немесе қазақ-қырғыз халықаралық базарын салуға не кедергі?
Қырғыз елімен кең ауқымда тиімді сауда-экономикалық әріптестік жасау Жамбыл облысы сыртқы экономикалық стратегиясының басты бағыттарының бірі. Ол екі ел арасындағы тауар айналымынан да анық байқалуда. Мысалы, екі ел арасындағы тауар айналымы өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 148,6 млн. АҚШ долларын құраған.
Бүгінде Қырғыз елі мен Жамбыл облысы шаруашылық субьектілері арасындағы интеграциялық байланыстардың даму қарқыны да жаман емес. Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарына облыста Қырғызстан капиталын тарту арқылы тіркелген 19 бірлескен кәсіпорын бар.
Ел Үкіметі екі ел арасындағы алыс-беріс пен барыс-келісті дамыту мақсатында осыдан төрт жыл бұрын “Айша бибі-Шоң Қақпа” және “Ауқатты Кең-Бұлұн” шекаралық әріптестік жөніндегі халықаралық орталығын (базар – К.С.) құру жөнінде қаулы қабылдаған болатын. “Айша бибі-Шоң Қақпа” жобасының операторлары болып “Оңтүстік” ӘКК мен Жамбыл облысының әкімдігі, ал қырғыздар жағынан Талас облысының әкімшілігі мен “Таласресурсы” МКК белгіленген.
Жамбыл облысының әкімдігі халықаралық орталықты құру үшін құрылыс салынатын шекаралық аумақтан 49 жылға 5 гектар жер бөлді. Бүгінде ол жердің құнарлы қабаты алынып, шағал тас төселді. Базар аумағын қоршау үшін құрылыс блоктары сатып алынды. Ауыл шаруашылығы жерінің өтемақысы үшін 6605 мың теңге төлеу мәселесі де шешімін тапты. Бірақ қазіргі кезде “Айша бибі- Шоң Қақпа” халықаралық орталығы құрылысы қаржының жоқтығынан тоқтап тұр.
Жамбыл ауданындағы “Айша бибі-Шоң Қақпа” мен Қордай ауданындағы “Ауқатты-Кең-Бұлұн” халықаралық орталығының құрылысын жеделдету үшін Жамбыл облысы әкімдігі жұмыс бағдарламасына енгізіп, қаржы бөлу мүмкіндіктерін қарау туралы “Оңтүстік” ӘКК-ге ұсыныс жасаған. Бірақ “Оңтүстік” ӘКК Жамбыл ауданындағы “Айша бибі-Шоң Қақпа” халықаралық орталығын тиімсіз деп, санапты. Неге деген сауалға “бұл аймақта мол жүк тасымалы мен қырғыз еліне шығарылатын экспорттық тауарлар жоқ” деп жауап береді. Сондай-ақ, оларды қазақтар жағынан бөлінген жер көлемінің аздығы мен жобаны жүзеге асырудың заңдық базасының жоқтығы да алаңдатады екен. Өз кезегінде жамбылдықтар 5 гектар жерді 50 гектарға дейін ұлғайтуға уәде берген. Бірақ “Оңтүстік” ӘКК “ол жер арқылы Бұқара-Ташкент-Алматы бағытындағы жоғары қысымды газ құбырының магистралы өтеді” деп теріс айналды.
Қордай ауданындағы “Ауқатты-Кең-Бұлұн” халықаралық орталығын салу жобасына келетін болсақ, “Оңтүстік” ӘКК-нің бұл жоба туралы да пікірі бар сияқты. Олардың жүргізген сараптамасы бойынша, Қордай ауданындағы Қарасу шекаралық белдеуінен шекаралық әріптестік жөніндегі халықаралық орталық құру анағұрлым ақылға қонатын жұмыс. “Неге” деген сауалға беретін жауаптары да дайын. Мысалы, еліміздің кеден департаменті тарапынан республикалық бюджеттен “Қарасу” бақылау-өткізу пункті мен “Қордай” кеден бекетін күшейтуге байланысты жобаны жүзеге асыруға қыруар қаржы қарастыруға ұсыныс жасалған. Бұл жоба бойынша аумағы 3,6 гектар болатын жерге қазіргі заманғы бақылау-өткізу жарақтарымен жабдықталған терминалдың құрылысы салынады деп күтілуде. Терминал іске қосылған кезде тауар тасымалы “Қарасу” кеден бекеті арқылы өткізіледі де, туристер мен майда саудагерлер бұрынғысынша “Қордай” бекеті арқылы жалғаса бермекші. Бұл жоба бөлінген жерге қажетті коммуникация тартуды да ұмыт қалдырмайтынын алға тартқан “Оңтүстік” ӘКК аталған халықаралық орталықты (базарды) Ауқатты ауылынан емес, керісінше Қарасудан салуды ұсынады. Оның түрлі жеңілдіктері мен ыңғайлы жақтарын да көрсетеді.
Шекаралық әріптестік жөніндегі халықаралық орталық құруға мүдделі тараптардың осындай көзқарастар алуандығынан кейін еліміздің Индустрия және сауда минстрлігінің бастамасымен кеңес өткізілді. Онда “Айша бибі” кеден бекетінің стратегиялық мәні бар екеніне сілтеме жасай отырып, сол жерден “Айша бибі-Шоң Қақпа” шекаралық әріптестігі жөніндегі халықаралық орталық салудың дұрыстығы және қазақ-қырғыз елдеріне тауар тасымалы “Қордай” кеден бекетінен ендігі жерде “Айша бибі” кеден бекетіне қарай бағытталатыны жөнінде ұсыныс айтылды. Ал “Қордай” кеден бекеті жеке тұлғаларды өткізетін бақылау-өткізу бекеті болып қала береді деп келісілді.
“Айша бибі-Шоң Қақпа” шекаралық әріптестігі жөніндегі халықаралық орталық салу Жамбыл облысы үшін қандай маңызды мәселелерді шешеді? Біріншіден, Жамбыл облысының индустриялық-инновациялық инфрақұрылымын дамытады, екіншіден, “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” таранзиттік дәлізіне қосылу мүмкіндігіне қол жеткізеді, үшіншіден, өнеркәсіп тауарларының экспорттық өсімін арттырады, төртіншіден, Алматы, Тараз, Шымкент және Қызылорда қалалары геоэкономикалық негізінде көлік дәлізінің бойымен арнайы технопарк аймағын дамытуға мүмкіндік жасайды, бесіншіден, Алматы-Бішкек автожолына шамадан тыс түскен жүкті жеңілдетеді, Қазақ елінің халықаралық байланыстарын мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастығы деңгейінде нығайтып, дамытады, жетіншіден, Жамбыл облысы арқылы өтетін жүк тасқынының көлемі жергілікті бюджет түсімдерін ұлғайтады. Бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда, әсі-ресе, дотацияда отырған Жамбыл облысы үшін үлкен экономикалық секіріс пен серпіліс болып табылар еді.
Бүгінде Индустрия және сауда министрлігі мен мүдделі органдар тарапынан туындаған мәселелерді зерттеу бойынша жұмыс тобы құрылды. Оған Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Кәрім Көкірекбаев пен облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Гүлжауһар Құшанова ұсынылды.
– Бүгінде облыстағы қырғыз елімен шекаралас аймақтарда 9 кеден бекеті жұмыс істегеніне қарамастан, халықаралық жүк тасымалы жүйесіндегі Жамбыл облысының әлеуеті толыққанды іске асырылмай отыр. Халықаралық көлік дәліздерінің негізгі мүмкіндіктері аймақта толық құрылмаған. Көлік жолдарының сапасы мен сервистік қызметтің деңгейін халықаралық стандарттарға сәйкес көтеру де мәз емес. Жамбыл облысы әкімдігі сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамыту мақсатында шекаралық әріптестік жөніндегі халықаралық орталықты құруда өз жұмысын жалғастыруда. Екі ел сарапшылары жұмыс істеді. Дегенмен, түрлі пікірлер айтылуда. Сондықтан, бұл мәселені бүге-шігесіне дейін зерттеп, облыс экономикасына қолайлы шешімге тоқтау қажет. Менің ойымша, бұл жобаны жүзеге асырған жағдайда облыс экономикасы бұрынғыдан да дамып, көрші елдермен әріптестік-тің жаңа мүмкіндіктері ашылады, – дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Кәрім Көкірекбаев.
Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев аймақтағы инвестициялық саясаттың жоқтығын, облыстың дотацияда отырғанын айтып, мұндай экономикалық тығырықтан шығудың жолдарын жанталаса қарастырып жатқаны белгілі. Мәселеге облыс басшысының осы мүдделі көзқарасы тұрғысынан қарап, ой қорытсақ, “Айша бибі-Шоң Қақпа” жобасы бізге өңір өмірін жандандыратын Жібек жолы сияқты көріне береді.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.