Аймақтар • 09 Шілде, 2019

Павлодарда қалалық автобус паркі 76%-ға жаңарды

310 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өткен аптадан бері облыс орталығында жаңартылған электробустар, жаңа автобустар, трамвайлар жүре бастады.

Павлодарда қалалық автобус паркі 76%-ға жаңарды

 - Электробустар қала тұрғындарының қозғалысын жайлы етіп қана қоймай, қоғамдық көлікті дамытудың жаңа драйверіне айналады. Электробустар қатты дыбыссыз жүреді әрі ауаға таралатын зиянды қалдықтар шығармайды,-дейді облыс әкімі Болат Бақауов.

Электробустардың бірін жүргізіп көрді. Ол рульге өзі отырып, қала ішімен жүрді. Бірақ,  іші-сырты әбден тозған, жолаушыларға аса қауіпті шағын автобустарды да жүргізіп көрсе, өз көзімен «жайлы  жағдайды» көрер еді.

Қаладағы  «№1 автобус паркі» ЖШС-нің мәліметінше, 20 «Анкай» маркалы  дизель отынымен жүретін автобустар жеткізілді. Сонымен бірге, сыйымдылығы үлкен электробустар келді. Нәтижесінде, қалалық автобус паркі 76 пайызға жаңарды.

Жаңа қоғамдық көліктер №5, 10, 21, 22 бағыттарындағы қалалық маршруттарда, сондай-ақ, облыс орталығының ауылдық аумақтарының арасындағы маршруттарға қызмет көрсетеді. Электробустар 2013-2020 жылдарға арналған еліміздің  «Жасыл экономикаға» көшу Концепциясын жүзеге асыру шеңберінде сатып алыныпты.

- Автобустар мен электробустарда жолаушылардың жайлылығы үшін, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін барлық жағдай жасалған, – деді «Бәйтерек» холдингінің басшысы Айдар Әріпханов. – Елімізде бірнеше кәсіпорын электробустарды жасап шығарумен айналысады.

Сонымен қатар, Павлодарға 4 жаңа трамвай жеткізілді. Трамвай басқармасының көліктерін жаңғырту шеңберінде қыркүйек айында белорустық «БелКоммунМаш» зауытында құрастырылған тағы да 5 вагон әкелінуі керек.

Павлодар

Суретті түсірген: Валерий Бугаев