Мұндай оқиғалар кезінде сол маңайға кездейсоқ тап болған азаматтардың құрбандарды құтқаруда аянып қалмасы анық. Солай етуде де...
Осындай сын сағаттарында алғашқы медициналық көмек әліппесін, келіссөздердің құпиясын меңгерген, білек күштері білеуленген, ұстамдылық қасиеттерін бойына сіңірген полиция қызметкерлерінің еңбегін ерекшелеп айтуға болады. Әсіресе соңғы кездері халқымызға мүлдем жат құбылыс – өз-өзіне қол жұмсауға бекінген жандарды құтқарып қалуда ішкі істер саласының өкілдері аз еңбек сіңіріп жатқан жоқ.
Осы сөзімізді нақты деректермен тұздықтасақ, жуырда Ақтөбе темір жол стансасы маңайын жоспарлы шолу барысында желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Шыңғыс Қамбарбеков және Жансерік Шаутенов өтпелі көпірден секіруге оқталып тұрған қызды байқайды. Ақырын жақындап, жылы сөзбен, суицид жасауға бекінген қызды райынан қайтаруға полицейлер барын салады. Сөйтіп жасы жиырма екіге енді толған қыз полицейлердің шебер психологиялық «шабуылының» арқасында ажалдан аман қалды. Құтқарылған қызға одан әрі Ақтөбе вокзалында кәсіби психологтар көмек көрсетті.
Ал Павлодарда жұбайымен ренжісіп, көзін жасқа бұлаған 32 жастағы келіншек өмірімен қош айтыспақ болып, Ертіс өзенінің жағалауынан бір-ақ шыққан. Ащы судың буымен ашуына төтеп бере алмаған бұл бейбақ іс насырға шапқан жағдайда артында үш баласының зар илеп қалатындығын да ойламаса керек. Көретін жарығы таусылмаса керек, буырқанған өзеннің үстіндегі көпірде көз жасын сорадай ағызып тұрған келіншекті байқаған автокөлік жүргізушілері бұл жайтты «Рубеж» бақылау бекетінде кезекшілік атқарып тұрған полицейлерге хабарлайды. Дереу оқиға орнына жеткен кіші лейтенант Ербол Айғожин келіншекті жылы сөздерімен жұбатып, алдаусыратып тұрып жанына таяған сәтте көпірдің ернеуінде тұрған жерінен мойнынан құшақтай алып жерге түсіріп үлгерген.
Солтүстікқазақстандық полиция департаментінің қызметкері кіші сержант Денис Комаровтың жексенбілік кештегі кезекшіліктерінің бірі ұзақ уақыт есінде қалары анық. Қызылжардағы «Жеңіс саябағының» аумағында құқықтық тәртіптің сақталуын қадағалап жүрген полицей сол маңайдағы орындықтардың біріне ұялы телефонын қалдыра сала, Есіл өзеніне қарай сүріне-қабына жүгірген қызды байқап қалады. Аяғын жылдамырақ басып, бейтаныс бойжеткеннің телефонын ала сала соңынан жүгірген Денис биіктігі 25-30 метр жарқабақтан секірмек болып тұрған қызды көргенде ойы сан-саққа жүгірді. Міндет – бейтаныс жанды ажалдан арашалау. Кәсіби дағды бойынша: «Тоқтаңыз! Сіздің әпке, інілеріңіз бар ма? Олар жайлы ойлаңыз...», деп қызды әңгімеге тартып, райынан қайтарып, жақын келмек болады. Бірақ жағалаудағы қыз полицейге жақындамауды бұйырып, алған бетінен қайтпауға бекінген. Д.Комаров қолындағы рациямен ақырын сөйлеп, әріптестерін көмекке шақырған. Оны жұбаныш сөздерімен алаңдата отырып, қасына таяған сәтте қолынан шап беріп ұстап, қауіпсіз жерге алып шығады.
Ал Қызылорда қалалық полиция басқармасының учаскелік полиция қызметкерлері Жасұлан Сарбалаев пен Бауыржан Алдаберген «102» телефонына «Шұғыла» шағын ауданында ашық терезе жақтауында 2-3 жастағы балдырғанның отырғаны туралы хабарламадан соң оқиға орнына шұғыл жетеді.
Айтса айтқандай, ашық терезе алдында қаперсіз отырған бала қауіпті сезетін жаста емес екен. Ойлануға уақыт тапшы. Ж.Сарбалаев терезеге жақын тартылған газ құбырына өрмелеп шығып, баланың тұсына келген сәтте оны пәтерге қарай итеріп құлатады. Әрине полицейдің физикалық даярлығының пайдасы да осындайда тиеді. Іс оңтайлы шешілгеннен кейін Б.Алдаберген көрші-көлемді аралап, үй иелерін іздеуге кіріседі. Сөйтсе балдырғанның анасы жұмыста, ал әкесі дүкенге шығып кеткен екен.
Полиция қызметкерлерінің өрттің кезіндегі көзсіз ерліктері де бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жарияланып тұрады. Соңы қуанышқа ұласқан мұндай оқиғалар кезіндегі шұғыл шешімдер мен құтқару операциялары санаулы минуттарда жүзеге асырылады.
Ал полиция қызметкерлері демалыс кезін айтпағанда, зейнеткерлікке шыққан соң да антынан таймайды. Айталық таяуда Щучье қаласында тұратын ішкі істер саласының ардагері Ержан Арғымбаев түнгі сағат үштің шамасында көрші үйден будақтап шыққан түтінді байқайды. Санаулы минуттар ішінде қызыл жалын шарпи бастаған үйге жетіп есігін қаққанымен ешкім есік ашпайды. Содан бет шарпыған жалынға қарамастан, терезені сындырып ішке кіріп, көзге түрткісіз қараңғыда, қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан егде жастағы екі адамды сыртқа алып шығып үлгерген.
Батырымыз көліктегі полиция департаментінде 20 жылдан аса еңбек етіп, Макинка стансасының желілік полиция бөлімінің бастығы лауазымынан құрметті еңбек демалысына шыққан жан болатын.
Міне, көп оқиғалардың ішінен бұл деректерді сүзіп алғандағы мақсат біреу – ерлік істерді үлгі қылу, ажалдың айтып келмейтінін, қауіп-қатердің тосыннан болатынын еске салу. Әрине полицияның шымыр жігіттерінің еңбектері ерен, олардың алды мемлекеттік наградалар да иеленді, бірақ құтқарушылар өз істерін ерлікке баламайды, бастысы – адамдардың амандығы.