Аймақтар • 25 Маусым, 2019

Сыр тарихымен сырласады

426 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Бармасаң, келмесең жат боласың» дейді халық даналығы. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев бірде Үкімет мәжілісінде жеке бір князь­дік құрғандай астамсып, бір-бірімен байланысы жоқ, бірінде жоқты екін­­шісі толтырып экономикалық қатынас жасай алмай отырған аймақ әкімдерін сын­ға алған еді.

Сыр тарихымен сырласады

Бұл сын өскелең ұрпаққа да қатысты. Өз өңірінің ғана тарихын білетін жас кү­ні ертең тұтас елдің қамын қалай жей­­ді,­ қалай білікті ұрпақ, болып қалып­та­сады?!

Енді осы олқылықтарды жекелеген оқу орындарының өзі толтырып жат­­қандығы қуантады. Қызылордаға Назар­баев Зияткерлік мектептерінің «Туған жерге тағзым» жобасы аясында Алматы мен Қостанай облысынан оқушылар экспедициясы келді. Олар бір апта бойы өңірдің тарихы мен мәдениетін және инновациялық нысандарды зерттемек. Өлкетану зерттеу экспедиция­сы­ алғашқы күні облыстық тарихи-өлке­тану музейінде болып, өңірдің өткені мен бүгінгісін бедерлейтін экспонаттар­мен танысты. Сыр жағасында орын теп­кен бұл аймақтың өз тарихында көр­меген құқайы жоқ. Айбалталары күнге жар­қырап, қылыштары салақтап қо­қаң­даған қоқандықтар Ақмешіт қала­шығының негізін салды. Ресей пат­шасының оқпаны сорайған зеңбіректерін сүйреген орыс армиясы Перовск деп өзгертті. Сұлтанбек Қожанов бастаған алаш арыстары кемсіту мағынасын бере­тін «қырғыз-қайсақтан» қазақ атауын қай­тарып, жаңа қалаға «Қызылорда» атауын бергенге дейінгі қилы тарихын білмекке құштар оқушылардың танымын жаңа деректермен толықтырды.

Оқушылар экспедициясы Қорқыт Ата атындағы университеттің археоло­­гия және этнография орталығында Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ, Ақме­шіт атауын ал­­ған төрт астана орталығы бол­­ған кө­не қалалардың бай тарихымен таныс­ты.

Облыстық әмбебап ғылым кітап­ханасында Сыр өңірінің мақ­та­ныштары Әбділда Тәжібаев пен Қалтай Мұхамед­жанов­тың шығармашылығына арналған көрмені аралады. Осында оқушылар Ха­лық­аралық Жазушылар одағының мү­шесі, «Шабыт» шығар­машылық фес­­тивалінің жүлдегері, бір­неше жыр жи­нақтарының авторы Толқын Қабыл­­ша­мен кездесіп, жеке шығармашы­лығымен танысты.

Оқушылар экспедициясы енді бір апта бойы Ақмешіт-Перовскінің тарихынан бөлек, Сығанақ қалашығының де­ректерімен, Қаратау бөктеріндегі қо­ла дәуіріне жататын петроглифтермен және Сырдариясымен сұлу шаһардың ескерткіштерімен танысады. Туған жердің тарихын тану осындай ізгі ниеттерден басталады.

Қызылорда облысы