Аймақтар • 04 Маусым, 2019

Ашаршылық қасіреті

3418 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жылдар жылжыған сайын өткен өміріміз артта қалып, тарих беттеріне хаттала беретіні белгілі. Кейбір уақиғалар ұзақ уақыт бойы ел аузында сақталып, қайта-қайта еске түсіп отырса, ал бір жағдайлар айтуға ауыз барғысыз. Жүрек сыздап, көңіл құлазиды. Қазақ халқы тағдырдың талай тәлкегіне түсіп, көптеген қанды оқиғаны, қиын да қасіретті жағдайларды басынан өткерді.

Ашаршылық қасіреті

Жақында Қ.Жұбанов атын­дағы Ақтөбе өңірлік мем­лекеттік университетінде осы зұлмат кезеңді тағы бір ой та­разысынан өткізу үшін «КСРО-дағы саяси қуғын-сүр­гін: тарихы мен тағылымы» атты республикалық ғылыми-прак­­тикалық конференция өт­­кізіліп, оның ашылу рәсімі кезінде Ақтөбе облысы әкі­мінің орынбасары Марат Тоғ­жанов сөз түйінін төмендегіше сабақтады.

Тарихқа көз жүгіртсек, жұр­тымыз XIX ғасырдың басынан бастап XX ғасырдың 30-жылдарына дейін бірнеше жұтты басынан өткізген. Бұдан көшпелі мал шаруашылығы құлдырады. Қазақ дәулеттілері мыңғырған малдарынан айырылды. Оның арты аштыққа ұласып, адам шығыны көбейді. Аштық азабы қасіретінің тарихын келер ұрпақ ұмытпауға және аш­тық құрбандарының рухына тағзым етуге тиіс. Бүгінгі конференцияда халқымызға үлкен қайғы-қасірет әкелген нәубет кезеңі, оның әлі де болса ашылмай жатқан сырлары мен құпиялары жөнінде ғылыми тұжырымдар айтылады деген ойдамын», деді ол.

Бұдан кейінгі кезекте Ақ­төбе өңірлік мемлекеттік уни­верситетінің ректоры, фи­ло­логия ғылымдарының док­торы, профессор Бауыр­­жан Ердембеков сөз сөй­леп, Қазақстан тарихында хал­­­қымыздың саны демо­гра­фиялық жағынан құл­ды­рауына XX ғасырдың 20-30-шы жылдары болған ашар­шылық қатты әсер еткенін айтып берді. «Бұл кезде хал­қы­мыздың тең жартысына қырылып қалу қаупі туды. Ха­лықтың басына қайғы түсті. Аштық қасіреті миллиондаған адамды тағдыр тәлкегіне ұшы­ратып, халқымыздың үлкен шоғыры туған жерін тас­тап, жат жерге үдере көшті. Осындай тарихтың ащы сабағы бү­гінгі ұрпақтың зердесінен өшпеуге тиіс. Халықаралық конференцияның басты мақса­тының бірі де аштық қасіретін зерделеуге арналған», деді ол одан әрі.

Сондай-ақ конференция шеңберінде тарих ғылым­дарының докторы, профессор Светлана Смағұлованың «Ашар­шылық қасіреті» атты монографиясының тұ­сауы кесілді. Аталған еңбек мұ­рағат материалдары мен ғы­лыми зерттеулер негізінде жа­­рық көрген. Автор ашар­шы­лық жылдарындағы қазақ қоғамындағы саяси жағ­дай­ларға терең талдау жасайды. 1921-1922 жылдардан бас­талған аштықтың шығу себептері мен салдарына терең талдаулар жасайды. Сонымен бірге аштықпен күрес кезіндегі және зұлматты ауыздық­тау­дағы қазақ зиялыларының қыз­метіне жан-жақты тоқталады.

Баспаға Қ.Жұбанов атын­дағы Ақтөбе өңірлік мем­лекет­тік университетінің ғылыми кеңесі ұсынған еңбекте нәубет жылдары республикамыздың саяси эконо­мика­лық-мәде­ни жағынан дамуына зор кедер­гісін тигізген және халықтың демографиялық өсуіне кері әсер еткен ашаршылықтың болу себептері жан-жақты қам­тыл­ған.

 

АҚТӨБЕ