Роман Склярдың баяндамасындағы басты мәселенің бірі – «қарапайым заттар экономикасы» салаларын жеңілдікпен несиелеу бағдарламасын жасауы болды. Мәселен, бағдарламаға бөлінетін 600 млрд теңгенің 400 млрд теңгесі өңдеу өнеркәсібіне бағытталды. Бұл қазақстандықтардың күнделікті қолданатын 250-ге жуық өнеркәсіптік тауарлар өндірісін іске қосуға мүмкіндік береді. 2025 жылға қарай бизнесті жеңілдетілген қаржыландыру шамамен 16 мың тұрақты жұмыс орнын құруға, салық түсімдерінің 1,1 трлн-ға өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, «қарапайым заттар экономикасы» өнім импортының үлесін 59%-дан 37%-ға дейін төмендетеді.
Жыл сайын 40-тан астам экспорттаушы қаржылық және 400-ден аса экспорттаушы сервистік қолдау алады. Сонымен қатар 2019 жылы алғаш рет экспорттаушыларға дайын тауарларды экспорттау кезінде көлік шығындарын өтеу қарастырылған. Ірі өткізу нарықтарынан алшақтықты ескере отырып, тауардың өзіндік құнындағы тасымалдау үлесі 30%-ға дейінгі көрсеткішті құрайды, бұл экспорттық нарықтардағы бағалық бәсекеге қабілеттілікке елеулі әсер етеді. Тұтастай алғанда, экспорттаушыларды қолдаудың қабылданатын жүйелік шаралары 2022 жылға дейін шикізаттық емес экспорт көлемін 1,5 есе ұлғайту үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Роман Скляр «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуы туралы айтып берді. Мемлекеттік бағдарламаның басынан бастап автожол саласында республикалық маңызы бар 2,4 мың км автожол салынды және қайта жаңартылды. Ағымдағы жылы 4,4 мың км қайта жаңартумен қамтылды. Жыл қорытындысы бойынша 641 км қайта жаңартылған жолда қозғалыс ашу жоспарланып отыр. Республикалық маңызы бар 1,5 мың км автожолды жөндеумен қамту көзделген. Азаматтық авиацияда көрсеткіштердің тұрақты өсуі байқалады. 2018 жылы транзиттік жолаушылар саны 900 мың адамды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 45%-ға артық. 2020 жылы транзиттік авиажолаушылар саны 1,6 млн адамды құрайды.
Сондай-ақ министр тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіндегі негізгі көрсеткіштер туралы атап өтті. 2018 жылы 12,5 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. 2017 жылғы деңгейге қарағанда өсім +12,1%-ды құрады. Ағымдағы жылы 13,0 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салынады. Жыл басынан бері 4,6 млн шаршы метр тұрғын үй нысандары пайдалануға берілді. Көп балалы отбасылар үшін 7 жылға жалға берілетін тұрғын үй салуға және сатып алуға 350 млрд теңге қарастырылған. Осы кезең ішінде жыл сайын 6 мың жалға берілетін пәтердің құрылысы қамтамасыз етілетін болады. Ағымдағы жылдың мамыр айында әкімдіктер көп балалы отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй бере бастады. Қосымша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы аз қамтылған көп балалы, толық емес отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларды жылдық 2%-бен несиелеу енгізілуде. Бұл жыл сайын 6 мың отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.