Сәт дегенің – бап қой. Бабы келісті. Ақыттың меншіктеп алған қос бабы бар. Алғашқысы – ішкі, соңғысы – сыртқы. Осы жұптың қиюы келіп, тігісі жатпаса, қылған тірлігі бос әуре. Ай шалқалай туған күні өзінің қалам ұстап, қағаз шимайлауға даяр екенін жымыңдаған жұлдыздардан ұғынды. Жалынып жүріп жалға алған жалқы бөлмелі пәтердің ас үйіне білтелі шамын құшақтай келді. Нан қоқымы шашылған айрандай ақ дастарқанды күрең қоңыр алақанның қырымен сыпырып, аранына тоғытты. Артынша бір құлашқа жетеғабыл үстелінің сол жиегіне талайдан тұтанбаған шамын жайғастырды. Ізін ала ақ қағаз бен сия сауыт қалықтай қонды. Айнала ағараң тартып, жарық біткен қуыс-қуысты тінтіп кетсе болғаны, Ақыттың бұлақтай тұнық ойлары кірбің тартады, сондықтан көптен бері осы шамның жалынына жүгінетін әдіс я айла тапқан. Сығырайған шам жарығы ақ айдынның жүзіне білте көлеңкесін түсірген сәтте, ол да өз жанының көлеңкесін қағаз бетіне түсіріп үлгеруші еді. Ал бүгін сүйрік саусағы сылқым сұлудай ұяңданып тұр. Қыранның қауырсын қанатын сия сауытқа батыруға жаны дауалар емес. Ақ қағаздың аршын төсіне мардымсыз бірдеңені түртіп қалса, онымен бірге жаны да болмашы сөзбен былғанатын тәрізді.
Сөз – алапат күштің нақ иесі. Ол кербезді оңды-солды сермеп, быламықтың бастауы қылуға әсте болмайды. Соны ойлап, Ақыт жалғандағы жалғыз жұбанышынан тайсақтап отыр.
Ай. Соңынан мың сан жұлдызын ертіп, түнгі аспанға өз шығармасын бүгін де жазуда. Ал Ақыттың жан дәптеріне әлі де қаламының ұшы тимеді. Шамасы іштегі ой жарық атаулыдан қаймығып, еңсесін тіктей алар емес. Сыртқы әлемнің айнасына айналған терезесін пері перденің құшағына аманаттап, жазу үстеліне қайта оралды. Есіл ойы сан-саққа жүгіріп, арнасын таба алмауда. Бұл қалай болғаны, Жаратқан?! Тас төбеден түн төнсе, ойы орамдалып, қағаз бетіне көсіліп түсуші еді ғой?! Бүгін де бабы әжуалап, мазақ еткені ме?! Жоқ, олай емес. Олай болуы тіпті де мүмкін емес. Өзінің бір білгені бар болса, қазір-ақ бұлқынып шығады. Тек күту керек. Талай күн сарылып, зарығып күтті емес пе?! Бүгін де күтуге сабыры мен қауhары әбден жетеді.
Сәби. Күрс-күрс жөтелді. Басынан бабының бағын тайдырған – осы жөтел. Алты ай бойы көк жөтелдің күрсілін естіп, мазасы қашып еді. Бүгін де естіді. Десе де, бұл күркіл сол күркілдің соңы іспетті. «Осымен сап тиылдым, жазарыңды енді жаза түс» дегендей қою түннің қойыртпағынан әлсіз шықты. Бәрібір шабыт сері қалам ұшына ілінер емес. Ақытқа «Үнсіздіктен ой ұрла» деп сыбырлайтындай. Жалғанда жазушы біткеннің барлығы дерлік ұрлықшы емес пе?! Үнсіздіктен – ой, тыныштықтан – сөз ұрлайды. Ықылым заманнан бері адам ұртынан шыққан әрбір асыл сөз әлі күнге дейін аспан кезіп жүр. Мақпал түнге малынып, тыныштықты жастансаң, қылмың қаққан әр жұлдыздың жарығына шағылысып, көзіңе оттай басылады. Ал сонда керегіңді қармап қал. Үнсіздіктің жөні мүлдем бөлек. Арнасы өзге. Оған байсалдылық, байыптылық керек. Тіпті өкпеден шыққан тыныстың өзін тұсаулап ұстауға тура келмек. Сан ғасырлар илеуге салған ой терінің ұшқан нілі түннен жеткен сәулемен қосақталып, санаға қонады. Ал оны қағаз бетіне айшықтап түсіру, шеберліктің еншісінде. Ақыт дәл қазіргі сәтте осы аталғандардың барлығына ие. Тек баптың бабы қиындау болып тұр. Сыртқы бапта кілтипан жоқ. Бар гәп ішкісінде. Ойға алған шығармасы тым ауыр. Кейіпкерінің тағдырын қыл көпірден аман өткізу жолын таппай, тайсақтап отырған секілді. Алакөлдің ебі қаққан асау толқынындай бұйра шашын қайта-қайта салалап қояды. Онысы – шабыт шақырып, делебе қоздыру.
Қалам. Қауырсын қалам. Көптен бері бәйге алып, көмбе көрмегендей томсырайып тұр. Сырттан жеткен лепке иіліп «Ал, қолыңа ал мені» дегендей теңселе тербеледі. Сонда да Ақыттың ойға алған дүниесін іске асыруға жүрегі дауаламады. Әлі де күту керек сияқты. Кеудесіне егіліп, жүрегінен бүр жарған сезім сырын ойын орамдап, сөзін салмақтап, санасын сығымдап бергісі келеді. Одан басқа шам көлеңкесінен жол көріп тұрған жоқ.
«Құсайын сақшы» – жанын жегідей жеп, қабырғасын талайдан кемірген шығармасының тақырыбы бұл. Бір жұтым жанар майды тауысқандағы алғашқы сөзі.
«Құсайын сақшы Үрімжі түрмесіндегі бір топ мұсылманды атуға бөлінген он екі оқтың бірде-біреуінің шашауын шығармай кері қайтарып берді. Үстел үстіне тапаншасын жылан жалағандай сүрткілеп отырған аға сақшы әкесінің мүлкін бөліске салғандай әрқайсысын санап тұрып:
– Бұйрықты бұлжытпай орындадың ба?, – деді қиық көзін сығырайтып.
– Іс бітті, – қырғи қабағы қимылдамады.
– Жарайсың жолдас, Құсайын!
– Халықтық Республикаға қызмет қыламын!»
Ақыт терең күрсініп, қаламын сия сауытына тоғытты. «Егер де Құсайын сақшының орнында мен болғанда қалай істер едім?» деген сұрақ оның ойын шырмап, санасын құрықтаған.
Молда көрген перідей перде атаулы жиекке сыдырылды. Ай да бұл шығарманың жазылуына өз септігін тигізгісі келгендей бұлт бүркеніп алыпты. Жымың қаққан жұлдыз жоқ. Бүкіл әлем қараңғылықтың құрсауында. Қалам қару қағаз қалқанның тасасында қалып қоймай оюлы өрнегін кезекті мәрте айшықтай түсті.
«Қазағы бар, ұйғыры бар, дүнгені бар өлім жазасына кесілген қылмыскерлердің шыбын жаны шығудың азар алдында. Мойылдай қара көздері жәутеңдеп үкім күтіп отыр. «Атылсын!» деген бір ауыз сөздің өзі жандарын жаhаннамға жібермек. Алақандарын Аллаға жайып, медет сұрауда. Түрме күзетшісі Бао Цзин жазаланушылардың жан тәсілім етер алдындағы бұл қылығына миығынан күлді.
– Ей, мұсылмансымақтар, жалынып-жалбарынуды қойып, имандарыңды үйіріңдер. Ертең-ақ оққа ұшасыңдар, – деп түрме тәңіріндей ыржалаңдап тұр.
– Құдіретті Бао Цзин, құпия болмаса жанымызды кім жасқарын айта аласың ба?
– Әрине, ол құпия емес. Біз мұсылманды тек мұсылманға атқызамыз.
– Астапыралла, мұсылман адам өлтіруші ме еді?
– Заң солай! Әркім өз дінінің өкілін атады.
– Құдіретті Бао Цзин, көп сұрақ қойды деп айып етпегейсің, әлгі мұсылманның есімі кім?
– Құсайын. Құсайын сақшы!»
Ақыт шашауы шыққан ойларын жану үшін тағы да тыныштыққа тығылуды жөн санады. Жазар сөзінің жалын жалмап жатқандай көрініп, шамын үрлеп өшірді. Білтеден ұшқан түтін қарағы бөлмеге сұйылып барып сіңіп кетті. Ақыт үшін түтіннің де жаны бар, өйткені әр шығармасының соңғы нүктесін қойып, шамын сөндіргенде биші сылқым сол оқиғадағы басты кейіпкерінің бейнесіне еніп, көкке көтерілетін. Бүгін де солай. Құсайын сақшының кейпінде аспан кезіп барады. Сақшының тағдыры Ақытқа талайдан бері маза берер емес. «Бұл қызметті өмір бойы қалай атқарды екен?» деген сұрақ өзегін өртеуде.
Жел. Ағаш бұтағын тербетіп, алтын сырғаларын саудырай түсіруде. Жамалын күз ұрлаған жұтаң терек секілді жылдың осы бір мезгілінде сөзін сарқып қағаз бетіне түсіріп алушы еді. Ал бүгін табиғаттың сұрапыл кезеңдеріне де тізесін бүкпейтін кәрі емендей қасқайып отыр. Бірсыпыра уақытты құрбандыққа шалып, білтелі шамын қайта тұтатты. Шырпының соңғы шиі ағасы үшін жан тәсілім етті де тәнін солдырды». Үрейлері жүректен жанарға өткен он қылмыскерді алдына салып, Құсайын сақшы өлім ордасын бетке алды. Белінде түсі суық тапанша. Жаратушы ғұмыр сыйлаған сан пендені періштесімен қауыштырған бұл мекен құлынын жоқтаған биедей кісінеп тұр. Дүре тиген жалаң төстерін күнге беріп, араны ашық ажал алдында кірпіктей тізілді».
Түз. Қайтқан қаздың қаңқылы. Әйнектен жеткен әуен. Ақыттың жан сарайын қағылған қанаттардай көкке самғатты. Қалықтай ой да ұшты.
«– Құсайын сақшы әлі тірі ме?
– Тірі. Дін аман.
Шекараның қыл шеңберін үзе шыққан Исмайылдың жанарын жас парлады.
– Ағасы, бұл неғылғаның? – төлқұжатқа көз тігіп тұрған әскердің де өңі қашты.
– Жарықтық ғұмыр бойы қара басын қатерге тіксе де, барша мұсылманның шыбын жанына араша түсіп еді. Қарттығында қал сұрауға да жарамадық қой, – деп еңкілдеп жылап жіберді».
Мақпал түн манаурап тұр. Ақ ұлпа бұлттармен жүзін сүрткен ай да әсем.
Көкірегіне қонған мұңды ұшыру үшін, түн тербеткен терезесін ашты. Сырттан жеткен суық леп. Ақыт тартпадан шылымын алып тұтатпақ болды. Шырпы шисіз. Еріксіз білтенің білігіне жүгінді. Шам айнасын көтергені сол еді, күзгі самал жалын жалмады. Қою түтін Құсайын сақшының кейпінде тағы да түнге қанат қақты.
Сәби. Күрс-күрс жөтелді.
Темірлан ҚЫЛЫШБЕК,
жазушы