Қазақстан • 06 Шілде, 2019

Құттықтауларда – ізгі тілектер

801 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Елорда күніне және Елбасының туған күніне байланысты шет мемлекеттер басшыларынан құттықтау жеделхаттары мен хаттар келіп түсті.

Құттықтауларда –  ізгі тілектер

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтады.

«Сіздің мол тәжірибеңіз, саяси даналығыңыз және терең біліміңіз еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үдерістер бойынша стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынастарды дамыту ісінде әрдайым қажет болатынына сенім­дімін», – деді В.Путин.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин өзінің жеделхатында Қытай мен Қазақстан арасындағы қатынастарды дамытудың маңыздылығын атап өтті.

«Қытай мен Қазақстан достас көрші және жан-жақты стратегиялық әріптес болып саналады. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған 27 жыл ішінде Қытай-Қазақстан байланыстары қарқынды дамып келеді. Мемлекеттеріміздің саяси өзара сенімі үздіксіз нығайып, «Бір белдеу, бір жол» бірлескен бастамасы дәйекті түрде тереңдей түсуде, сондай-ақ халық­аралық ынтымақтастығымыз аса тиімді әрі тығыз ықпалдастықта жүзеге асырылуда. Биылғы сәуірде Сіз сапармен Қытайға келіп, «Бір белдеу, бір жол» атты жоғары деңгейдегі екінші халықаралық ын­тымақтастық форумына қатыстыңыз, сапар қорытындысында жемісті нәтижелерге қол жет­кі­зілді.

Мен Сізбен достық келіссөздер жүргізіп, Қытай Халық Республикасының «Достық» орде­німен марапаттадым. Сол арқылы Қытай-Қазақ­стан қарым-қатынастарының жоғары және ерек­ше деңгейде екенін атап өттім», делінген жеделхатта.

Өзбекстан Республикасының Пре­зи­денті Шавкат Мирзиёев өзбек халқының Елбасын өзін елі мен халқына жан-тәнімен қызмет етуге арнаған көрнекті мем­лекет қайраткері және әлемдік деңгейдегі парасатты саясаткер ретінде терең құрметтейтінін атап өтті.

«Тарихтың ең қиын әрі күрделі ке­зең­інде Сіздің мемлекет келешегіне жауап­кершілік алғаныңыз Қазақстан үшін тағдыршешті оқиға болды. Сіз – бірегей адами қасиетке ие, терең білімді, баға жетпес кәсіби және өмірлік тәжірибесі бар туа біткен көшбасшысыз.

Сіздің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы ретінде Қазақстан мемлекетін, еліңіздің егемендігі мен тәуелсіздігін қалыптастыру және нығайтудағы тарихи миссияңызға берілген шынайы жоғары бағаны толық қолдаймын», – делінген жеделхатта.

Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков өзінің хатында Ел­ба­сының арқасында Қазақстанның астана­сы Орталық Азиядағы ең әсем қала ата­нып, халықаралық қаржы алаңы мен бей­біт­шілік қаласына айналғанын атап өткен.

«Сіздің туған күніңізге және Қазақ­стан Республикасының астанасы күнін мере­келеуге орай менің шынайы құттық­тауымды қабыл алыңыз.

Сіз – өзіңіздің зор күш-жігеріңізбен және игі істеріңізді Қазақстан халқының ғана емес, сондай-ақ бүкіл Орталық Азия халықтарының әл-ауқатын арттыруға бағыттаған дана әрі парасатты тұлғасыз.

Қазақстан халқы тәуелсіздік алғаннан бері еліңізде болып жатқан барлық елеулі әлеуметтік-экономикалық реформаларды Сіздің есіміңізбен байланыстырады және халықтың өсіп-өркендеуіне қосқан зор үлесіңізді жоғары бағалайды», – делінген хатта.

Беларусь Республикасының Пре­зи­денті Александр Лукашенконың жедел­хатында Тұңғыш Президенттің саяси бағдарының арқасында Қазақстан Рес­пуб­ликасы табысты, қуатты және тәуелсіз мемлекетке айналғаны айтылған.

«Сіздің Беларусь-Қазақстан ынтымақ­тас­тығын дамыту мәселелеріне көңіл бөліп, халықтарымыздың арасындағы көп­жылдық достық дәстүрді, өзара құрмет пен бауырластық қарым-қаты­нас­тарды нығайтуға қосқан жеке үлесіңіз үшін шынайы ризашылықтамын. Ұлттың шын мәніндегі көшбасшысы, өз халқына адалдықтың үлгісі бола отырып, Сіз мемлекеттің дамуы мен өркендеуі үшін талмай еңбектеніп келесіз», – делінген жеделхатта.

Түрікменстан Президенті Гур­бангулы Бердімұхамедов өзінің құттық­тауында Қазақстан өмірінің барлық саласында ауқымды өзгерістер мен ел­дің айтар­лықтай жетістіктері Тұңғыш Пре­зидент – Елбасы атымен тығыз байланысты екенін атап өтті.

«Біз Түрікменстанда Сіздің елдері­міздің арасындағы қарым-қатынастарды да­мытуға қосқан жеке үлесіңізді жоға­ры бағалаймыз және көп жылғы тату көршілік, сенім мен құрметке негіз­дел­ген екіжақты стратегиялық ынтымақ­тас­тықты одан әрі нығайтуға ниеттіміз.

Осы атаулы күні шын жүректен Сізге зор денсаулық, ұзақ өмір, сарқыл­мас күш-қуат, мол бақыт, ал бауырлас Қа­зақстан халқына бейбіт өмір тілеп, одан әрі өсіп-өркендей беруіне тілектестік білдіремін», – делінген жеделхатта.

Сербия Президенті Александр Вучич Қа­зақстанның Тұңғыш Прези­ден­тінің кө­­ре­ген саясатының арқасында Қа­зақ­стан­ның қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды.

«Осы мүмкіндікті пайдаланып, Сер­бия мен Қазақстанның тығыз ынты­­мақ­тастыққа қол жеткізуі жолын­дағы жан-жақты ниеттестік үшін тағы да алғыс білдіргім келеді. Елдеріміздің қарым-қа­тынастарын одан әрі нығайтуға көп мүмкіндіктің бар екеніне сенімім мол», – делінген хатта.

Қазақстанның Тұңғыш Президентін Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон да құттықтады.

«Туған-туысқандарыңыз, жақын­дары­ңыз бен достарыңыз үшін осы айтулы күнде Сізге шын жүректен зор ден­сау­­лық, бақ-береке, амандық, Өзіңізге зор құрметпен қарайтын Қазақстан хал­қы­ның игілігі жолында таусылмас қүш-қайрат пен жаңа жетістіктер тілеймін.

Осы мүмкіндікті пайдаланып, Тәжік­стан мен Қазақстан арасындағы өзара қа­рым-қатынастарды стратегиялық әріп­тес ретінде табысты дамып келе жатқанын атап өткім келеді», – делінген жеделхатта.