Руханият • 05 Шілде, 2019

Әдебиет – әлем елшісі

928 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіріп, ортақ бір мүддеге һәм ұлы мақсатқа жетелейтін рухани күш – әдебиет болса керек. Әлімсақтан бел­гілі бұл тәмсілді сөз жүзінде айтқанымызбен, көп жағ­дайда көз жеткізе бермейміз. Десек те Арқа төсінде әлем қаламгер­лерінің мәре-сәре болып, әңгімелесулерін көргенде әлгінде айтқан тәмсілдің мағынасына терең бойлап, тілі бөлек болғанмен, тілегі бір жандардың әдеби атмосферасын сезінесің.

Әдебиет – әлем елшісі

Кеше елордадағы Ұлттық музейде Еуразия құрлығының 20-дан астам мемлекетінен кел­ген ақын-жазушылардың басын қосқан, әдеби маңызы зор «Еуразия астаналарының қаламгерлері» халықаралық форумы басталды.

Форумның пленарлық отырысын ашып берген Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет ел астанасында мұндай ауқымды халық­аралық жиын осымен екінші рет өтіп отырғанын жеткізді. «Был­тырдан бері елорда күні­не орай қаламгерлердің халықаралық форумын өткізіп келеміз. Биылғы форум Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен Жазушылар ода­ғының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының мұрындық болуымен өтіп жатыр. Мақсатымыз – өз қазанымызда қайнай бермей, әдебиетке жаңа арна ашу, қазақ әдебиетін әлемге насихаттау, еліміздің халықаралық аренадағы имиджін көтеруге атсалысу. Осы форумды жыл сайын өтетін дәстүрлі шараға айналдырсақ деген ойымыз бар», деді ақын Ұлықбек Есдәулет.

Әдеби жиынға Мәдениет жә­не спорт министрі Ақтоты Райым­құлова қатысып: «Бұл жиында аударма ісі де, қазіргі әдебиеттің жай-күйі де, әлемдік әдебиеттің озық түрлері де талқыға салынып, сіз бен біздің кәдемізге жарар дүниелер айтылатын және жасалатын маңызға ие. Барша қаламгерлерге жемісті жұмыс, мықты денсаулық тілеймін. Өзім де жазушының қызы болған­дықтан, үнемі шығар­машылық адамдарын қолдаудан таймайтынымды айтқым келеді», деп ақжарма тілегін білдірді.

Халықаралық шараға ұйытқы болып отырған қала әкімі Алтай Көлгінов те Еуразияның әр түкпірінен жиналған жазушыларды форумның ашылуымен құттықтап: «Жиырма бір жылдың ішінде астанамыз жаһандық шаралардың алтын ошағына айналып үлгер­ді. ­Әдебиеттің өрісі барша аза­маттың бірге жасаған ісінің нәтижесінде кеңейеді. «Рухани жаңғыру» аясында бұл міндетті бірге атқарамыз деп ойлаймын. Бүгінгі форумның көтерген жүгі өте маңызды, алар орны зор. Ауқымды форумның елордада өтуі қаланың руханиятын жаңа деңгейге көтереді», деді.

Сондай-ақ форум барысында қазақ ақындарының антологиясын испан тіліне аударған испан ақыны Хусто Хорхе Падрон мен қазақ ақындарын әзербайжан тіліне тәржімалап жүрген Екбер Гочалыға әде­биетімізге сіңірген еңбектері үшін халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы табысталды. Осы орайда испан ақыны Хусто Хорхе Падронмен Абай өлеңдерін аудару туралы мемо­рандумға қол қойылғанын атап өткеніміз жөн. Ауқымды ша­ра кезінде «Самұрық» әдеби журналының тұсаукесері өтіп, астанадағы тұңғыш әдеби жур­­налдың ал­ғашқы санын көп­шілік көріп үлгерді.

Форумда жасалған баян­да­м­а­лардың әрқайсысы тақырыптық өзектілігімен, маз­мұндық идея­сымен ерекшеленді. Қазақ­станның халық жазушысы Олжас Сүлейменов әдебиеттің қоғамдағы рөліне тоқтала келе: «Біз осы күнге дейін бірінші орынға экономиканы, одан кейін саясатты қойып келдік. Қазір билік те, біз де мәдениет дамымай, саясат алға жылжымайтынын, экономика тоқырайтынын түсіндік. Мәдениетке қолдау болмаған елде мәдениетсіз ұрпақ өспек. Ал мәдениет әрқашан сөзден, әдебиеттен басталған», деп көкейдегі ойын жеткізді. Қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын араб тіліне аударған Мухаммад Рияд Халуаш сөз алып: «Кешеден бері мен қаумалаған жұрттың ықыласына бөленіп жүрмін. Бәрі ерекше сыйластықпен, құр­метпен қарайды. Неге? Себеп – қазақтың талантты қаламгері І.Есенберлин. Осыдан үш жыл бұрын Есенберлиннің «Көш­пенділерін» аудардым. Қазақ­станның Мысырдағы елшілігінің ұсынысымен, әрине. Орысша нұсқасын оқып болған соң, автордың стильдік ерекшелігіне таңданып, аударуға келісім бердім. Тәржіма жұмысына тұп-тура үш жыл уақытым кетті. Осы орайда айта кетейін, Қазақ­станның Мысырдағы елшісі А.Исағалиевтің бастамасымен осы жылдың басында Каирдегі университетте қазақ тілі кафед­расы ашылды. Мұның бәрі елшіліктің қарымды еңбегінің арқасы деп ойлаймын», – деп ағынан жарылды.

Аталған форумның қазақ қоғамындағы мән-маңызына тоқталған ақын Мейірхан Ақдәу­летұлы: «Форум дегеніңіз әлем­нің әр шетінен әріптестерді жинап, біріншіден, олармен мәжілістес болып, пікірлерін тыңдап, көзқарастарын білу болса, екіншіден, ең алдымен өзіңді көрсету деп есептеймін. Тәуел­сіздік алғанымызға отыз жыл болса да, расын айту керек, әдебиетіміз кішкене қоңырайып қалды. Бұған әртүрлі себеп әсер етті. Кешегі кеңестік дәуірден бүгінгі капитализмге көшуіміз бізді сансыратып кетті. Қазақ әдебиеті тоқ­таудың аз-ақ алдында қалды. Соңғы жылдары қазақ әдебиеті, өздеріңіз де куәсіздер, кеудесін көтеріп, бойын тіктеп келеді. Былтырғы Еуразия форумы мен бүгінгі әдеби жиынымыз әрі күзде болатын Азия елдерінің ақын-жазушыларының форумы – қазақ әдебиетіне қозғалыс әкеліп жатыр. Әдебиетімізді ғана емес, қазақ жеріне аяқ басып, астанамызды көріп, тегін ел емес екенімізге көз жеткізгендері, әрине біз үшін қуаныш. Әлем бізді енді шынымен танып жатыр. Саяси немесе экономикалық тұрғыдан емес, рухани жағынан таныды. Қазақ деген халықтың мазмұны әдебиеттен көрінеді», деп түйіндеді ақын.

Ал «Жазушы және қоғам» тақы­рыбында сөз сөйлеген әдебиет сыншысы Құлбек Ергө­бек: «Әдебиетті дамытуда бізге, ең алдымен жүйелілік керек. Мысалы, жапондар сияқты. Жа­пондар нақты бір ав­торды Нобель сыйлығын алуға жүйелі түрде, яғни мақ­сатты түрде дайындайды. Демек, олар әдебиеттің да­муын мемлекеттік іс деп қа­райды. Осы жүйе біздің елге де қажет», деп жиналған қауымға ұсынысын білдірді.

Проза жанры бойынша баян­дама жасаған жазушы Алмас Нүсіп қазақ қоғамындағы әдеби процестің хал-ахуалы туралы тереңнен қозғап: «Проза бая­­ғыдай кенжелеп қалды, жа­зу­шыларға көңіл бөлінбейді деген гөй-гөйден арылдық. Жеткен жеңісіміз бен бөлген көңіліміздің сиқы сол-ақ. Өйткені Кеңес Одағы кезінде қалыптасқан жора – қазаққа ғана емес, күллі одаққа масыл әдебиет қалдырып кетті. Кітаптарды сату мен оқу да мем­лекеттік идеология негізінде жүр­­ген. Әлі де сол инерциямен келе жатыр. Мемлекеттік бағ­­дарламалар аясында бай­қау­лар ұйымдастырылады (әсі­ресе соңғы үш-төрт жылда), нау­қан­дарға сіңірген еңбегіне орай сыйлықтар үлестіріледі. Болған-біткені сол. Иә, кітап та шығарып береді ара-тұра. Бірақ, одан аты шыққан ақын, аты озған жазушы және жоқ», деп, өзекті мәселенің мән-жайын тарқатты.

Пленарлық отырыстан кейінгі панельдік сессия «Әлем әде­биеті: стереотиптен арылу» та­қырыбымен аталып, үш сек­ция бойынша жүргізілді. «Өр­­кениет және поэзия» секция­сында сөз алған ирандық ақын, республикалық «Фасл-е панджом» баспасының директоры Парвиз Хабибабади Бейги: «Біз үшін Иран мен поэзия – егіз ұғым. Әр ақын өлең жазу үстінде тек болашақты ойлайды. Яғни, жақсылықты жырлайды. Жыр, өлең адамзатпен мәңгі жасайтын түсінік. Басқа салалар заман ағымымен ығысып қала беруі мүмкін. Алайда, әдебиет қашанда мәңгілік еншісіне тиесілі. Жалпы, таби­ғаттың төрт маусымынан бөлек, бесінші мезгіл бар. Ол – шы­ғармашылық адамының көңіл күйі. Біздің бүгін жиналып отырған шара сол бесінші мез­гілдің бастауы», деп өз пікірін ортаға салды.

Осы орайда Тәжікстан Жазу­шылар одағы проза бөлімінің меңгерушісі, жазушы Равшан Мақсымзода бүгінгі әдеби жиыннан алған әсерін: «Бүгінгі шараның маңыздылығы сол – біз әдебиеттің жетістігін ғана емес, оның айналасындағы қор­даланған мәселелерді де ашық айтуымыз керек. Әдебиеттердің достастығы – әлемді тұтастырады. Шығармашылық деген әри­не, көпшіліктің көмегімен шың­далмайды. Дегенмен, біз жиі бас қосып тұруымыз керек», – деп жеткізді.

Еуразия астаналарының жазушылары екі күн бойы кітап маркетингі, әдеби агенттіктердің ісін дамыту, әдеби аударманың өрісін кеңейту мәселелерін тал­қыламақ.


Маржан ӘБІШ,
«Egemen Qazaqstan»