Қоғам • 20 Маусым, 2019

Әке деген ұлы есім

2759 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әлемнің көптеген елдерінде Халықаралық әкелер күнін атап өту дәстүрге айналған. Біздің елімізде бұл күн арнайы бекітілмегенімен, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы кеңсесі таяуда әкелердің басқосуын өткізді.

Әке деген ұлы есім

Әлмисақтан қазақ қоғамында әке – қорған, әке – асыраушы, әке – айбын болып, бұл үлгі ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келді. Алайда өткен ғасырда формация ауысуымен, Кеңес өкіметі әкелген «әйел теңдігімен» бірге қоғамдық санаға үлкен өзгеріс енді. Қашаннан қыздарын бүркеп ұстамайтын, қажет болғанда атқа да қонып, ел қорғаған апаларының үрдісін жалғауға әзір қазақ қыздары жаңа заман келгенде жаппай оқу оқып, білім алып, ерлермен бірге жұмыс та істеуге көшті. Санаға сыналап енген өзгеріс болмысқа әсер етті. Тек әйелдердің емес, тұтастай қоғамның бітіміне, санасына түбегейлі өзгеріс жасалды. Елдік масштабта толғанатын, балаларды қорғау, аналар мәселесі, қарттар мен әкелердің проблемалары деп әрқайсысын жеке-жеке оларды арнайы сөз ететін үлкенді-кішілі шаралар жиілеп, халықаралық сарапшылар қатысуымен өтетін деңгейге жетті. Ал ненің де салдарымен емес, себебін біліп барып, қоғам болып өз сырқатын анықтап, тұтастай еміне жұмылмаса ешқандай мәселе түбегейлі шешілмейді. Бұл ретте қазақ қоғамының тұтастығы, ауызбірлігі мен ұрпағының болашағы жолында үндесе қимылдауының мәні ерекше.

 «Жаңаның бәрі ұмытыла бастаған ескілік» деген қанатты сөз бар. Бұрын қазақтар қыздарын ерте ұзатып, барған жерінде енесі анасының орнын басып, білмегенін өзі үйретіп тәрбиелеп алатын. Қалыптасқан енелер институты ұрпақтан-ұрпаққа жақсы дәстүрді, от­басылық тәрбиені беріп отыратын. Қа­зақта ба­уырлар институтының да өзін­дік дәстүрі болды.

Сабақтастық үзілмеді. Бәлкім, бүгін­гі күні жаңа заманның сұранысына лайықталып, заманауи кейіптелеген осы инс­титуттарды жандандырып, қоғамды өз ішінен тәрбиелеу қажет шығар.

 Бүгінде әйелдер қауымы ер адамдармен бірдей 8 сағат жұмыс атқарады, ерлермен салыстырғанда үй жұмысына да екі есе көп уақыт жұмсайтынын зерттеушілер нақты анықтапты. Сонымен қатар қазақстандық әйелдердің 66%-ы үйден тыс жұмыс істейді. Салыстыратын болсақ, еңбек нарығындағы ерлердің үлесі 77%, яғни әйелдерден тек 11% ғана артық. Әлеуметтанушылардың деректеріне сүйенсек, мектеп жасына толмаған балалардың күтімі мен тәрбиесіне қазақстандық әкелердің тек 6,6%-ы ғана қатысады екен.

 БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілі Артур ван Дизен: «Менің Қа­зақстанға келгеніме екі апта ғана өтті. Бұған дейін Намибия, Танзания, Тә­жікстан, Иордания, Англияда тұрып еңбек еттім. Әр елдің өзіндік дәстүрі, өз бітімі, өз реңкі бар, алайда барлығына бірдей бір ұқсастық бар. Ол – баланың дұрыс адам болып дамуына әкесі мен шешесінің бірдей қамқорлығы мен махаббатына шомылудың қажеттілігі. Тағы бір сәйкестік – нәресте өмірге келген күннен бастап оны бағып-қағуда әкелер тыс қалып, барлығының аналар мойнына артылуы дер едім. Әкелер күні өз өмірімді ортаға салғым келеді. Әкем бізді соншалықты жақсы көрсе де, көп көңіл бөле алмайтын. Жұмысы алыста болғандықтан қатты шаршап келетін де, бізбен айналысуға мұршасы да келмейтін. Сондықтан да әке атанғанымда мен балаларымның өмірінің бір бөлшегі болуға тырыстым. Өзімді соншалықты бір керемет әке санамаймын, бірақ мен көп уақытымды соларға арнаймын. Соның арқасында балаларыммен арада түсіністік бар, біздің қатынастарымыз балаларыма ғана емес менің өзіме өте жақсы ықпалын тигізді. Соған қарағанда әкеліктің өзі ұрпақтан-ұрпаққа өзгеріске ұшырап келіп отыратын тәрізді», деген ойын айтты. Шынымен жоғарыда айтылғандай, қоғамға қажетті барлық қатынастар дәстүрге негізделе, болмыс­тан қатты ауытқымай өзгеріске еніп, заман сұранысына бейімделуімен құндана түсетіндей.

Тележүргізуші Данияр Қошқарбаев: Екінші қызым туып, бар зейініміз соның тәтті қылығына ауып кеткенде үлкен қы­­зым қатты тұйықталып, көлеңкеге ай­налғандай болды. Алғашында аңдамай қалып, артынан психолог маманға жү­гінуге тура келдік. Сонда қызым «Мені ата-анам жақсы көрмейді. Оларға қажетім жоқ», деп өкіріп тұрып жылапты. Тез ес жиып, орын алған қателікті жөндеуге кірістік. Осыдан кейін қызыма көбірек уақыт бөліп, оның киімінің жарасқанын қызықтап, жуынып шыққанда шашынан иіскеп дегендей, оны қызықтыратын тақырыптарда әңгімелесіп, әкесі ғана емес, сыр жасырмайтын досына айналдым. Мен үшін отбасыммен бірге үй жинау, ыдыс жуып тастау арланатын жұмыс емес», дейді. Ол инстаграм желісінде әкелік тәжірибесімен бөліскенінде ерлер қауымының әйелге тиісті шаруа атқардың деп сынайтынын ортаға салды.

«Аутизм. Қолжетімді орта» қо­рының негізін қалаушы және «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі төрағасының міндетін атқарушы Руслан Қазыбаевтың, заңгер және әлеуметтік желілердегі инфлюенсер Медет Өсеровтің сөздері де ойландырады. Руслан Қазыбаевтың баласы төрт жасқа толғанда аутизммен ауы­ра­тыны анықталыпты. «Баламды Қытай дәрігерлеріне қарату үшін Үрімшіге барғанда жасөспірім ұлының памперсін ауыстырудың талдырмаш, нәзік әйелге қаншалықты қиын екенін көру менің ішкі әлемімде соншалықты төңкеріс жасады. Оған дейін мен де ұлыма соншалықты көп қарай қоймайтынмын. Осыдан соң әйелімнің демалып, кино, театр, сән салондарын жаны қалайтын нәзік жан екенін ойладым. Әке жауапкершілігін, оның отбасының қызығы мен қатар тауқыметімен де бөлісудің маңыздылығын жете ұғындым» дейді. Медет Өсеровтің жан сыры тыңдағандарды селт еткізген. «Әкем зауытта кейде түнгі ауысымда жұмыс істесе де бізге уақыт тауып, секцияларға апарып, сабақ оқуға көмектесетін. Әкем айтқан ертекті тыңдап жатып ұйқыға кету қандай ғажап еді! Мен де екі ұлдың әкесімін. Осыдан бірнеше жыл бұрын зайыбымыз екеуміз ажырастық. Шешім қабылданған соң, балалар анасымен 10 күнге шетелге демалысқа кетті. Мен үшін бұл ең азапты, ең ұзақ 10 күн болды. Әуежайдан «әке» деп жылап маған қарай жүгірген ұлдарымды көргенде менің де көңілім босап, көзімнен жас шықты. Әйеліңмен дәм-тұзың бөлінгенімен балаңмен ажыраспайсың. Балаларым менен алыстаған жоқ, қайта оларға қаншалықты қажет екенімді бұрынғыдан да жауаптырақ, бұрынғыдан да айқын сезінемін. Үлкен ұлым дзюдомен айналысады. Жарыс болардан бір күн бұрын ертең жарыс екенін айтады. Сол күні алып кетіп, ертеңгілік өз қолыммен «чемпионның таңғы асы» атты жеке өзім ғана даярлайтын тағамды әзірлеймін. Ұлым сонда өзін сенімді сезінеді. Ажырасқан ерлі-зайыптылар арасында дұрыс қарым-қатынастың орнауы балалар үшін өте маңызды. Өйткені олар әке-шешенің біреуін аз, біреуін көп мөлшерде емес, тіпті ол бағалауға келмейтін өлшемде жақсы көреді. Балалар қалаған уақыттарында анасының, қалаған кезінде менің жанымда бола алады. Бұл – ата-ананың ұрпағы алдындағы үлкен жауапкершілігі. Балаңызбен бірге қуана біліп, онымен бірге тыныстай алыңыз. Балаға әке де, шеше де қажет. Екеуінің де махаббатын толық алуын мейлі олар бөлек тұрса да қай ата-ана да жасай алады. Мен соған шақырамын», деді ол.

 Құндылықтардың орны уақыт өте келе заманға лайықты, кейде лайықсыз тұрпатта өзгеріске ұшырап отырады. Кейде қуана, кейде қынжыла отыра көнуге тура келеді. Бірақ жақсы мен жаманның ара-жігін ажырата алмаудың салмағы отбасына ғана емес қоғамға да ауыр.

 О баста «Әкелер күнін» атап өтуді анасы қайтқанда 5 баланы өзі бағып өсірген әкесінің еңбегін көпке жет­кізгісі келген америкалық Сонора Смарт 1909 жылы ұсынып, Америкадан соң Ұлыбритания, Голландия, Франция, Қытай, Жапония қолдап, бұл күні әке­лерге алғыс айтылып, сыйлықтар ұсыну әдетке айналыпты. Содан бері маусым айының үшінші жексенбісін әкелерді құрметтеуге шақырған мейрам аталып өтіледі. Иә, әкелер құрметке лайық! Алайда осы күні айтылар проблемалар да аз емес...