Ел назарын өзіне аударатын жағымды жаңалықтың тұсаукесерінде Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының басшысы Рәпіл Жошыбаев пен Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Виталий Времиш ақ жол тіледі.
Автошеру алдында IGTIC алаңында орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, автокөлік компаниялары мен халықаралық ұйымдардың, іскерлік орта өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтіп, баламалы көлік түрінің жетістіктері қолмен қойғандай түсіндірілді. Бұл басқосуға мүдделі ұйымдардың өкілдері қатысты. Қолжетімді технологияның ең үздігін пайдалана отырып, халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы Қазақстанда жеңіл көліктерді ғана емес, сонымен бірге жүк электрмобильдерін шығаратын өз өндірісін қалыптастыруға ынталы. Бұл дегеніңіз, алдымен мыңдаған жаңа жұмыс орны. Оған қоса, өміршең бизнестің дамуы.
Электркарлар көрмесіне отандық өндірістің өнімдері автомобиль түрлерімен бірге америкалық Tesla, немістің BMW және Smart Fortwo ED, жапондық Lexus, британдық Jaguar және қытайдың Ankai компанияларының өкілдері қатысты. Жұрт назарын Jrun электркарлар командасының NU Team студенттер жобасы аударды. Көліктің әр бөлшегі мұқият есептеліп, тиімді жасалған екен. Құрастырушы инженерлері мен конструкторлары – Назарбаев Университеттің төртінші курс студенттері. NURIS командасының қолдауымен студенттер бір жыл ішінде әуелі жобалап, содан соң жинап үлгерген. Сингапурде электркарлар категориясы бойынша өткен байқауда 14-орын алыпты.
Бүгінгі таңда электрмобильдер елге таңсық емес. 2016 жылдан бастап Қостанайда қытайлық әріптестермен бірлесіп шығара бастады. Сөз арасында JAC iEV7S моделінің Қазақстанда шығарыла бастағанын, Еуразиялық одақтың көліктің осы түрі бойынша ресми құптауына ие болғанын айта кеткен ләзім. Бірлесе шығарудың өзіндік мәні де бар. 2018 жылы әлемде электрмобиль түрлерін шығарудан Қытай көш бастап келеді. Оларда 1 200 000 осындай көлік түрлері шығарылып, сатылған.