Аймақтар • 12 Маусым, 2019

Сегіз қырлы ғимарат аршып алынды

316 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда облысының Қоғалыкөл ауылының маңындағы аршылып жатқан Қышқала қалашығының орнынан сегіз қырлы көне ғимарат табылды. XIII-XV ғасырларда атағы шыққан Қышқала қаласының орнынан табылған құрылыстың пішіні медресеге келеді.

Сегіз қырлы ғимарат аршып алынды

– Ғимараттың сәулеті өте ерекше. Бұның тіпті Қазақстанда баламасы жоқ деуге болады. Себебі дәл осы 8 қырлы, ішіне қарай қайтадан 8 қырлы бөлмелер салу, оның ортасына 8 қырлы еденделген әсем ғимарат салып, оның ортасына бағандар тұрғызып, 4 жерінен салуды әзірге біз кездестіре қойған жоқпыз, – дейді Қазақстан Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері Сырым Есенов.

Көне ғимараттың безендірілуі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен кем түспейді екен. Ғалымдар ондағы жазуларда араб қарпінен бөлек қазақы өрнектердің молдығын айтады. Қала аумағынан қыш күйдірілетін, дайындалатын пеш те табылған.

Қыш астындағы қала өткен ға­сыр­­дың тоқсаныншы жылдары ар­шыла бастаған екен. Бірақ үлкен зерттеуге дайындық жоқ, қаржылық қиындықтар салдарынан әуесқойлық жағдайда ғана қолға алынған.

Облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің бөлім басшысы Ғалымжан Садықов бұл қалашықтағы зерттеулер Сырда­рияның төменгі ағысындағы орта­ға­сыр­лық қалалардың тарихын тануға мүмкіндік береді дейді. Олай деуге тағы бір себеп, Қышқала қалашығы «Алпамыс батыр» эпосындағы Гүл­бар­шын арудың өскен өлкесінің сипа­тына келіңкірейді. Нақты тари­хи дәлелдер болмағанымен, Қыш­қа­ла­ның бұрынғы Баршынкент қаласы болу мүмкіндігі де жоқ емес.

Туған жердің тылсым сырлары, көне жәдігерлері Сыр бойының оқушыларын да қатты қызықтырады. «Өлкетану» үйірмесінің мүшелері келіп, үлкен ғалымдармен бірлесе өз зерттеулерін жүргізеді.

Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Қазақстанның киелі жер­лері географиясына ерекше тоқ­та­лады. Қышқаладан аршылып алын­ған көне ғимаратты осы жобаға қо­сылған зор үлес деп бағалауға әб­ден болады.

Бүгінде әлем саяхатшыларын күн­діз-түні жарқ-жұрқ еткен сәу­­леттік ғимарат, әсем табиғат әл­ди­­леген көрікті жерлермен таңғал­­дыра алмайсың. Олар бүгінгі за­ман­ның жетістіктеріне мелдектеп, кекірелеп тойған. Оларды өздері бағыт алған елдердің өткен тарихы, қалдырған жәдігерлері әбден қы­зық­тырады. Мәселен, көрші Өзбек­станның байырғы қалаларынан саяхатшылардың үзілмейтіндігінің бір сыры осы. Саяхатшыларды магниттей тартатын көне жәдігерлер, құнды тарихи нысандар Қазақстанда да аз емес.

Құм қаладағы сәулетті сегіз қыр­лы ғимарат, ғалымдар елімізде бала­масы жоқ деп отырған нысан – сол кереметтердің бірі. Халқымыздың беймәлім сырларын ішіне бүгіп жат­қан қалашықтың әлі талай қызықтары анық­талатындығы алдағы күндердің еншісінде болып тұр.

 

Қызылорда облысы