Сұхбат • 28 Маусым, 2019

«Астана» халықаралық қаржы орталығы – ел дамуының бірегей құралы

1276 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) ашыл­ғанына бір жылға таяды. Бүгінде орталықта көптеген шетелдік компаниялар мен ұйымдар табысты ынтымақтастық ор­натқан. Солардың бірі – Ұлыбританияның қаржылық және қаржыға байланысты кәсіби қызметтер индустриясымен айналысатын «TheCityUK» бизнес-ұйымы. Осы уақыт аралығында қандай жұмыстар атқарылды, орталықтың ендігі бағыты қандай болмақ екенін білу үшін «TheCityUK» ұйымының Сыртқы байланыстар және стратегиялық мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Гари Кампкинмен тілдескен едік.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы – ел дамуының бірегей құралы

– Өзіңіз білетіндей, «Аста­на» халықаралық қаржы орта­лығының іске қосылуына британдық сарапшылар үл­кен үлес қосты. Олардың жұ­мы­сын қалай бағалайсыз? Орта­лық­тың әлеуеті қандай?

– «Астана» халықаралық қаржы орталығымен тығыз ынтымақтастық орнатқанбыз. «TheCityUK» британдық және қазақстандық сарапшылардың бастамасымен бірқатар жұ­мыс топтарын құрды. Сол ар­қылы халықаралық ашық ын­ты­мақтастық қағидаты мен ха­лықаралық реттеуші стандарттарына сәйкес құрылымдық элементтерді біріктіруге атсалысты. Орталықтың құқықтық және заңнамалық негізі ретінде ағылшын құқығына сәйкес әрекет етіп, дауларды шешу және арбитраж жүйесін соған негіздейді деген сеніміміз ақталды.

2016 жылдан бері ынты­мақ­­тастық орнатқан британ­дық заң сарапшылары мен компаниялардың көбі бүгінде АХҚО-ның Құқықтық консуль­тациялық кеңесі, Соты және ха­лықаралық төрелік орталығы ар­қылы жұмысын сәтті жалғас­тырып отыр. Ұлыбритания билігі Нұр-Сұлтандағы елшілігі арқылы біздің жұмысымызға үлкен қолдау көрсетеді.

Осындай қысқа мерзім ішін­де қаржы орталығын құру ар­қылы Қазақстан тарапы елдегі эко­номикалық дамудың деңгейіне халықаралық инвесторлардың көзін жеткізді. Бұл – ел экономи­касын жекешелендіру мен әр­тараптандырудың ауқымды про­цесін іске асыру үшін маңыз­ды.

– Нұр-Сұлтан әлемдегі қар­жы хабының біріне айналуды көздейді. Бұл үдерісте АХҚО-ның алар орны қандай? Нұр-Сұл­тан қаржы хабына айналу үшін қандай салаларда жұмыс­ты жандандыру қажет?

– АХҚО-ның негізгі функ­цияларының бірі – отандық жә­не халықаралық деңгейдегі инвес­торлар, қаржылық қыз­меттерді жеткізушілер және бас­қа да маңызды мүдделі тараптар үшін Қазақстанның жа­һандық профилін және елдегі мүмкіндіктерге қол жеткізудің түсінікті әрі сенімді тәсілін құру.

Лондон мен Ұлыбританияның қаржы орталықтарының тарихы дәлелдегендей, мұндай мүмкіндіктер танымал және бизнесті жүргізуге сенімді орта арқылы ғана толық іске асады. Заңның үстемдігі бизнесте өте маңызды орын алады және АХҚО жоспарлаған мақсаттарының негізі де осы.

Осы орайда «TheCityUK» корпоративтік басқару кодексін және этикалық тәжірибе мен бизнес жүргізудің ең жоғары стандарттарын қамтамасыз ету әдістерін әзірлеу бойынша АХҚО-мен тығыз жұмыс істейді. Ұлыбританияда және басқа да ағылшын құқықтық негізіне бағынатын елдерде үздік тәжірибені қамтамасыз ету – басты міндетіміздің бірі. Сондықтан бұл жұмысты АХҚО-да да жалғастырамыз.

Орталықтың жұмысын қа­даға­лайтындар үшін жақ­сы жаңалық бар. АХҚО басшылы­ғы қандай жұмыс істеу қажет­тігінен, нендей мәселелерге ке­зі­ге­тінімізден хабардар. Сон­дай-ақ Ұлыбританияны аса маңызды әріптес ретінде әрі қарай қарастыру бағытындағы жұмыс жалғаса береді. Табысты ынтымақтастықтың екі елге пайдасына қазірдің өзінде куә болып отырмыз.

– АХҚО-ның негізгі мақ­сат­тарының бірі – инвести­ция тарту. АХҚО осы тұрғыдан басқа елдерге қаншалықты қызықты болуы мүмкін? Жалпы алған­да, Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан инвесторлар үшін қаншалықты тартымды?

– Халықаралық қаржы орта­лығының табысын анықтауға кө­мектесетін факторлардың ішіне шетелдік инвестицияларды тартудың пайдасы кіреді. Банк­тер, сақтандыру, қорларды басқару, бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары, валюта айыр­бастау, кәсіби қызметтер және ең бастысы, адам капиталының бір жерде орналасуы маңызға ие.

АХҚО осы факторларды ес­кереді. Әлемдегі бүкіл ха­лық­­­аралық қаржы орталықтары Лон­дон, Нью-Йорк немесе Син­гапурдағы секілді жаһандық хаб­­қа айналмайтыны белгілі. Ен­деше, жергілікті немесе өңірлік деңгейге көңіл бөлген, мақсатты мамандандырылған қызмет ұсы­натын, белгілі бір тауар түрлеріне басымдық берген қаржы орталық­та­рының болашағы зор. Бірақ әділ жә­не ашық заңнамалық орта – ең маңызды фактор. Қалған фак­торлардың табысы осыған тікелей байланысты.

– АХҚО даулы жағдай туын­дағанда ағылшын құ­қық қағидаттары жүйесіне жүгі­не­тіні белгілі. Жалпы, ағыл­шын­ның құқықтық прин­цип­тері қалай жұмыс істейді?

– Ағылшын құқық қағидаттары Ұлыбританиядан басқа әлемнің көптеген бөліктерінде, оның ішінде Аустралия, Канада, Гон­конг, Үндістан және Жаңа Зе­лан­дияда қолданылады. Оның принциптері – соттардың үлгілі істеріне негізделген жазылмаған заңдардың жиынтығы. Ағылшын құқығы сот органдары мен жария алқабилердің пікірлері мен түсіндірмелеріне негізделеді. Оның мақсаты – тиісті істерге түсіндірмелердің бірыңғай стандарттарын қолдану арқылы дәйекті нәтижелерге қол жеткізу.

Ұлыбританияның бірқатар сот­тары мен заңгерлерін тарту арқылы азаматтық және коммерциялық дау­ларды шешуді халықаралық стандарт бойынша жүргізуге мүмкіндік бар. АХКО-ға Лорд Вульф (АХҚО Со­тының төрағасы), Барбара Доманн (АХҚО Халықаралық тө­релік орталығының төрағасы) және Майкл Блэр (АХҚО Құқық­тық консультациялық кеңесінің төрағасы) сияқты Біріккен Ко­роль­діктің бірқатар сыйлы ха­лық­­аралық бас соттары, судьялары және заңгерлері кіреді.

Бұл сот Қазақстан Республи­касының сот жүйесіне тәуелсіз. Оның апелляциялық соты, іс жүргізу нормалары, ұсақ талаптар үшін арнайы жеделдетілген процедурасы бар. Ең бастысы, АХҚО сотының судьялары, рәсімдері, тәжірибелері және стандарттары қазіргі уақытта Ұлыбританияда және бүкіл әлем бойынша басқа да ірі қаржы орталықтарында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге таныс.

– Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы бүгін әлемде жә­не өңірде өте өзекті. Осы үде­рісте АХҚО-ның рөлі қан­дай?

– АХҚО-да «Белдеу және жол» шеңберіндегі кез келген ұлттық инфрақұрылымдық жобаны дамыту үшін аса маңызды құқықтық кепілдіктер бар. Бұл «Белдеу және жол» шең­бе­ріндегі бастамаларды ілгері­ле­туге қажетті өте күрделі қаты­настар мен бағдарламаларға тірек болатыны анық.

Аталған бастама аясында көзделген ауқым­ды жо­­ба­лар­­ға атсалысуға қызы­ға­­тын­дар көп. Халықаралық қар­жы орталығының құндылығы осын­дай кезде анықталады. Қа­тысушылар мен ұйымдарды біріктіру, ынтымақтастық пен келісімшарттар үшін негіздер ұсыну, кез келген дау немесе кідіріс бойынша әділ шешім қа­былдау немесе шешу үшін сенімді процесті ұсыну секілді қызметтер маңызға ие.

Ұлыбритания тұрғысынан біз «Белдеу және жолдың» маңызын көріп отырмыз. Қазақ­станмен және АХҚО-мен қарым-қатынасымыз Ұлыбритания қатысатын жобалардың құнды­лығы мен коммерциялық импе­ративін арттырады. АХҚО Қа­зақ­станның Қытаймен қарым-қатынасында маңызды әріптесі бола отырып, ұлттық жобаларды анықтап, дамытады, бірлескен инвестицияларға жәрдемдеседі, жүзеге асырылатын жобалар үшін заңнамалық және норма­тивтік ортаны қамтамасыз етеді. Ұлыбритания халықаралық заң және инвестициялық жобалар саласындағы сараптамалық бі­лімді ұсына алады. Сондай-ақ қосымша қаржыландыру және инвестициялар көздерімен көмектесуіне мүмкіндік бар. Осын­дай жобалар барысында кездесетін трансшекаралық келі­сімшарттарға қатысты дауларды шешуге оң ықпал етеді.

Қаржы орталықтары жақсы ынтымақтастықтың арқасында өсіп келеді. Мұндай өсу қар­жы ор­талықтары орналасқан ел­дердің эко­номикасына пайда әкеледі. Қазір Ұлы­­британия мен Қазақстанның қаржы орта­лықтары арасында осындай әлеует пайда болып жатқанын көру қуантатын жайт.

 

Әңгімелескен Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»