Руханият • 03 Маусым, 2019

Гауһар ана

5154 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Гауһар ана
Түркістан қаласынан оңтүс­тікке қарай 4 шақырым жерде орналасқан  Гауһар ана кесенесіне келушілер саны арта түсуде, көрші елдерден жиі келіп Құран бағыштайтындар көп. Ғұлама Қожа Ахмет Ясауи­дің қызы Гауһар ана туралы жа­зылған аңыз-әңгімелерде емшілік қасиеті ерекше жан болғаны айтылады. Әлі күнге дейін кесенесінің маңында емдік қасиеттері бар артезиан суы шығатын құдықтар көптеп кездеседі. Келушілердің көбі дертіне шипа іздеп, талай жанды емдеп, ауруынан айықтырған қасиетті ананың шарапаты тисе деп тілейді. Емшілердің пірі саналатын ананың кесенесі бүгінде жаңа кейіпке еніп, көріктене түскен.

Тарихи архитектуралық құн­ды ескерткіштердің бірі саналатын Гауһар ана бейіті 1989 жылдан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайы қарамағына енгізіліп, қорғауға алынған. Ал 2015 жылы ананың кішігірім бейітіне «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі қайта кесене тұрғызды. Кесене аумағы гүлзарлармен абаттандырылып, ағаш көшеттері отырғызылған болатын. Туристер мен қонақтарға жайлы жағдай жасау бүгін де күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі. Бұл орайда, Гауһар ананың қабір жапқышы жаңартылып, кілем мен қонақтарға арналған төсеніштер ауыстырылған. Соны­мен қатар, кесене мен құдық суы­на апаратын аяқ жол бойына арнайы құмыралар орнатылып, гүлдер қондырылған, аула тас­тардан тазартылған.  «Былтырғы жылы кесенеге келушілерге арналған автотұрақ салынып, айналасы темір шарбақпен қоршалды. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында бейнекамералар орнатылды. Биыл аталған кесене аумағында абаттандыру жұмыстарын жүргізу қарқынды түрде жалғасуда», дейді Гауһар ана кесенесінің қорықшысы Оразғали Сапарбаев. 

Алыс-жақыннан ағылатын туристердің легі көп болғандық­тан заманауи талапқа сай қыз­мет көрсету орындары қарас­тырылып, кесене туралы үш тілде жазылған ақпараттық тақтайша орнатылыпты. Сондай-ақ кесене маңына Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен сапар орталығын салып, туристер үшін рухани мекенге айналдыру көзделуде.


Түркістан облысы