемелердің қа­рауын­дағы алқаптарда тіркеліпті. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруа­шылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты алқаптарда болған өрт саны – 41. 

Әрине, «орман мен дала өртеніпті» десе тым қатты елеңдей қоймаймыз. Себебі біз үшін ең өзекті дүние әлеуметтік жағдайға қатысты болып тұрғандықтан, қоршаған ортаның тазалығы, табиғатты қорғау деген мә­се­лелер өзектілігі жағынан төртінші, бесін­ші орында қалатын шығар. Алайда, эколо­гиялық мәдениетті қалыптастыру, қор­ша­­ған ортаны қорғау мәселесі өте маңызды. Өйткені таза табиғат болмаса, қуатты экономика мен бақуатты тіршіліктің де құны қалмайды. Оған көрші Қытай мемлекетінде болып жататын оқиғалар куә. Мәселен, Бейжің қаласын кейде қалың тұман, ыс басатыны сонша, адамдар тұншығып, дерті асқынып, көшеге шыққандар аузы-басын тұмшалап алатынын, кейбіреулердің өліп те кететінін естіп-біліп жүрміз. Яғни, әлемнің аса қуатты елдерінің бірі табиғатты аяламай, әбден тоздырғаны сонша, жыл сайын ластанған ауа мен суды тазалау үшін миллиардтаған юань қаржы бөліп жатыр. Егер күні ертең, біз де сондай күй кешкіміз кел­месе, қоршаған ортаға қазірден бас­тап көңіл бөлмек керек. Әңгіменің әлқис­сасын орман өртіне байланыс­ты бас­тағанымыздың сыры осында. Ал Қазақ­станда экологиялық мәселелер шаш-етектен.

Былтыр Жамбыл жерінде орман көп өртенді

Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспа­сөз хатшысы Сәкен Ділдахметпен сөйлес­ке­німізде аталған мекеменің ор­ман өрттерінің алдын алу үшін барын салып жатқанын айтқан-ды. Алайда, бәрібір орман мен дала өрті азаймай тұрса керек. Былтыр ел бойынша мемлекеттік орман қоры аумағына кіретін 162,6 мың гектар жер өртеніпті. Соның ішінде 120,9 мың гектар орманды алқапта 358 рет өрт шығыпты. Осы өрттің салдарынан мемлекетке 209,6 млн теңгенің зияны тиіпті. Жалпы 2015-2018 жылдар аралығында елде мемлекеттің орман қоры аумағына кіретін 226 мың 835 гектар жер өртенді. Соның ішінде 54 мың 822 гектар жердің ағашы өртеніп кеткен. Жалпы, соңғы үш жылда орман өртінің саны 1703-ке жетіпті. Ал мемле­кетке келген шығын 380 млн 821 мың теңге екен. Аз көрсеткіш емес. Өкінішке қарай, былтыр ең көп өрт шыққан аймақ – Жам­был облысы. 2018 жылы Жамбыл облысында мемлекеттік орман қоры және ерекше қорғалатын табиғи аумақ­тарда жалпы көлемі 146 мың 461 гек­тар болатын аумақ өртенген. Шыққан өрттің саны – 39. Бұл дегеніңіз елдегі жалпы орман өртінің 90 пайызын құрайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы мәселеге бай­ланысты арнайы тексеру жүргізіп, облыс­та тіркелген өрттің дер кезінде сөнді­ріл­меуінің себебін анықтады. Тексеру нәтижесіне қарағанда облыстағы орман күзеті қызметкерлерінің техникамен және арнайы құралдармен жабдықталуы нашар екені анықталған. Сонымен қатар өрт сөндіру кезінде түрлі мекемелер үйлесімді жұмыс істей алмайтыны, қажетті көмек дер кезінде келмейтіні белгілі болған. Дала өрттерінің мемлекеттің орман қоры аума­ғы­на өтіп кетуі де облысты орман өрті көлемі жағы­нан антирекордтық деңгейге жеткізсе керек. 

Өкініштісі, орман өртінің шығуына өзі­міз де себепші болып жатамыз. Мәселен, дала­дағы ескі шөпті өртеп, көктемде жаңа шал­­ғынның пайда болғанын қалаймыз. Алай­­да, бұл тәсіл өте қауіпті. Орман өртіне осы даладағы шөпті өртеу де көп жағ­дай­да себепші болатыны бар. Ғалымдар 1 гектар жерді өртегенде бөлінетін зиянды қал­дықтар 6 мың көліктен шығатын улы газ­дан да қауіпті екенін анықтапты. Әрі даланы өртеп жібергенде жануарлар үшін өте пайдалы бірқатар өсімдіктер де құрып кетуі мүмкін екен. Сондықтан бұқараның абай болғаны керек. Әйтпесе, опық жеп қал­уы­мыз мүмкін. Өткен сәуір айында Ресейдің Забайкалье өлкесінде орман және дала өрті 14 елді мекеннен 100-ге жуық үй мен 68 шаруа­шылықтың, 3,2 мың бас малдың өрте­ніп кетуіне себеп болған. Бұл оқиға бізге сабақ болса керек-ті. 

Біз ағаш егеміз...

Қазақ халқында «атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген мақал бар. Әрине, бұл мақалдың шығу төркіні де бертіндегі заман­ға тән дегенді алға тартатындар бар. Алайда, мәселе мақалда емес, біздің әрекетте. Өйт­ке­ні ағаш егудің пайдалы екенін еңбектеген бала­дан, еңкейге кәріге дейін біледі. 2013 жылдан бері елімізде «Бүкіл­қаз­ақ­стандық көшет отырғызу» акциясы өтіп келеді. Жыл сайын бұл шараға 500 мыңға жуық адам қатысады. Акция барысында 1,5 млн көшет отырғызу көзделген. Өйт­кені біздің елдегі орман-тоғайдың үлесі көп емес. Ел аумағының шамамен 4,5-5 пайызын ғана орман-тоғайлы алқап­тар алып жатыр. Білетіндер елдегі мем­лекеттік орман қоры аумағының жал­пы көлемі 30 млн гектар деседі. Сол орман-тоғайдың 24,6 пайызына немесе 7,3 гек­тарына Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің қарауындағы 32 ведомстволық бағынысты ұйым бас-көз болады. Облыс әкімдіктерінің қарауындағы 120 орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесі 22 млн гектар алаң немесе мемле­кет­тік орман қоры жалпы алаңының 75,4 пайызын бақылайды. Қазіргі кезде орманды алқаптардың көлемін ұлғайту үшін әрекет етіп жатырмыз. 2011 жылы БҰҰ-ның бас­тамасымен Германияның Бонн қаласында өткен халықаралық жиында біз 2030 жылға қарай елдегі орманды алқаптар көлемін тағы 1,5 млн гектарға арттыруға уәде бергенбіз. Сөйтіп әлем елдерінің 2030 жылға қарай 350 млн гектар құнарсызданған және ағашы оталған алқаптарды қалпына келтіру бас­тамасына қосылғанбыз. Ал Нұр-Сұлтан қаласы төңірегін көгалдандырып, ағаш егу жұмыстарын 1997 жылы бастадық. Сөйтіп 22 жылда 87,2 мың гектар жерге ағаш егіппіз. Бірақ 2015-2018 жылдар аралығында 54 мың гектардан астам жердің ағашы өртеніп кеткен. Бір қолымызбен істеген ісімізді, екінші қолымызбен бүлдіріп отырғанымызды тұспалдап болса да айтып отырғанымыздың сыры осында. 

Сонымен қатар ағаш егуде де «екінші сұрып» мәселесі байқалып қалатын сияқты. Сөз арасында атап өткеніміздей, елорда төңі­­регінде орманды алқаптарды қалып­тас­тыру 1997 жылы басталды. Алай­да, мұндай жоба өзге өңірлердің бірде-біреуінде жоқ. Арқа төсіндегі Қара­ған­ды­ның да, Жезқазғанның да, Ақтөбенің де, Павлодардың да, түстіктегі Түркістан мен Қызылорданың да төңірегі жайқалған орман­ға айналса артық болмас еді. Бірақ мұн­дай үлгідегі жобаларды жиырма жылға жуық уақыт кеш бастап жатырмыз. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің деректеріне сенсек, Қарағанды мен Көкшетаудың айналасына «жасыл аймақ» қалыптастыру жобасы даяр екен. Мұн­дай жобаларды Ақтөбе, Қызылорда мен Түркістан қалаларының маңайында жүзеге асыруға бағытталған жоспарларды әзір­леу енді басталыпты. Өзге облыстар жайлы дерек жоқ. Демек, өзге аймақтарда көгалдандыру мәселесін «ұмытып» кеткен тәріздіміз. 

Негізі ірі қалалардың төңірегін көгал­дан­ды­ру қоршаған ортаға ғана емес, халықтың әлеуметтік жағдайына да жақсы ықпал ететін шаруа. Елорда төңірегінде «Жасыл аймақ» жобасына қаладан радиусы 70-90 шақырымға дейінгі қашықтықта орналасқан ауыл­дардың тұрғындары қатысқан. Ақмола облысының Аршалы, Целиноград, Шор­тан­ды аудандарына қарасты көптеген ауыл­ тұрғындары жыл сайын ағаш егу жұ­мысына қатысып, табыс тауып жүр. Сөй­тіп астанамыздың айналасындағы «жа­сыл аймақ» маусымдық табыс көзіне айнал­ған. Сондықтан мұндай жобалардың бар­лық облыс орталықтарының төңірегінде жүзеге асырылғаны артықтық етпес еді. Африка елдері 2008 жылдан бастап Сахара шөлінің оңтүстігінде «Ұлы жасыл қорған» жобасын жүзеге асырып жатқанын, сөйтіп ені 15 шақырым, ұзындығы 7775 шақырым болатын орманды алқап қалыптастыру ісіне кіріскенін ескерсек, біздегі облыс орта­лық­та­рының айналасын көгалдандыру қолдан келетін іс деп білеміз.

Иә, кесетін кездеріміз де аз емес

Тұрмыс тауқыметі еңсені езіп тұр ма, әлеуметтік бағдарламалар діттеген жеріне жетпей жатыр ма, жоқ әлде арамызда тым пайдакүнемдер көп пе, қайдам әйтеуір орманды отау, кейде өртеу оқиғалары азаймай тұр. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің деректеріне қарағанда, 2019 мемлекеттік орман қоры аумағына кіретін аймақтарда 91 мәрте заңсыз ағаш кесу оқиғасы болыпты. Соның салдарынан 418,6 текше метр ағаш кесілген. Мемлекетке келтірілген зиян мөлшері 2 млн 364 мың теңгеден асады екен. Рұқсатсыз ағаш кесуге жол беру облыстық атқарушы органдар мен өзге де орманды алқаптарға иелік ететін мемлекеттік құрылымдарға қарасты аумақтарда көбірек кездесіпті. Оларда 73 жағдай тіркеліпті. Салдарынан мемлекетке 1 млн 469 мың теңгенің зияны тиіп, 322,1 текше метр ағаш шабылған екен. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты жерлерден отандастарымыз 96,5 текше метр ағашты отап, 895,1 мың теңгенің зиянын тигізіпті. Жылдың алғашқы бес айы ғана өткенін, алда жаз бен күз маусымдары келе жатқанын ескерсек, заңсыз ағаш отайтындар қатары өсе түсуі де бек мүмкін. Бәлкім, ағашты біз бірінші кезекте отын, одан соң құрылыс материалы ретінде қарайтын шығармыз. Іс жүзінде ол Жер шарының «өкпесі» саналады. Жердің «өкпесі» көмірқышқыл газын бөлмейді, керісінше оттегі шығарып келе жатыр. Осы тұрғыдан қарастырсақ, орман-тоғайдың адамзат баласы мен күллі тіршілік үшін орны айрықша болса керек. Білетіндер, адамзаттың ауадағы оттегіні аямай пайдаланып жатқанын айтады. Ғалымдардың есеп-қисабына сенсек, көкте самғап жүрген бір ұшақ 8 сағаттың ішінде 50-70 тонна оттегі пайдаланатын көрінеді. Оның орнын толтыру үшін 20-25 мың гектар орманды алқап тәулігіне 220-280 кг көмірқышқыл газын сорып, 120-160 кг оттегі бөліп шығаруы керек. Ал бір ғана ағаш тәулігіне үш адам тыныс алатын оттегі бөледі екен. Сөйте тұра бір жеңіл машина мың жарым шақырым жерге жеткенде адамның жыл бойы тыныс алатын оттегін тұтынып үлгеретін болса керек. Яғни, технологиялардың адамға пайдасы мол болғанымен, қоршаған ортаға кері әсері де аз емес. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау, орманды алқаптардың көлемін арттыру стратегиялық міндеттердің қатарына кіруі тиіс.