Аймақтар • 05 Маусым, 2019

Жусан – дала жұпары

2003 рет көрсетілді

«Дәрі – түбір бұтағы, жусан – қырдың жұпары» деп ақын жырлаған өсімдіктің бұтағы кезінде Шымкент қаласының төлтаңбасында бейнеленген екен. Ол заңды да еді, өйткені дермене жусанының арқасында қалада 1885 жылы қазіргі Қазақстан аумағында фармацевтикалық өндірісті бастаған ең алғашқы зауыт пайда болды.

Алайда, бүгінде өнімдері әлем­­ге танымал бұл өндіріс орны жу­санды қолданбайды. Қаланың гербі де өзгерген. Ал жусанның фар­макологияда пайдаланылмайтынына өкініш білдірушілер де, керісінше өсімдіктің дәрілік-емдік қа­сиетін жария етуге қар­сы болушылар да баршылық.

Иә, дермене жусаны­ның қа­сиеті туралы аз айтылған жоқ. Тіпті Түркістан даласының ерекшелігі мен табиғи әлеуетін әлемге танытты. Деректерге жү­гінсек, дермене жусанының ши­палық қасиеті мол екенін бай­қаған неміс кәсіпкері 1884 жылы Шымкент қаласында арнайы зауыт ашып, дерменеден «сантонин» дәрісін алып, ішек құртын түсіруге қолданған. Ол дүние жүзіне «сантонин» шы­ға­ратын бірден-бір зауыт болған. Ал кей деректерде дермене жуса­ны­ның құрамынан алғаш рет крис­талды «сантонин» деп аталатын шипалық қасиеті өте жоғары препарат 1830 жылы алынғаны туралы, 1880 жылы орыс көпесі Савинковтың қолға алуы­мен Шымкент қаласында ар­найы зауыт салынғаны айтыла­ды. Қалай болғанда да Қара­тау бөк­тер­лерінде, Арыс, Сыр­дария, Бөген, Арыстанды өзен­дері­нің аң­ғар­ларында өсетін, Тәжік­стан­ның аздаған алқабында кез­де­се­тін бұл өсімдіктің шипалық қа­сие­тін қазақ халқы ерте кездер­ден бас­тап-ақ білген. Оның қай­на­тыл­­ған тұнбасын, қоспасын түр­лі ауру­ларға (әсіресе, ішектегі құрт­­­тар­ды түсіру үшін) пайдала­на біл­гендігі тарихтан белгілі. Өсім­­дік­тің атауына қатысты мәлі­мет­­тер­­де жергілікті тұр­ғындар дәрі­лік өсім­діктерді із­деу­шілерге «дәрі, міне» деп дер­мене жусанын көр­сет­кені ай­­ты­лады. Сондай аңыз­дар­дың не­гі­зінде оның атауы «дә­рі міне» сөз тір­кестерінен алы­нып, «дермене» деп аталып кеткен екен. 

«Арыс өзенінің алқабында өсетін дермене жусанының дәрілік қасиетін зерттеп, пай­даға жарат­қан Кеңес өкіметі «Дермене» кең­шарын құрған. Мен бұл кеңшарды бертініректе 1985-1997 жылдар аралығында басқардым. Ол жылдары дәрілік шөптерді дайын­дау мүлде азайған-ды. Сұранысқа қарай 5-10 тонна дайындалатын. Ал кеңшар құрылған алғашқы жылдары 200-300 тоннаға дейін дайындалған екен.

Қытай мен Үндістан көп мөлшерде алған. Жапония еліне де жі­берілді. Өткен ғасырдың тоқ­саныншы жылдарынан кейін және қазір де жусан ешкімге керек болмай қалды. Әйтпесе оның емдік қасиеті көп, қадірін білмей жатырмыз ба, әлде бас­қа да себептері бар шығар», дейді кезіндегі «Дермене» кең­шарының директоры, зейнеткер Серік Әлібеков атамыз. Иә, жоғарыда біз атап өткен зауыт бүгінде заманауи технологиялармен дәрі шығаруда. Дегенмен «Химфарм» дерменені өндіріске мүлде қолданбайды. Мұның се­бебін мамандар құрамында дермене бар дәрілердің қолданыстан шығуымен, жаңа препараттардың пайда болуымен байланыстырады. Ал қарапайым халық арасында жусанға деген көзқарастың өз­геруін фармакологиядағы бизнеспен байланыстыратындар көп. Арзан да пайдалы дерменеден гөрі қымбат дәрілерді сату медицина маңайындағы кәсіпкерлерге тиімді деп есептейді. Науқас­тарды дәрілік шөптермен емделуге үндеп жүрген емші, та­­биғат жанашыры Тәттібек Жар­қынбеков дермененің қа­сиетін жарнамалауға мүлде қар­­сы еке­нін білдірді. «Дүние жүзінде жусанның 500-ден аса түрі кез­деседі, оның 81 түрі елі­міз­дің далалы, шөлейтті және шөл­ді өңірлерінде өседі. Тамыз-қыр­күйек айлары аралығында гүлдейді. Латынша бұл шөпті «артемизия» деп атайды. Қазақ халқы үшін жусан қасиетті өсімдік. Жусанның ерте кездерден бастап шипалық қасиеті мол түрінің бірі – дермене жусаны (Artemisia cina). Қазақстанның оңтүстік аймақтарында ғана өсетін қасиетті өсімдіктің бірі. Кейде ерменді «боз жусан», кейде «ойраншөп» деп те атайды. Оның сабағының биіктігі 2 метрге дейін, ал тамыры 4 метр тереңге дейін таралады. Ер­теде бабаларымыз дермене жу­санын шетелдерге сауда кер­уен­дері арқылы көп мөлшерде жі­беріп отырған. Қытай, Англия, Ресей елдерінен сұраныс көп болған. Иә, жусанның, оның ішін­де дермененің емдік қасиеті жөнінде ұзақ әңгімелеуге болады. Бір ғана мысал, Шымкенттегі зауыт кезінде «цитрамон», «пеницилин» сынды басқа да дәрілер шығаратын, қазір оның орнына шамамен 25 есе қымбат шетелдік препараттар өндірілуде. Бұл арада, меніңше коммерциялық мүдде басым. Бірақ еліміздегі дәрілік өсімдіктерді жарнамалауға қар­сымын. Өйткені пайда тапқысы келетіндер заңсыз және жабайы жолмен жо­йып жібереді деп қауіптенемін. Бүгінгі эколо­гия­лық ахуал да жусанның азаюы­на зардабын тигізуде. Сон­дықтан Түркістан өңірінде су қоймаларын, жел электр стансаларын салмас бұрын оның табиғатқа, өсімдіктерге әсерін жан-жақты ескеріп, зерделеп барып шешім қабылдау қа­жет деп ойлаймын», дейді Т.Жарқынбеков.

Фармакология қажеттілігі үшін «Дермене» кеңшарында жусаннан басқа көптеген дәрілік дақылдар өсірілген екен. Бүгінгі таңда Арыста жусанмен ешкім айналыспайды десек те болады. Жергілікті тұрғындар қарағандылық ғалым ашқан «арглабин» дәрісін Арыста да шығаруға болатынын айтады. «Боз жусан тұщы болады, мал жейтіндіктен азая түсуі – заңдылық. Керісінше, даланы дермене жусаны басып барады. Бұл көзін тапқанға жақсы табыс әкелетін өсімдік. Бірақ елеусіз жатыр», дейді Арыс қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батыр Исламбеков. Қайбір жылы медицина саласындағы Нобель сыйлығын жусан негізінде безгекті емдеуге арналған препаратты әзірлеген қытайлық Юэ Ту алды. Яғни жусанды еліміздің ұлттық игілігі деп айтуға да болады. Өйткені біздің еліміз даладағы жусанды жер аумағы бойынша әлемде алдыңғы орынға ие. Бұл өсімдік пайдалы заттардың нағыз қоймасы, оның көпшілігі әлі ғылымға беймәлім. Десек те, 2012 жылдан бастап еліміздің жас ғалымдары жусаннан эфир майларын ала бастады. «Қазақ даласының хош иісі» атты жоба бойынша «Жусан» атты арнайы иіссу шығаруды қолға алғандар да бар. Ақпарат құралдары қа­­­­рағандылық «Фитохимия» хол­дингінің обырға қарсы «арглабин» препаратын әзірлеп, бү­кіл әлемге танымал болғанын жариялағаны да ұмытыла қойған жоқ. Сол кезде бұл дәрі-дәрмек Қарқаралы ауданында өсіп келе жатқан тегіс жусаннан жа­­салғаны, АҚШ, Германия, Ресей, Грузия және Қырғызстан он­кологиялық клиникаларында табысты қолданылатыны да айтылған-ды. АҚШ-тың Калифорния штатындағы университет ғалымдары ғылыми тілде «Artemisia Annua» деп аталатын өсімдіктің бар-жоғы 16 сағаттың ішінде өкпе рагы жасушаларының 98 пайызын бірден жойып жіберуге қабілетті екенін анықтағаны да жария етілді. Ал осы «арглабин» препараты елімізде қолданыла ма? Шымкент қалалық онкологиялық орталығының бас дәрігері Сәкен Катбаевтың мәлімдеуінше, кей­бір кері әсерлерінің бары анық­талғандықтан «арглабин» препараты қолданылмайды екен.

Айта кетелік, дермене жуса­ны елімізде шағын ал­қапта өсетіндіктен әрі сирек кез­десе­тін­діктен Қа­­­зақ­станның «Қызыл кітабына» (1981, 2014) жойылып кету қаупі төнген түр ретінде тіркелген. Сондай-ақ бұл өсімдік түрін қорғау және сақтап қалу, қорын молайту мақсатында 1967 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында республикалық мәні бар арнайы Задария, Ақдала (Арыс ауданы), Жамбыл (Бәйдібек ауданы) және Темір (Отырар ауданы) ботаникалық табиғи қорықшалар ұйымдастырылған болатын.

Түркістан облысы


Соңғы жаңалықтар

Доллар бағасы тағы арзандады

Экономика • Бүгін, 11:30

Ұқсас жаңалықтар