Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты (қазіргі Түркістан облысы) Сарыағаш ауданы, Келес ауылында дүниеге келген Тағабек бала кезінен бұл мамандыққа көзі үйреніп ержетіпті. Себебі анасы дәрігер, ал әкесі ветеринар болып еңбек етті.
«Дәрігер болуыма бірден-бір әсер еткен ата-анамның машақаты көп денсаулық сақтау саласында еңбек етуі болды. 1992 жылы Ташкент облысы, Жаңа жол ауданы, У.Мұсаев ауылының №4 орта мектебін бітірдім. Үлкендердің үгіттеуімен сол жылы Ташкент педиатриялық медициналық институтының Педиатрия факультетіне оқуға түстім. Ол жылдары көршілес елдің астанасындағы іргелі оқу ордасының атағы дүркіреп тұрған кез еді. 1998 жылы аталған мамандықтың оқуын аяқтадым. Алғашқы еңбек жолымды Жаңа жол аудандық балалар ауруханасында тағылымдамадан өтуден бастап, дәрігер атты мамандықтың мәртебесін сезіне бастадым», дейді білгір маман.
Қазақстанда туып, тағдыр жазуымен шетелде білім алып, еңбек жолын бастаған Тағабек 1999-2013 жылдар аралығында Ташкент облысы, Зәңгі ата ауданы, «Өзбекстан» ауылдық дәрігерлік амбулаториясында педиатр-дәрігер, жалпы тәжірибелі дәрігер, амбулаторияның бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. Бала ағзасының ерекшелігін, баланың тамақтануын, гигиенасын, балалар ауруларының алдын алу мен оны емдеу жолдарын зерттей бастады. Өмір есігін жаңа ашқан сәбиден бастап, асыр салып ойнап жүрген өскіндерге медициналық көмек көрсету кезінде өзіне ғана тән емдеу әдістерін қолданып, талай балғынның жанына араша түсіпті. «Көбіне аурудың түрі жаңа туған сәбидің анасымен дұрыс жұмыс істемеудің салдарынан туады. Ұзақ зерттеу арқылы ең әуелі жаңа туған нәрестелерді ана сүтімен дұрыс ауыздандыруды басты назарға алып келемін. Жас аналармен пікірлесіп, баланың тәбеті мен демалысы туралы көбірек мәлімет алып, сол бойынша ем-дом жасаймын», дейді Тағабек Серікбаев.
Араға жылдар салып, «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», деген бабалар аманатын ұстанған Тағабек 2013 жылы қараша айында тарихи отаны Қазақстанға, оның ішінде Ташкентпен шекаралас Шымкент қаласына көшіп келді.
Жас маманның бойындағы қабілетті көре білген басшылар Тағабектің Шымкент №11, №6 қалалық емханаларына педиатр-дәрігер қызметін атқаруына мүмкіндік берді. Осы жылдар аралығында ол тәжірибесі арқылы қалыптасқан жетістіктерін ел игілігіне жарата білді. Қазіргі таңда №6 қалалық емханада жалпы тәжірибелі дәрігер болып қызмет етеді. Педиатрия мамандығы бойынша жоғары біліктілік санаты, «Жалпы дәрігерлік практика» және «Педиатрия» бойынша мамандық сертификаты берілген. Өз ісінің шебері бүгінде жұбайымен бірге үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.
Тағабек жыл сайын өтетін Медицина қызметкерлері күніне орай және нәтижелі жұмыс көрсеткені үшін емхана тарапынан үнемі марапатталып келеді.
«Біздің емхана аумағындағы 45 учаскеде 1700 пациент тіркелген. Олардың 70-80 пайызы бір жасқа дейінгі сәбилер. Сондықтан балалармен көптеп жұмыс істейміз. Күніне 15 минуттан бөлгенде 20 адам қабылдаймыз. Бұрынғыдай қағазбастылық жоқ. Барлығы электронды форматқа көшкен. Бүгінде тұрғындар арасында Өзбекстанның медицина саласы дамыған деген түсінік қалыптасқан. Сол елде еңбек еткендіктен, денсаулық сақтау саласының оң-солын жақсы білемін. Бүгінде Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы мен облыс орталықтарындағы денсаулық сақтау мекемелері озық технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Шетелден білім алған білікті дәрігерлер еңбек етеді. Сол себепті өзгені зор санауды доғаруымыз керек», дейді білікті дәрігер.
ШЫМКЕНТ