Алайда, бүгінде өнімдері әлемге танымал бұл өндіріс орны жусанды қолданбайды. Қаланың гербі де өзгерген. Ал жусанның фармакологияда пайдаланылмайтынына өкініш білдірушілер де, керісінше өсімдіктің дәрілік-емдік қасиетін жария етуге қарсы болушылар да баршылық.
Иә, дермене жусанының қасиеті туралы аз айтылған жоқ. Тіпті Түркістан даласының ерекшелігі мен табиғи әлеуетін әлемге танытты. Деректерге жүгінсек, дермене жусанының шипалық қасиеті мол екенін байқаған неміс кәсіпкері 1884 жылы Шымкент қаласында арнайы зауыт ашып, дерменеден «сантонин» дәрісін алып, ішек құртын түсіруге қолданған. Ол дүние жүзіне «сантонин» шығаратын бірден-бір зауыт болған. Ал кей деректерде дермене жусанының құрамынан алғаш рет кристалды «сантонин» деп аталатын шипалық қасиеті өте жоғары препарат 1830 жылы алынғаны туралы, 1880 жылы орыс көпесі Савинковтың қолға алуымен Шымкент қаласында арнайы зауыт салынғаны айтылады. Қалай болғанда да Қаратау бөктерлерінде, Арыс, Сырдария, Бөген, Арыстанды өзендерінің аңғарларында өсетін, Тәжікстанның аздаған алқабында кездесетін бұл өсімдіктің шипалық қасиетін қазақ халқы ерте кездерден бастап-ақ білген. Оның қайнатылған тұнбасын, қоспасын түрлі ауруларға (әсіресе, ішектегі құрттарды түсіру үшін) пайдалана білгендігі тарихтан белгілі. Өсімдіктің атауына қатысты мәліметтерде жергілікті тұрғындар дәрілік өсімдіктерді іздеушілерге «дәрі, міне» деп дермене жусанын көрсеткені айтылады. Сондай аңыздардың негізінде оның атауы «дәрі міне» сөз тіркестерінен алынып, «дермене» деп аталып кеткен екен.
«Арыс өзенінің алқабында өсетін дермене жусанының дәрілік қасиетін зерттеп, пайдаға жаратқан Кеңес өкіметі «Дермене» кеңшарын құрған. Мен бұл кеңшарды бертініректе 1985-1997 жылдар аралығында басқардым. Ол жылдары дәрілік шөптерді дайындау мүлде азайған-ды. Сұранысқа қарай 5-10 тонна дайындалатын. Ал кеңшар құрылған алғашқы жылдары 200-300 тоннаға дейін дайындалған екен.
Қытай мен Үндістан көп мөлшерде алған. Жапония еліне де жіберілді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан кейін және қазір де жусан ешкімге керек болмай қалды. Әйтпесе оның емдік қасиеті көп, қадірін білмей жатырмыз ба, әлде басқа да себептері бар шығар», дейді кезіндегі «Дермене» кеңшарының директоры, зейнеткер Серік Әлібеков атамыз. Иә, жоғарыда біз атап өткен зауыт бүгінде заманауи технологиялармен дәрі шығаруда. Дегенмен «Химфарм» дерменені өндіріске мүлде қолданбайды. Мұның себебін мамандар құрамында дермене бар дәрілердің қолданыстан шығуымен, жаңа препараттардың пайда болуымен байланыстырады. Ал қарапайым халық арасында жусанға деген көзқарастың өзгеруін фармакологиядағы бизнеспен байланыстыратындар көп. Арзан да пайдалы дерменеден гөрі қымбат дәрілерді сату медицина маңайындағы кәсіпкерлерге тиімді деп есептейді. Науқастарды дәрілік шөптермен емделуге үндеп жүрген емші, табиғат жанашыры Тәттібек Жарқынбеков дермененің қасиетін жарнамалауға мүлде қарсы екенін білдірді. «Дүние жүзінде жусанның 500-ден аса түрі кездеседі, оның 81 түрі еліміздің далалы, шөлейтті және шөлді өңірлерінде өседі. Тамыз-қыркүйек айлары аралығында гүлдейді. Латынша бұл шөпті «артемизия» деп атайды. Қазақ халқы үшін жусан қасиетті өсімдік. Жусанның ерте кездерден бастап шипалық қасиеті мол түрінің бірі – дермене жусаны (Artemisia cina). Қазақстанның оңтүстік аймақтарында ғана өсетін қасиетті өсімдіктің бірі. Кейде ерменді «боз жусан», кейде «ойраншөп» деп те атайды. Оның сабағының биіктігі 2 метрге дейін, ал тамыры 4 метр тереңге дейін таралады. Ертеде бабаларымыз дермене жусанын шетелдерге сауда керуендері арқылы көп мөлшерде жіберіп отырған. Қытай, Англия, Ресей елдерінен сұраныс көп болған. Иә, жусанның, оның ішінде дермененің емдік қасиеті жөнінде ұзақ әңгімелеуге болады. Бір ғана мысал, Шымкенттегі зауыт кезінде «цитрамон», «пеницилин» сынды басқа да дәрілер шығаратын, қазір оның орнына шамамен 25 есе қымбат шетелдік препараттар өндірілуде. Бұл арада, меніңше коммерциялық мүдде басым. Бірақ еліміздегі дәрілік өсімдіктерді жарнамалауға қарсымын. Өйткені пайда тапқысы келетіндер заңсыз және жабайы жолмен жойып жібереді деп қауіптенемін. Бүгінгі экологиялық ахуал да жусанның азаюына зардабын тигізуде. Сондықтан Түркістан өңірінде су қоймаларын, жел электр стансаларын салмас бұрын оның табиғатқа, өсімдіктерге әсерін жан-жақты ескеріп, зерделеп барып шешім қабылдау қажет деп ойлаймын», дейді Т.Жарқынбеков.
Фармакология қажеттілігі үшін «Дермене» кеңшарында жусаннан басқа көптеген дәрілік дақылдар өсірілген екен. Бүгінгі таңда Арыста жусанмен ешкім айналыспайды десек те болады. Жергілікті тұрғындар қарағандылық ғалым ашқан «арглабин» дәрісін Арыста да шығаруға болатынын айтады. «Боз жусан тұщы болады, мал жейтіндіктен азая түсуі – заңдылық. Керісінше, даланы дермене жусаны басып барады. Бұл көзін тапқанға жақсы табыс әкелетін өсімдік. Бірақ елеусіз жатыр», дейді Арыс қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батыр Исламбеков. Қайбір жылы медицина саласындағы Нобель сыйлығын жусан негізінде безгекті емдеуге арналған препаратты әзірлеген қытайлық Юэ Ту алды. Яғни жусанды еліміздің ұлттық игілігі деп айтуға да болады. Өйткені біздің еліміз даладағы жусанды жер аумағы бойынша әлемде алдыңғы орынға ие. Бұл өсімдік пайдалы заттардың нағыз қоймасы, оның көпшілігі әлі ғылымға беймәлім. Десек те, 2012 жылдан бастап еліміздің жас ғалымдары жусаннан эфир майларын ала бастады. «Қазақ даласының хош иісі» атты жоба бойынша «Жусан» атты арнайы иіссу шығаруды қолға алғандар да бар. Ақпарат құралдары қарағандылық «Фитохимия» холдингінің обырға қарсы «арглабин» препаратын әзірлеп, бүкіл әлемге танымал болғанын жариялағаны да ұмытыла қойған жоқ. Сол кезде бұл дәрі-дәрмек Қарқаралы ауданында өсіп келе жатқан тегіс жусаннан жасалғаны, АҚШ, Германия, Ресей, Грузия және Қырғызстан онкологиялық клиникаларында табысты қолданылатыны да айтылған-ды. АҚШ-тың Калифорния штатындағы университет ғалымдары ғылыми тілде «Artemisia Annua» деп аталатын өсімдіктің бар-жоғы 16 сағаттың ішінде өкпе рагы жасушаларының 98 пайызын бірден жойып жіберуге қабілетті екенін анықтағаны да жария етілді. Ал осы «арглабин» препараты елімізде қолданыла ма? Шымкент қалалық онкологиялық орталығының бас дәрігері Сәкен Катбаевтың мәлімдеуінше, кейбір кері әсерлерінің бары анықталғандықтан «арглабин» препараты қолданылмайды екен.
Айта кетелік, дермене жусаны елімізде шағын алқапта өсетіндіктен әрі сирек кездесетіндіктен Қазақстанның «Қызыл кітабына» (1981, 2014) жойылып кету қаупі төнген түр ретінде тіркелген. Сондай-ақ бұл өсімдік түрін қорғау және сақтап қалу, қорын молайту мақсатында 1967 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында республикалық мәні бар арнайы Задария, Ақдала (Арыс ауданы), Жамбыл (Бәйдібек ауданы) және Темір (Отырар ауданы) ботаникалық табиғи қорықшалар ұйымдастырылған болатын.
Түркістан облысы