Қазақстан • 03 Шілде, 2019

Ұлы тарих – туризм көзі

458 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Осыдан біраз бұрын Үкіметте қаралған еліміздің туристік саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын іске асыру нәтижесінде «2025 жылға қарай туризм саласының ІЖӨ-дегі үлесі 8 пайызға дейін жетеді, туризмді дамытуға инвестициялар көлемі алдағы 7 жылда 2 трлн теңгені құрайды; 200 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады, оның 72 мыңы тұрақты жұмыс орындары болады, туристер саны жылына 7 млн-нан 15 млн-ға дейін ұлғаяды» деп көрсетілген.

Ұлы тарих – туризм көзі

Сонымен қатар аталған мемлекеттік бағдарламаны және оған ілеспе заң жобасын қабылдау Қазақстанның саяхат үшін тартымды 50 елдің қатарына кіруіне жол ашады екен. Бағдарламаның тағы бір жағымды жағы 75 мыңнан астам ауыл тұрғын­дарының тұрақты жұмыспен қам­тыла­тындығы болып отыр.

Сөз жоқ, Үкіметте қаралған бағдарлама жобасының кісі қызығарлықтай тартымды жағы мол және бұл еліміз үшін жаңа саланың аяғынан тік тұрып кетуіне жәрдемін ти­гі­зетіні анық. Дегенмен осын­­дай жақсы жақтарымен қа­тар бағдарламада әлі толық ашыл­маған мәселелер де жоқ емес секілді. 

Біраз жыл бұрын Египетте он шақты күн болдық. Сонда бес мың жылдай уақыт бұрын салынған атақты перғауындар пирамидаларын көрдік. Қызыл теңіз жағалауында орналасқан осы елдің әлемге белгілі курорты Шарм-эш-Шейхта екі-үш күн демалдық.

Мұнан кейін Иорданияда болғанымызда екі жарым мың жылдай уақыт бұрын іргесі қаланған ежелгі Петра қаласын аралап көрудің сәті түсті. Ірі таудың жақпар тас­тарына ойып салынып, ба­ғаналармен әрленген сарай­лардың бетқалыптары бізге тым бертін пайда болғандай әсер қалдырды. Бірақ жол бастаушының сөзіне қара­ғанда, екі жарым мың жылдай уақыт бұрын бұл тас үңгірлер керуендер тоқтайтын мекенге айналып, сауда-саттық қызып жатқан нағыз гүлденген қала болған көрінеді. Мұнан кейін бізді осы елдегі Өлі теңіз жа­ғалауына апарып демалдырып, суға шомылдырды. 

Аустрия астанасы Вена қа­ласында болғанымызда Еу­ро­­паны билеген атақты Габсбург­тер әулетінен шыққан бірнеше императордың тұ­рағы болған Шёнбрунн са­райының қырыққа тарта бөл­месін ара­ладық. Жол бас­таушымыз «мына бөлмеде Наполеон Бонопарт бірнеше күн болған, мына бөлмеде бала Моцарт патшайым Марии Терезиидің алдында өз өнерін көрсеткен, мына бөлмеде АҚШ пен КСРО басшылары Кеннеди мен Хрущев кездесіп, келіссөз жүргізген» деп бір бөлмеден екінші бөлмеге ауысқан са­йы­н әр бөлменің бай тарихына тоқ­талып, бізді қызықтыра түседі.

Басқа да бірқатар елдің осындай тарихи орындарын аралап көрудің сәті түсті. Айтпағымыз, әлем танитын атақты тарихи орындар – туризм табысының басты көзі. Мәселен, Венадағы шағын ғана Шёнбрунн сарайына жы­лына 7-8 миллион турист келеді екен. Ал Мысыр пира­ми­далары мен ежелгі Петра қаласына келушілер одан көп болмаса, аз емес. 

Сол секілді еліміздің ұлы тарихы тәуелсіздік жылдарынан бері адамзат қауымына енді ашылып келеді. Әлем халықтарына скифтер, куман­дар, массагеттер, сарматтар атты бірнеше атаумен мәлім болған бір ғана сақ мәдениетінің іздерінің өзі неге тұрады?! Есік қорғанынан, Берелден, Шіліктіден табыл­ған алтын адамдар осы сақ мәдениетінің белгілері ғой. Сақтарды Еуропа халықтары тым ертеден әрі жақсы біледі. Тіпті ежелгі грек мифоло­гиясындағы басы адам, денесі жылқы тәріздес келетін кентаврлар бейнесі жылқыны үйретіп міну дегенді білме­ген еуропалықтардың атқа мінген сақтарды алғаш көр­­ген сәттерінде пайда бол­ған түсініктері негізінде қалып­тас­қаны енді белгілі болып отыр.

Қазір адамзат қауымы Қа­зақ­станды сақтардың тарихи Отаны ретінде мойындай бас­тады және мұны дәлелдейтін деректер ашылып жатқан ар­хео­логиялық қазбалар ар­қы­лы жыл өткен сайын көбейе түсуде.

Екіншіден, адамзат қа­уы­мы Қазақстанды кешегі дү­­ниені шулатқан, Жер ша­ры­­ның жартысына үстем­дік құрған Алтын орда им­пе­риясының Отаны ретінде таныды. Беларусь президенті Александр Лукашенконың Ресей мен Украинаның ара­сындағы Қырым мәселесіне қатысты «егер мынау менің тарихи жерім деп таласа бе­ретін болсақ, онда Ресейге Сі­бірді Қазақстанға беруіне ту­ра келеді, өйткені Сібір кешегі Алтын орданың иелі­гіндегі жер болатын» деп айтып салған бір ауыз сөзінің өзі неге тұрады.
Алтын орда – байтақ импе­рияға орыс халқының берген атауы. Негізінде оның ежелгі атауы Жошы ұлысы бо­латын. Жошының өмір сүр­ген жері – Қазақстан жері. Мазары Ұлытаудың бойында тұр. Ұрпақтары да біздің елде сақталды. Жошының ұлы Бату хан – Алтын орда им­­периясын құрушы, Еуро­паны жаулаушы, Ресей мем­лекеттігінің негізін қалау­шы ретінде тарихқа танылды. Ал Алтын орданың ең гүл­ден­ген тұсындағы астанасы Сарайшық (ежелгі атауы Сарай Берке) қаласы да Қазақ­стан аумағында тұр. 

Біздің ойымызша, осы­ның барлығы – Қазақстан туризмінің келешегі үшін өте құнды нысандар, болашақ мол табыс көзі. Өйткені қазір­гі туристер мынандай елді көрейін деп келмейді, мынандай тарихи нысанды көрейін немесе мынадай тамаша та­биғат ортасында демалайын деп келеді. Соңғы бір-екі жыл­дың өзінде Алакөл демалыс орнын жолға қойдық. Қазір онда келетіндер саны біз жоғарыда әңгіме қыл­ған Шарм-эш-Шейхтан аз болмаса керек. Бірақ бұл – не­гізінен алғанда ішкі туризм көзі. Он­да барып демалатындар – қазақстандықтардың өздері. Ал бізге сырттан турис­тер тарту үшін Мысыр пирамида­ларындай, ежелгі Петра қа­ласындай, Шёнбрунн сарайындай дүние жүзіне белгілі ірі тарих қажет. Біз үшін бұл – сақтар мен ғұндардың, Алтын орданың тарихы және солардан қалған тарихи нысандар.

Біздің ойымызша, осы мә­се­лені жуықта ғана Үкі­мет­те еліміздің туристік са­­ласын дамытудың 2025 жыл­ға дейінгі мемлекеттік бағ­­­дарламасының жобасын мақұлдатып алған Мә­де­­ниет және спорт минис­тр­­лігіндегілер ес­керуі керек. Біздің бұл жо­баға та­ғар мініміз жоқ. Он­да бәрі ескерілген секілді. Әсі­ресе туристік ин­фра­құ­ры­лым­дарды дамыту мә­селесі. Туристік инфра­құры­лым­дарсыз қазіргі туризм­ді елес­тетудің өзі мүмкін емес. Бір өкініштісі, бұл бағ­дар­ла­маға белгілі бір идеялық қазық жетпей тұрған секілді. Идеялық мығым қазық болмай, белгілі бір істі дамытуда шашыраңқылық орын алады. Осыдан қаржыны тиімсіз жұмсау басталады. Қысқасын айтқанда, шетелдік туристер Қазақстанға не үшін келуге тиісті? Қандай қызық көру үшін келеді? Осы сұрақтың жа­уабын қазірден бастап ойлану керек. Ал ішкі туризм бағдарлама жобасында белгі­ленген 2 триллион теңге ақ­шаны жұмсаған жағдайда уа­қыт өте келе бұл іс өзінен өзі жолға түсетіні айқын.