Ортақ Отан, ыстық ұя
Сенбі, 27 сәуір 2013 3:05
ҚАЗАҚСТАН – ТАТУЛЫҚТЫҢ ТАЛБЕСІГІ
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясындағы сөзі ел бірлігін бекемдей түсті
ОРТАҚ ОТАН, ЫСТЫҚ ҰЯ
Сенбі, 27 сәуір 2013 3:05
ҚАЗАҚСТАН – ТАТУЛЫҚТЫҢ ТАЛБЕСІГІ
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясындағы сөзі ел бірлігін бекемдей түсті
ОРТАҚ ОТАН, ЫСТЫҚ ҰЯ
«Менің үйім, менің отбасым, бауырларым, үш балам, бес немерем осында. Тәуелсіздік жағдайында мен грузин болғаным үшін бірде-бір рет өз елімнің өмірінен шет қалу сезімін басымнан өткерген емеспін». Иә, біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев орынды айтады. Мен Елбасына дәл осылай хат жазып, еліміздегі этносаралық татулықты бекіте түсетін Қазақстан халқы Ассамблеясын құрғаны үшін ризашылығымды білдіріп едім. Ассамблеяның «Қазақстан -2050» Стратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр» тақырыбымен өткен соңғы сессиясында да еліміздегі бірлік пен достықтың беки түскеніне тағы да куә болдық.
Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын ұсынды. Бұл –көңілге қонымды құжат. Өйткені, тұжырымдаманы тыңдай бастаған сәтте неге «бір халық», неге «бір тағдыр» деген сауалдардың жауабын ойша іздей бастадым. Сөйтіп, ойланып отырғанда Елбасы тұжырымдаманың өн бойына қан жүгірте баяндай келе, әрқайсымыздың көкейіміздегі сұрақтарға жауап беріп тастады.
Шындығында, Қазақстандағы ұлтаралық достықтың алтын діңгегін қалыптастыруда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі барын айрықша айтуымыз қажет. Өйткені, Мемлекет басшысының Қазақстанда халық Ассамблеясын құру идеясы өзінің жемісін берді деп ойлаймын. Бұл – ұлтаралық достықты нығайтудың қазақстандық моделі. Мұндай модель бұрын әлемдегі бірде-бір елде болмаған ғой. Қазір көптеген елдің басшылары мен саясаткерлері Қазақстандағы ұлттардың берік достығы мен татулығына қызығып та, қызғанып та қарайды. Қазақстандық модельдің ұтымды тұстарын өздерінде қолдануды қалайды. Демек, біздің тәуелсіз Қазақстанымыздың достықтың мекеніне айналғанына бәріміз де сүйсінеміз, бәріміз де марқаямыз.
Қазақстанда тұратын әр этностың тағдыры бір екені даусыз. Менің тағдырым Қазақстанды мекен еткен әр қазақстандықтың тағдырымен біте қайнасып жатыр. Өзім осы елде тұрғаныма 40 жылдан асты. Осы жылдар ішінде қазақ жерін мекен еткен халықтардың өзара достығына қайран қалумен келемін. Бұған жыл өткен сайын, Қазақстанның әр өңірінде болғанда көзім жете түсуде. Өзінің ана тілі болмаса да, жан сырын айтатын, қуанышы мен қиындығын бірге бөлісетін достарының ана тілін меңгеріп, сол халықтың тарихы мен әдебиетін, өнері мен мәдениетін терең білуге ұмтылған өзге ұлттарды көбірек кездестірдім.
Менің де сырымды айтатын, қиналғанда жанымнан табылатын достарымның арасында өзге ұлттар өкілі көп. Әсіресе, қазақ пен орыстың, армян мен тәжіктің жігіттерінен достыққа адал, сөзіне берік, жолдастықтың қадірін сезіне алатын жақсы достар тапқаныма қуанамын. Бір-бірімізді ешқашан ұлтқа бөлмеппіз. Керісінше, бір-біріміздің ұлттық салт-дәстүрімізге құрметпен қарап, балаларымыздың ұлттық әндеріміз бен билерімізді жетік меңгеруіне қолдау білдіреміз.
Осы орайда Қазақстанда өзге этностардың ана тілі мен салт-дәстүрін, төл өнері мен мәдениетін жаңғыртуына қолайлы жағдай жасалғанын айрықша атар едім. Қазақстанда, соның ішінде Атырауда тұратын менің қандастарым да «Иверия» грузин этномәдени бірлестігін құруда еш кедергіге кезіккен жоқ. Қандастарым бұл бірлестікті басқару міндетін маған жүктеді. Әрине, қай істің де бастауында қиындықтар кездесетіні баршаға мәлім ғой. Алайда, біз этномәдени бірлестіктің жұмысын жолға қою барысында мемлекеттің қолдауын анық сезіндік. Қазір балаларымыз өз тілінде сөйлейді, ұлттық өнеріміздің қайнарынан терең сусындай бастады. Бірлестік жанынан жастардың би ансамблін құрып, оның мүшесі болуға тілек білдіргендердің ұлтына шектеу қоймадық. Олардың арасында қазақтың, орыс пен осетиннің жастары бар. Осының өзінен біздің жастарымыздың арасында да достықтың туы биік көтерілгенін ұғуға болады.
Мен Қазақстандай татулық, ынтымақ ұялаған елде тұрғанымды, осы мемлекеттің азаматы болғанымды бақытқа санаймын. Егер басқа бір елде тұратын болсақ, өміріміз алаңсыз боларына сене алар ма едім? Себебі, күнбе-күн бұрын бір Одақтың бодауында болған мемлекеттердің біразындағы, сонымен бірге, жаһан елдеріндегі болып жатқан алауыздық пен тұрақсыздықтың теріс әсері неге соқтыратынын естіп те, көріп те жүрміз. Осы тұрғыдан айтқанда, өз тағдырымның, балаларымның болашағы Қазақстанмен байланысты болғанына үнемі шүкіршілік етемін. Басқаша айтар болсам, қазақ жеріндегі өмірімді бақытты күндерімнің ең бір шуақты сәтіне балаймын.
Біз, Қазақстандағы өзге ұлттың өкілдері өзіміздің салт-дәстүрімізді, тіліміз бен өнерімізді дамытып қана қоймай, елдегі татулық пен достықтың қадірін кейінгі буынның санасына терең сіңіруге үлесімізді қосып жүрміз. Осы мақсатпен аудандарды аралап, бірлестік құрамындағы би ансамблінің концертін өткізіп жүрміз. Біз әрбір шарамызға өзге этномәдени бірлестіктердің мүшелерін шақырамыз. Бәріміздің ортақ Отанымыз, ыстық ұямыз – Қазақстан. Биікте қалықтаған қыран да ұясындағы тыныштықтың бұзылмағанын қалайды. Ендеше, біз де ұямыздағы мамыражай достығымыздың бұзылмауы үшін бір-біріміздің өнерімізге ғана емес, тағдырымыздың да жақсы қырынан қалыптасуына қолдау көрсетуіміз қажет деп ойлаймын.
Зураб БОБОХИДЗЕ,
«Иверия» грузин этномәдени
бірлестігінің төрағасы.
Атырау облысы.