Қоғам • 28 Маусым, 2019

Көп балалы отбасылардың қарызын азайту жөніндегі Жарлық жетісулықтарға қуаныш сыйлады

595 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көп балалы отбасылардың қарызын азайту жөніндегі Жарлығы Жетісу жерін мекен еткен мыңдаған әулеттің қызу қолдауына ие болды.

Көп балалы отбасылардың қарызын азайту жөніндегі Жарлық жетісулықтарға қуаныш сыйлады

Бүгінде Алматы облысында 40 мың көп балалы отбасы бар. Бере­кесі жарасқан осынша ша­ңы­рақ ас­тында 165 мың бала өсіп келеді екен. Ал аймақтағы 29 762 от­басы атау­лы әлеуметтік көмек ала­ды. Не­сие төлеушілер мен банк алдын­да­ғы қарызын төлеу­ге қабі­летсіз отбасы­лардың нақ­ты саны әзірге белгісіз болғаны­мен, олар­дың негізгі үлесін осы санат­тағы әулеттердің шоғыры құрай­тыны анық. Демек, Президенттің ар­найы қаулысы көптеген адам­дардың әлеуметтік жағдайын оңал­туға деген нақты қадам болып отыр.

Мәселен, Көксу ауданындағы Бал­пық би ауылының тұрғыны Мар­­жан Сайлаубаеваның 6 баласы бар. Отанасы мен отағасы тұрмыс қа­жет­тілігі үшін бірнеше банктен несие алған екен. Қарыз өтемақысын дер кезінде төлеуге тырысқанымен, ауыл­дық жердегі еңбекақының мар­дым­сыздығы, оған азық-түлік баға­сы­ның құбылмалылығы қосылып, несие қайтарымын банк белгілеген мер­зімнен  кешіктіруге мәжбүр бо­ла­тын­дықтарын айтады.

– Алты бала тәрбиелеп отырмын. Жа­қында атаулы әлеуметтік кө­мек тө­лене бастады. Күйеуімнің тап­қан табысы күнкөрісімізден ар­тыл­май­тын еді, атаулы төлем кәдім­гі­дей жәрдем болды. Біз сияқты көп ба­лалы отбасыларға мемлекет та­ра­пынан көрсетіліп жатқан кө­мекк­е ризашылық білдіріп жүр­генде, Пре­зиденттің көп балалы от­ба­сы­­лар­дың қарызын азайту жө­нін­дегі Жар­лығы тағы үміт сый­ла­ды. Аз­да­ған несиеміздің қарызын өтеу­ді мем­лекет мойнына алса, бұл ана мен бала үшін, жалпы адам­ға деген құр­мет емес пе, – дейді Мар­жан Сайлаубаева.

Ал осы Балпық би ауылында тұ­ра­тын тағы бір көп балалы ана – Ал­тын Абирова 6 баласы үшін еш­­қан­дай жәрдемақы ал­май­тынын айтады. Өйткені Алтын жұ­байымен бірлесіп шағын кәсіппен айналысады. Аудан орталығынан дүң­гіршекті жалға алып, нан өнім­дерін пісіріп сатумен айналысатын олардың табысы Үкімет бел­гі­леген мөлшерден асып кетеді екен. Себебі сауда-саттықпен ай­на­лысу үшін Алтын аудандық Са­лық басқ­армасына жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге мәжбүр. Бұл – заң талабы және орынды ереже. Бірақ патенттік жүйемен жұмыс істейтін шағын кәсіпкердің айлық табысы 300 мың теңгеден кем болмауы керек деген талап бар. Яғни, жеке кәсіпкердің фискальды табысы ай сайын осы сомадан кем болмауы тиіс. Бірақ жеке кәсіпкер үнемі мұндай көлемдегі таза табыс болмайтынын айтады.

– Қазір сауда жоқ. Бәсекелестік те күшті. Ұн қымбат, май қымбат. Ауылдық жер болғасын дайын өнім бағасын төмендетіп ұстаймыз. Үнемі пайда тауып отырғанымыз жоқ. Кейінгі кезде шыққан шығын өзін ақтағанға қуанатын болдық. Ай сайынғы салық, жерді жалға алу ақысы тағы бар. Ал 6 балама атаулы әлеуметтік көмек алудың жайын біліп ем, біздің табысымыз асып кетеді екен. Кезінде кәсібімізді жолға қою үшін 1 млн теңгеден ас­там несие алған едік. Әрине оны бірінші кезекте өтеуге тырысамыз. Президент Қ. Тоқаевтың Жарлығын естіп, қуанып қалдық. Егер мемлекет біздің несиемізді жауып беретіндей мүмкіндік берсе, ісімізді одан әрі өрлетіп, балаларымыздың ертеңіне алаңсыз болар едік, – дейді көп балалы ана Алтын Абирова.

Жалпы, елімізде әлеуметтік қор­ғау бағытына қатысты мәселе көп екені рас. Бір ғана атаулы әлеу­мет­тік төлем­ақыға қатысты сын­дар­­лы жағ­дай­лар әлі де кездесуде. Өңір­­дегі «Әлеу­меттік қорғау кар­та­­сы­­ның» жү­зеге асырылуын на­за­­рын­да ұс­тап отырған Nur Otan пар­­тия­сы­ның өкілдері баспанамен қам­ту, жәрдем­ақы төлеу жа­йы­нан бөлек, ел мен екінші дең­гейлі банк­тер­дің ара­сын­дағы арааға­йын­дыққа жү­ре­тін­дерін жасырмайды. Ал Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көп бала­лы от­басы­лардың қарызын азай­ту жө­нін­дегі Жарлығы осы мәсе­ленің түйі­нін шешетіні анық.

– Біз әлеуметтік мәселе бойынша түсіндіру жұмысымен қатар, нақты мәселені шешуге күш салудамыз. Оның ішінде «Бақытты отбасы»  жобасы аясында облыстағы әлеуметтік жол картасының ша­рапа­тын әрбір мұқтаж жанның көр­­геніне жауаптымыз. Биыл әлеу­мет­тік көмекке жер­гілікті бюд­жет­тен 6 млрд теңге бө­лін­ген. Ал әлеу­мет­тік жол карта­сы бо­йынша қо­сым­ша тағы 3,4 млрд теңге қара­жат қарастырылды, – дей­ді Nur Otan партиясы Алматы облыс­тық фи­лиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев.

 

Алматы облысы