Қоғам • 03 Маусым, 2019

Өнегелі әулеттерге құрмет көрсетілді

1012 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында Өскеменде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аймақтық кезеңі өтіп, өнерімен, тәрбиесімен, үлгі-өнегесімен дараланған отбасыларға құрмет көрсетілді. Облыста осымен алтыншы мәрте ұйымдастырылған шараға биыл өңірдің қала-аудандарынан 500 отбасы қатысып, байқаудың облыстық кезеңіне тоқсаннан астамы жолдама алыпты.

Өнегелі әулеттерге құрмет көрсетілді
Байқау қорытындысында Жарма ауданының Жарық ауы­лынан келген Мұқаевтар отбасы жеңімпаз атанды. «Біздің отбасымыздың ұстанымы – әсемдік әлемінде еңбек етіп, өмір сүру. Осы қағиданы Тә­уел­­сіздік алған қиыншылық жылдары да ұстандық. Әлі де ұстанып келеміз», дейді өнегелі, өнерлі әулеттің ұйыт­қысы Наталья Әубәкірова. Бұл кісі құжаттағы аты Наталья болғанымен, апасы Нұрзейнеп деп атағанын айтады. Бес баладан 14 немере сүйіп отырған ерлі-зайыптылардың шаңырақ көтергендеріне 45 жыл толыпты. Отағасы Момыш Мұқаев туған ауылында өмір бойы механик, киномеханик, автоклуб меңгерушісі болып ең­бек етсе, Наталья Әубәкірова ауылдық округтегі көркем­өнер­паздардың музыкалық же­тек­шісі. 

Байқауда жүлделі екінші орын өскемендік Черкашиндер отбасына бұйырды. Отасқан­дарына жиырма жыл болған Дмитрий мен Евгения 12 бала тәрбиелеп отыр. Он баласы әлі кәмелеттік жасқа толмаған, ал екі баласы жоғары оқу орнында грантпен оқиды. Отанасы Евгения Черкашина – «Алтын алқа» иегері. Жақында Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келген үкіметтік делегация осы шаңыраққа арнайы барып, жағдайларымен танысқан-ды. «Алтай ауданында тұрғанбыз. Өскеменге былтыр көшіп кел­дік. Қаланың шет жағында тұра­мыз. Үйіміз таудың етегін­де. Әуелде шағын болатын, өз күшімізбен ақырындап ке­ңей­тіп жатырмыз. 0,2 гектар бақ­шамыз бар. Мамандығым – геолог. Алтайда тұрғанда «Қазцинкте» жұмыс істегенмін. Аздап ешкі ұстаймыз. Қыздар соны сауып, сүтін сатады. Ұл­­дар қорадан шықпайды. Ба­ланың көп болғаны қолыңды жұмыстан босатады. Бұған дейін ешкімге қол жайған жоқпыз. Өз отбасыма өзім жауаптымын деп санаймын», деген еді сол кезде отағасы.  

Ұлан ауданында тұратын алты бала тәрбиелеп отырған Жұмашевтар отбасы жүлделі үшінші орынды иеленді.  Шаруа қожалығымен айналыса­тын отағасы Ділмұрат Жұма­шев ауданға тұрақты демеушілік көрсетіп отырады. Байқау жеңімпазы атанған Мұқаевтар отбасы енді Нұр-Сұлтан қала­сында өтетін «Мерейлі отбасы-2019» ұлттық байқауына қаты­сады.

Байқаудың марапаттау салтанатына келген облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова: «Отанды сүю отбасынан бас­талады. Отбасы – бала тәрбие­сінің іргетасы қаланатын ыс­­тық ұя. Өкінішке қарай қа­зір­гі қоғамда кездесетін жас от­басылардың ажырасуы, тас­­танды балалар, Қарттар үйі­нің пайда болуы, зорлық-зом­былық сияқты қасіреттерді болдырмау үшін отбасы инс­титутын, оның қоғамдағы рө­лін, құндылықтарын нығай­туымыз қажет» дей келе ай­­мақ­тағы ана мен баланы қор­ғау бағытындағы шараларға тоқталып, Алтай, Аягөз, Семей қалаларындағы перинаталды орталықтарды заманауи қондырғылармен жабдықтауға қомақты қаражат бөлінгенін, облыстағы мектеп жасына дейінгі балалар балабақшамен толық қамтылғанын, «Менің мектебім» жобасы аясында       IT сы­ныптар мен роботтық техника кабинеттері ашылғанын, көп балалы аналар балабақша төлемінен босатылғанын атап өтті.


ӨСКЕМЕН