08 Мамыр, 2013

Аурудың алдын алу – ауырмаудың тиімді жолы

4212 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Аурудың алдын алу – ауырмаудың тиімді жолы

Сәрсенбі, 8 мамыр 2013 1:33

Денсаулық сақтау вице-министрі Е.Б.Байжүнісовпен әңгіме

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  – 2012 жылғы желтоқсан айын­дағы «Қазақстан-2050» Стра­тегиясы – қалыптасқан мем­­лекеттің жаңа саяси ба­ғыты» ат­ты Жолдауында про­­филак­тикалық медицина аурудың алдын алудағы басты құрал екенін атап өтті. Елімізде қазір осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда? 

 

Сәрсенбі, 8 мамыр 2013 1:33

Денсаулық сақтау вице-министрі Е.Б.Байжүнісовпен әңгіме

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  – 2012 жылғы желтоқсан айын­дағы «Қазақстан-2050» Стра­тегиясы – қалыптасқан мем­­лекеттің жаңа саяси ба­ғыты» ат­ты Жолдауында про­­филак­тикалық медицина аурудың алдын алудағы басты құрал екенін атап өтті. Елімізде қазір осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда? 

– 2011-2015 жылдарға ар­налған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының басты бағыттарының бірі – про­­филактикалық жұмыстарды кү­шейту болып табылады. Рес­­пуб­ликада мемлекеттік бағ­дарлама шеңберінде Ұлттық скринингілік бағдарлама ен­гізілуде. Ол тұқым қуалайтын және жүре пайда болатын ауруларды ерте анықтау және дер кезінде емдеу, мүгедектікке және өлім-жітімге әкеп соқтыратын аурулардың асқынуын болдырмауға бағыт­талған. Бағдарлама бойынша барлық мақсатты топтар тексеруден өткізіледі. Және зерттеулер жүргізілетін аурулардың тізбесі жыл сайын толықтырылып отырылады.

Емханалар базасында ден­саулық орталықтары құрылуда. Қазіргі уақытта олардың саны 3 мыңға жетті. Бұл орталықтардың қызметі аурудың алдын алуға, тұрғындардың саламатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.

Сонымен қатар, азаматтардың өз денсаулығына деген ортақ жауапкершілігін күшейтуге көңіл бөлуіміз керек. Әрбір азамат ден­саулығы мықты болса ғана оқып білім алуға, жұмыс істеп, сапалы өмір сүруге болатынын түсінуі керек.

– Осы скрининг туралы кеңірек әңгімелеп берсеңіз.

– Скрининг дегеніміз – ауруларды және ауру пайда болатын қауіп-қатер факторларын ерте анықтау мақсатында халықтың мақсатты топтарын тексеру. Қазақстанда енгізілген Ұлттық скринингілік бағдарлама қан айналымы жүйе­сінің аурулары, қант диабеті, глау­кома, жатыр мойны және сүт бездері обыры, В және С созылмалы вирустық гепатиті, тоқ және тік ішек аурулары, оның ішінде қатерлі ісігі, қуық безі обыры сияқты кең таралған әлеуметтік маңызды ауруларды ерте диагностикалауға және алдын алу шараларын жүзеге асыруға бағытталған.

Денсаулықтың 60 пайызы адамның өмір салтына, тек 10-15 пайызы ғана денсаулық сақтау жүйесіне байланысты екенін аза­маттардың есіне салғым келеді. Мемлекет профилактикалық ша­раларға едәуір қаражат бөле­ді. Бұл жерде халықтың өз ден­сау­лығына, жұмыс берушінің қыз­меткерлерінің денсаулығына деген ортақ жауапкершілігінің болуы өте маңызды.

– Ал бұл бағытта қандай іс-шаралар қолға алынып, нендей пәрменді тетіктер енгізіліп жатыр?

– Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында азаматтардың өз денсаулықтарына жауапкершіліктерін арттыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бүгінде азаматтардың, жұмыс берушілердің міндеттері заңда белгіленген,  дегенмен, жауапкершілігі және оны іске асыру тетіктері қарастырылмағандықтан, жауапкершілікті мемлекет қана алып отыр. Денсаулықты сақтауға деген жауапкершілік нормаларын министрден, әкімдерден, жұмыс берушілерден, азаматтардан бас­тап, отбасылық жұптарға дейін қамтып, нақтылап жазу қажет. Бұл нормаларды қабылдамай, ха­­­лықтың өз денсаулығына жа­у­­­­ап­­­кершілікпен қарау мәде­ние­тін қалыптастыру қиын. Қа­зақстанда жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, халықтың 82,5 пайызы дене шынықтырумен және спортпен шұғылданбайды, 30 пайызға жуығы спирт ішімдіктерін қолданады және темекі шегеді, 35 пайызға жуығы артық сал­мақтан зардап шегеді. Алайда, сауалнамаға қатысқан азаматтар өз денсаулығына жауапкершілікпен қарайтындарына сенімді.

Осыған байланысты, ден­саулық сақтау мәселелері бойынша заңнамалық актілерге, ең алдымен «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» Кодексіне өзгертулер мен то­лық­тырулар енгізуді көздеп отырмыз.

Мемлекет басшысы «Қазақ­станның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоға­мына қарай 20 қадам» атты бағ­дарламалық мақаласында ең бас­тысы – адамның өз ден­саулығына және өміріне деген көзқарасы екенін атап көрсетті. Мысалы, ха­­лықтың жекелеген санаттары дәрі-дәрмекпен мемлекет есе­бінен тегін қамтамасыз еті­леді. Бірақ, дәрі ішумен ғана шектеліп қалмай, науқас азамат дәрігердің барлық ұсыныстарын ескеріп, саламатты өмір сүру салтын ұстануға тырысуы керек. Яғни, әр адам өз денсаулығын өзі қалыптастыруы тиіс. Егер әрбір отбасы өз денсаулықтарына дұрыс қарайтын болса, онда мемлекет тарапынан жасалып жатқан шаралар мол қайтарым берері сөзсіз.

Мемлекет халықты жаппай тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен, тұрғындардың жекелеген санаттарын тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді, түрлі бағдарламалар ұйымдастырады, сонымен қатар, азаматтардың саламатты өмір салтын ұстануы үшін жағдай жасайды. Жұмыс беруші қауіпсіздік және еңбекті қорғау шараларымен, міндетті медициналық тексеру жүргізуді қамтамасыз етуі және жұмысшылар арасында ерікті медициналық сақтандыруды дамытуы керек. Азаматтар белсенді түрде саламатты өмір салтын ұстанып, аурулардың алдын алуға бағытталған тексерулерден өтіп, дәрігерлердің кеңестерін орындауы тиіс.

–  Әрине, қала тұр­­ғында­ры­­ның дәрігерлердің тексеруінен өту­ге мүмкіндіктері жеткілікті. Ал ауылдағы жағдай басқаша ғой…

– Әрине, ауыл хал­­­­­­қын қол­жетімді және са­палы ме­дици­налық көмекпен қам­та­масыз ету өзекті мәселе. Өйткені, елі­міздегі тұрғындардың жартысына жуығы ауылдық елді мекендерде тұрады. Жағрапиялық орналасуы, халықтың сирек қоныстануы сияқты еліміздің ерекшеліктері барлық озық технологияларды тікелей ауылға жеткізуге мүмкіндік бере бермейді. Сол себепті Елбасының тапсырмасына сәйкес, ауыл халқын қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз етуде көлік медицинасын дамытуға үлкен көңіл бөлініп, жылжымалы медициналық кешендер, «денсаулық пойыздары», санитарлық авиация халыққа қызмет көрсете бастады.

Өткен жылдың ішінде жылжымалы медициналық кешендер мен пойыздар арқылы 600 мыңнан астам ауыл тұрғыны дәрігерлердің тексеруінен өтіп, 1,5 млн.-ға тарта зертханалық-диагностикалық қызметтер көрсетіліп, бейінді мамандардың кеңестері берілді.

Телемедицинаны дамыту бағ­дарламасы енгізілді. Бүгін­гі таңда орталық аудандық ауру­ханалардың барлығы дерлік теле­медициналық орталықтармен қамтамасыз етілген. Қажет болған жағдайда дәрігерлер тікелей режімде облыстық және республикалық клиникалармен байланысқа шығып, науқастың еміне қатысты білікті ақыл-кеңестер ала алады. Өткен жылдың 12 айы ішінде республика бойынша 16 мыңнан аса телемедициналық кеңестер және 3650 бейнеконференция ұйымдастырылды.

Санитарлық авиация бойынша республикалық үйлестіру орталығы былтыр 1005 ұшырылым жасап, 1300-ден астам медициналық қызмет көрсетті.

– Азаматтардың көбінесе өз-өздерін емдеумен айналысатыны жасырын емес. Халықтың дәрілік сауаттылығын арттыру үшін не істеу керек?

– Өкінішке қарай, азаматтардың біразы шынында да дәрігерлердің көмегіне жүгінбестен, өз-өздерін емдеумен айналысады. Олар дәрі­лердің барлығының дерлік кері әсері болатындығын, адам ден­саулығына зиянын тигізуі мүмкін екенін ескермейді. Дә­рілерді тек медициналық қыз­меткерлердің кеңесімен ішу керек. Демек, дәрілерді тағайындауға және рецепт арқылы ғана босатуға бақылауды күшейткен абзал.

Біз өз тарапымыздан осы мә­селеге байланысты кешенді ша­ралар қолданып жатырмыз. Дәрі-дәрмектерді пайдалану мә­се­лелері бойынша халықты ақпараттандыру мақсатында бас­пасөз мәслихаттары, семи­нар­лар, медициналық және фар­­ма­цевтикалық қоғамдастықпен кез­десулер ұйымдастырылып, дә­рілік бюллетеньдер және бук­леттер шығарылып, таратылуда. Республиканың барлық өңірінде Дәрілік ақпараттық-сараптамалық орталық бөлімшелері ашылып,          8 800 080 88 87 нөмірлі тегін телефон желісі құрылды, кез келген сұрақ қойып, білікті жауап ала алатын веб-сайт жұмыс істеуде.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан».