Қоғам • 19 Маусым, 2019

Қоғам әлеуметтік әділдік арқылы өркендейді

537 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Таяуда ел Президентін ұлықтау салтанатында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асырудың егжей-тег­жейлі жоспары әзірленетінін, халықпен кездесулер барысындағы ұсыныстар мен тың идеялар осы құжатта көрініс табатынын мәлімдеген еді. Президент салтанатты рәсім ба­ры­­сында елдің келешек дамуының 10 түрлі басым бағытын атап көрсету арқылы алдағы бет­­бұ­рыстың жалпы бағыт-бағдарын анық аңғартты. Соның бірқатарына тоқталып өтейік.

Қоғам әлеуметтік әділдік арқылы өркендейді

Ұлттық табыс әділ бөлінуі тиіс

Мемлекет басшысы халық­ты алаңдатқан мәселелерді шешу жолдарын ұсынды, әсі­ресе әлеуметтік салада жа­ңа серпілістің орнайтынын жет­кізді. Қ.Тоқаев бірінші кезек­те Қазақстанның Үшінші жаң­ғыруын жүзеге асыру, Бес инс­титуттық реформаны ілгерілету және мемлекетіміздің басқа да аса маңызды стратегиялық құ­жаттарын орындау бағытында жұмыс істейтінін, Елбасы Стра­тегиясын іске асыру жолында еңбек ететінін айтты. Тұрақты даму­дың жаңа деңгейіне шығу үшін жаңа тәсілдер мен тың шешімдер жуық арада жарияланбақ.

Екіншіден, ел Президенті өзекті әлеу­меттік проблемалар­ды шешумен, аса мұқ­таж аза­маттарға көмек көрсетумен нақ­ты айналысуды жоспарлап отырғанын жет­кізді. Үкі­мет­ке осы салада байыпты нәти­­же­­лер­ге қол жеткізу үшін шаралар әзір­леуге тап­сырма берілді.  Әлеуметтік саясат­ты сал­мақ­ты түр­де жаңарту қажеттігін айт­қан Пре­зи­дент дәл қазіргі уақыт­та елді қан­дай жайт­­тар­­дың мазалайтынына назар аудар­­ға­ны байқалды.

Мәселен, соңғы жылдары елімізде екінші деңгейлі банктер беретін несие көлемі артпаса, азаймағанын Ұлттық эконо­мика министрлігі таратқан мәлі­мет­терден де білуге болады. Белгілі бол­ғандай, соңғы үш жыл­да жеке тұлғаға несие беру 2,6 трлн теңгеден 4,5 трлн-ға дейін өскен. Айта кетер­лігі, одан бөлек шағын және орта кәсіпкерлікпен айналы­сатын­дардың да несие алуға көптеп бет бұрғанын аңғарамыз. Был­тыр жеке тұлғалар тарапынан алынған несиелердің жартысы­нан астамы кәсіпкерлік мақсат үшін берілген.

Ал биыл ипоте­ка­лық несие бойынша рекорд орнап, ипотека нарығы баспана алуға бағытталған мемлекеттік бағ­дарламалар аясында қар­қын­ды дамуда. Өткен жылмен салыстырғанда биылғы көр­сет­кіш 55,7 пайызға өскен. Ел­дегі несиелендіру саясатын жүр­гізумен қатар халықтың табыс деңгейінің де артуына басым­дық беру екіжақты те­пе-теңдікті ұстап тұруға мүм­кіндік береді. Сондықтан да Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаев күн тәртібіндегі шешілуі тиіс мә­­се­­лелердің ал­ғаш­­қысы ретін­де ха­лықтың табы­сын арт­тыру мә­селесіне назар аударып отыр. Бұл орайда Мем­лекет бас­­шысының:

– Ең бірінші, азаматтар бар­лық жерде әділдік орнауын қа­лайды. Әлеуметтік сая­сат­тан бастап, мем­лекеттік ор­ган­дар­дың халыққа әділ қыз­мет көр­сетуін талап етеді. Ха­лық­­ты тол­ған­дырып отырған басты мә­селе – табыс көлемінің азаюы. Халық­аралық қаржы нарық­тары­ның тұрақсыздануы, тең­генің девальвациясы ха­лық­­­тың табысына кері әсер етті. Миллионнан астам аза­­мат­­тары­­мыз банктен несие алу­ға мәжбүр болды. Табысы жо­­­ға­ры және төмен азаматтар ара­­­­сын­­дағы алшақтық – біздің қо­­ғам­­ды мазалайтын тағы бір өзек­­ті мәселе. Әрине, мұндай құ­­бы­­­лыс­тар бүкіл әлемде бар, де­­ген­­­мен тоқмейілсіп отыра беру­ге бол­майды. Демек, дәл осы ө­т­кір әлеу­меттік-экономикалық және сая­си мәселені шешу үшін орта мер­зім­­ді кешенді шаралар қабыл­дау қажет, – дегенін атап өтуге болады.

Президент тұрақты және қар­қынды экономикалық өсім ар­қылы ғана бұл мәселені ше­шуге бо­латынын, ең алды­мен, өсім біз­ге не үшін қажет еке­нін терең түсі­нуіміз керек­тігіне көңіл аударды.

Президент ұсынған бағыт­тың бірі – жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты ла­йықты жалақы­­мен қамту бол­мақ. Ұлт­тық табысты әділ бөлу мәселесі – стра­тегиялық ма­ңыз­ды дүние еке­нін, бюджет қара­жатын алдымен ке­ле­шегі зор мақсаттарға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бөлу қажет­тігін айтқан Қ.Тоқаев алда­ғы уақыт­та мемле­кеттің эко­номи­­ка­­­сымен қатар, әлеуметтік сала­­лар­дың тынысын ашуға күш салмақ.

Баспана салу да басты бағыттардың бірі

Президент межелеп берген екінші бағыт – жем­қор­лықты жою. Белгілі болған­дай, 1 қыр­күйекке дейін жемқор­лық­тың деңгейін мейлінше төменде­туге бағытталған реформалар топтамасы дайындалады. Ең алдымен кадрлық резервті дайындау арқылы білікті, қабілетті ең бас­тысы ісіне адал, мемлекеттік қыз­мет­керлердің санын арттыруға басымдық берілмек. Мұның өзі елдегі жемқорлық індетінің та­мырын кесуге жасалған бас­тапқы қадамдардың бірі болу­ға тиіс. Мемлекет басшысы жемқорлықты – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел, қоғам­дағы өзара сенімге, мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіре­тін кесапат деп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргізілетінін айтты.

Сот және құқық қорғау жү­йесін реформалау да негіз­гі ба­ғыт­тардың санатында. Сот – заң үстемдігінің кепілі еке­ні айтыл­ды. Тиісінше, судья­лардың жо­ғары кәсіби және адамгершілік талаптары­на сай болуы, судья­лар мен осы қыз­метке үміткерлер­ді баға­лау және іріктеу жүйесі қатаң­да­тылып, бұл елдегі әділ жү­йе­нің орнауына ықпал етуі керек.

Тұрғын үймен қамту ісі елі­міздегі ондаған жылдардан бері шешілмей келе жатқан мәсе­ле­­лердің бірі екені белгілі. Әлеу­­­мет­тік проблемалардың бас­­­тауында осы баспананың жет­кі­лік­­­сіздігі тұр десек те ар­тық айт­­­пай­мыз. Прези­дент­­тің де ал­ға қойған басым ба­ғ­ыт­­тары­ның бірі осыған ар­на­­лып отыр. Ел Пре­зиденті түр­­лі са­нат­та­ғы аза­­мат­тардың қол­­жетім­­ді бас­пана­ға ие болуына ай­рық­ша назар аудар­мақ. Қ.То­қаев билік алдында «Бір­ың­ғай тұрғын үй саясатын» жа­сақтау міндеті тұр­ғанын айтып, Үкімет осы бағытта нақты шара­­лар қабыл­дайтынына сенім білдірді.

Жалпы, елімізде бұған де­йін де баспаналы болуға ар­нал­ған түрлі бағдарламалар қа­был­дан­ды, олардың аз-кем нә­тижесі бол­­ғанын да жоққа шығаруға бол­­мас. Мәселен, был­тыр 12,5 млн шар­шы метр жа­ңа тұрғын үй пай­да­лануға берілсе, бұл көр­сет­кіш 2017 жылғы деңгейге қара­ғанда 12,1%-ға өскендігін көреміз. Оның үстіне ағымдағы жылы 13 млн шаршы метр жаңа тұр­­ғын үй са­лы­нады деген жо­с­пар бар. Жыл ба­сынан бері 4,6 млн шаршы метр тұрғын үй нысан­дары пай­­­­да­лануға берілді. Көп ба­лалы от­­­­ба­­сылар үшін 7 жылға жал­ға бе­­рі­­­­летін тұрғын үй салуға және са­­­тып алуға 350 млрд теңге қа­рас­­­­­­ты­­­­рылған. Осы кезең ішінде жыл сайын 6 мың жалға берілетін пә­тер­­д­ің құрылысы қамтамасыз етілмек.

Айта кетерлігі, биылғы жыл­дың мамыр айында әкімдіктер көп балалы отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй бере бастады. Қосымша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы аз қамтылған көп балалы, то­лық емес отбасылар мен мүм­кіндігі шектеулі балалары бар отбасыларды жылдық 2 пайыз­бен несиелеу енгізілуде. Бұл ар­қылы жыл сайын 6 мың отба­сы­ның тұрғын үй жағдайын жақ­сарту­ға мүмкіндік тумақ.

– Билік халыққа берген уәде­сін орындауға міндетті. Биліктің басты миссиясы да сол. Осы арқы­лы елдегі тұрақтылық пен ұлт­тық бірлікті нығайту мүмкін бол­мақ, – деген Президент ал­дағы уақытта жүзеге асатын ре­фор­малардың нәтижелі болуын, бұған дейін бекітілген жос­пар­лардың назардан тыс қалмай­ты­нын айтты.

Енді Үкіметтің кеңейтілген отыры­сын­­­да еліміздің әлеумет­тік-экономика­лық дамуына ар­нал­ған нақты міндеттер ба­­рын­­­ша егжей-тегжейлі айқын­да­лып, жо­­ға­р­ыда аталған басым бағыттардың нақ­ты іске асу картасы бекітіліп, жауапты органдар мен азаматтар анықталуға тиіс.