Әлем • 25 Маусым, 2019

БҰҰ Сауд ханзадасына ресми айып тақты

261 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

БҰҰ былтыр аса жауыздықпен өлтірілген саудиялық журналист Жамал Хашогги (немесе Хашкуджи) өліміне қатысты ар­найы зерттеу жүргізіп, есеп дайындады. Оның алғашқы нәти­жесін бұл іске жауапты болған Агнес Каламар жариялады. Ол жур­на­лист өліміне Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұха­м­мед бин Салман және осы елдің басқа да азаматтары жауапты деген қорытындыға келді. Сауд Арабиясының Сыртқы істер ми­нистрі бұл баяндаманы мойындаудан үзілді-кесілді бас тарт­ты, тіпті, құжатта өзара үйлеспейтін материалдар бар деп мәлімдеді.

БҰҰ Сауд ханзадасына ресми айып тақты

Қылмыс. Журналистің де­не­сі әлі күнге табылмады. Бі­рақ зерт­теу тобы дәйек бола­тын аудио жазбаларға қол жет­кіз­ген. Аг­нес Каламар 26 мау­сым күні БҰҰ-ның Адам құқы­ғы жөнін­дегі кеңесте есепті жария­ла­мақ. Егер естеріңізде болса, Сауд билігін жиі сынап келген Вашингтон пост газетінің тіл­шісі Жамал Хашогги 2 қазан күні Ыстанбұлда орналас­қан Сауд Арабиясының консул­ды­ғы­на өзінің неке құ­жатын алып кету үшін қа­лың­­дығымен бірге келген. Алай­да сол күйі ол ғи­мараттан шық­паған. Істі зерт­теген Түркия про­ку­роры жур­налист Хашогги консул­дық­қа кірген бойда тұн­шық­тырылып, кейін денесі бөл­шек­телгеннен кейін ғана кон­сулдық ғимаратынан шыға­рыл­ған деп мәлімдеген еді. Түр­кия ақпарат агенттіктері осы операцияны орындау үшін Сауд елі­нен 15 агент арнайы келгенін, мақ­сатына жеткен соң сол күні-ақ Түр­киядан әртүрлі уақытта ұшып кеткен деп жазды. Дәлел ре­тінде олардың Ыстанбұл әуе­жа­­йын­дағы фото-бейне жаз­ба­лары жарияланды. Аталған агент­­тердің бірнешеуі ханзада Мұ­хаммед бин Салманның жеке оқ­­қа­ғары екен. Келгендердің ара­­сында белгілі паталог-анатом Салах Мұхаммед әл-Тубаики да бол­ған. Яғни, егер адам денесі бо­­й­ы­н­ша маман да Ыстанбұлға ар­­найы ұшып келсе, онда 15 агент жур­налист пен жай ғана сұх­бат құр­ғысы келмегені белгілі.

Қалай болған? Егер журналист жабық ғимаратта өл­тірілсе, онда осыншама ақ­парат қалай мәлім болды деген сауал туындайды. Бір нұсқа бойынша Ха­шогги кон­сул­дыққа кірген кез­де қолын­дағы Apple Watch сағаты қосы­лып, бүкіл қыл­мыс жазылып қал­ған. Жазба мәліметтер базасына (бұлтқа) бірден кеткен. Түркия барлаушылары сол жаз­баға қол жеткізіпті. Кейін оны кейбір Батыс елдері­мен де бөлісті. Алайда басқа нұсқа бо­йын­ша консулдық ғима­ра­тын­да Түркия барлаушылары тың­дау құрылғыларын орнат­қан. Жазбаға сәйкес, Хашог­ги ғимаратқа кірген бойда тө­бе­лес басталған. Көп өтпей, қылмыс­керлер оның денесіне арнайы дәрі салып, дене мүшелерін тірі кезінде-ақ бөлшектей бастаған.

Ж.Хашогги деген кім? Ха­шогги Сауд Арабиясындағы ық­палды әулеттен шыққан. Ол жастайынан журналистикаға ерте араласқан. Тіпті, террорист Усама Бен Ладеннен бір­неше рет сұхбат алған. Онымен жақсы қарым-қатынаста болыпты. 2000 жылдан бері Сауд Арабиясында түрлі газеттерде бас редактор қызметін атқар­ған. Хашогги соңғы жылдары Саудиядағы салафизмді, ханзада бин Салманды сынап келген. Алайда ол Дональд Трамп­тың жүргізген саясатын сы­н­а­ған соң оған өз елінде журна­лис­тикамен айналысуға тыйым салынған. Сөйтіп ол АҚШ-қа көшіп, 2017 жылдан бері Ва­шинг­­тон пост газетіне мақала жазып тұрған. Болжам бойынша Хашогги Туиттерде Саудия билігін қолдайтын тролльдарға қарсы «аралар отряды» деген жобаға қаражат тапқан. Яғни, интернет-белсенділердің тобы. Осы жоба оның өліміне се­беп болуы да мүмкін. БҰҰ-ның ар­­­найы баяндамашысы Агнес Кала­мар тергеу аяқталған соң мынадай тұжырымға келіп отыр: «Халықаралық тергеуді талап ететін дәлелдерді ескере отырып, тақ мұрагерін қыл­мыс­тық жауапқа тарту – ло­гикалық қадам деп ойлаймын. Ханзаданы Хашоггиді өлтір­мегеніне нақ­ты айғақ кел­тір­генше, оны санк­циялық тізімге қосуды сұрар едім. Осы іске байланысты 20 адам тұт­қын­далған. Солардың 11-не ғана айып тағылып, өзге­лері­не не­ліктен мұндай шара қол­­­да­нылмағаны белгісіз. Сон­дық­тан мұндай процесс көкейге сенім ұялатпайды».

Ханзадаға санкция салына ма? Журналист өлімін зерт­­теген Агнес Каламар бұл қыл­­мысқа жауапты кісілерге, Сауд ханзадасы Мұхаммед бин Сал­манға қарсы Батыс ел­дері санк­ция салуы қажет деген кеңес айтып отыр. Алайда бұл мүм­кін бе? БҰҰ-дағы мем­лекет­тер бұл кеңеске құлақ аса қоя ма? Бұл ұйымда сөзі жү­ре­тін бірнеше мемлекет мұ­най­лы Сау­дия­мен қаты­насын бұзғы­сы келмейді.

АҚШ. Сауд елі АҚШ-тың ең ірі қару-жарақ сатып алатын клиенттерінің бірі. 2017 жылы 110 млрд долларға тапсырыс бер­ді. Егер Вашингтон ханзада Сал­манға санкция салуға келіс­се, он­да әлгі келісімшарт­тан айы­­­ры­­лып қалуы мүмкін. Әрі бұл ел АҚШ-тың Таяу Шы­ғыс­­­­тағы ірі одақтасы. Оған қоса, Трамп­­тың күйеу баласы Джаред Кушнер ханзадамен ты­ғыз қарым-қаты­наста. Яғни, Амери­ка бұл қадам­ға бара қоймас.

Ресей. БҰҰ-да ықпалды мем­­­­ле­кет­тің бірі – Ресей. Сауд Ара­­бия­сымен тауар айналы­мы был­тыр 1 млрд доллардың көле­мін­де болды. Көп емес. Тәуе­кел аз. Яғни, Мәскеу санкцияға ке­лісуі мүмкін. Бірақ екі ел ОПЕК ұйы­мы аясында әлемдік нарықтағы мұнай бағасын реттеп отырады. Сондықтан БҰҰ-ның санкция­сына қосылмау үшін Ресей бі­раз саудаласуы мүм­кін. Оған қо­са, Ресей журналист құқығы, сөз бостандығы үшін күресетін ел деп айту өте қиын. Мәскеу қай­та осы жағ­дайдан өз пайда­сын көріп қалуға тырысатын шығар.

Қытай. БҰҰ-ның Қауіпсіз­дік Кеңесінде отырған елдің бірі – Қытай. Бұл ел Сауд елі­­не қар­сы санкцияға келісе қой­мас. Себебі биыл ақпан айында дәл сол ханзада Салман Бейжіңге барған сапарында Қытаймен 28 млрд долларлық келісімшартқа қол қойды. Оған қоса, сол кезде Қытай тер­ро­ризмен кү­ресуге құқығы бар деп мә­лім­деп, бұл елдің Шың­жаңда мил­лиондаған мұсыл­манды лагерь­лерде ұстауын қолдап кеткендей болды. Бұл мұсылман әлемі күтпеген мә­лімдеме еді. Басқаша айтса, қос тарап өзара келісті. Екі елдегі қылмыстарға көз жұм­ды. Жалпы, Қытай да демократия үшін жан беретін ел емес.

Еуроодақ. Ендігі үміт Еуро­одақ­та. Егер Еуропа журналист Жамал Хашоггидің өлімі үшін БҰҰ-ның Қауіпсіздік Ке­ңесін­де Сауд Арабиясына қар­сы санк­ция салуды табан­дап талап етсе, онда жағдай өзгеруі мүмкін. Кей­­бір айыптылардың жазаға тар­тылуына қол жет­кізуге де болады. Алайда Мұ­ха­ммед бин Сал­манның жауап­тылардың қата­рында бола­ды деп айту қиын. Жалпы, бұған дейін әлгі ханзада елінде әйел­дерге көлік айдауға алғаш рұқ­сат беріп, кинотеатр ашып, жас реформатор, либералды өз­­геріс­терді қолдаушы ретінде та­ныл­ған еді. Ал шын мәнінде, мүлдем олай емес екен.

Билікке талас. 33 жастағы ханзада Мұхаммед бин Салман әкесі король Салманның үшінші әйелінен туған баласы. Қазіргі қыз­меті премьер-министрдің екін­ші орынбасары, Қорғаныс ми­нистрі, тақ мұрагері. Сауд елін­дегі ықпалы жағынан екінші адам. Ол 2017 жылы елінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитет құрып, пара алу мен пара беруге қатысы бар деген біраз ханзада, кәсіпкер, мем­лекеттік қызметкерді тұт­қын­дап, олардан 100 млрд дол­ларға жуық қаражатты тартып алып, бюджетке құйды. Бұл олардың өз бостандығы үшін төле­ген ақысы еді. Ханзада осы­лай­ша «заңдастырылған пара» арқылы жемқорлықпен күре­суге тырыс­ты және өзіне біраз қар­сылас тапты. Бірақ әкесі король­дің қолдауы оған сенімді әрекет етуге мүмкіндік берді. Алайда Хашогги ісі ушыққан соң бұл елдегі ең ірі 7 рудың ба­сын қосатын «ғұламалар ке­ңесі» Мұхаммед бин Салманды мұра­гер­ліктен алып тастап, оның ор­нына 76 жастағы басқа ханзада Ахмед бин Абдул-Әзиз­ды қою мә­селесін қарастыр­ған. Король тірі тұр­ған кезде бұл жос­пар­ды іске асы­ру, әрине қиын. Оған қоса, АҚШ-та жас хан­­зада­ны қолдауын әлсі­ретті. Бірін­­шісі, Хашогги ісі бол­са, екін­шісі ханзаданың соңғы кез­де Ресеймен жақындасуы. Қыс­қа­­сы, тақ мұрагерінің қазіргі сая­си жа­ғ­­дайы біраз әлсірей бастады.

Жалпы, Жамал Хашоггидің өлімі XXI ғасырда да әлі де болса сөз бостандығының құны тым жоғары екенін, тіпті, адам өмірі қиылуы мүмкін екенін дәлелдеді.