Қазақстан • 11 Шілде, 2019

Сот жүйесіне сенім артып келеді

667 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде соңғы уақытта соттардың қызметін жетілдіруге және судьялардың жұмысына халықтың сенімін арттыруға бағытталған 16 заң жобасы әзірленді.

Сот жүйесіне сенім артып келеді

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қа­былдауында болған Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов биыл енгізілген жүйе бойынша судья­лардың ішінде кездейсоқ мамандар болмайтынын, алдағы 2,5 жылдың ішінде сот жүйесі лайық емес кадрлардан толық тазартылатынын мәлімдеген болатын.

Өткен жылдың қараша айында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сот жүйесін жаңғыртуға арналған ке­ңесте судьяларға жүктелетін мін­дет­терді шегелеп тапсырғаны бел­гілі.

Әрине, Жоғарғы сот тарапы­нан саланы жаңғырту мен судья­лардың тәуелсіздігін жетілдіруге байланысты кешенді шаралар, оның ішінде жоғарыда аталғандай заңнамалық алғы шарттар белсене жүргізілуде.

Айталық, сот жүктемесі соңғы үш жылда екі есе артқаны ашық айтылып келеді. Демек, осыдан келіп бір күннің ішінде бірнеше отырыс өткізіп, осыншама шешім қабылдап, басқа да ұйымдастыру жұмыстарынан қолы қалт етпейтін судьяның жұмыс сапасына байланысты мәселе туындайтыны анық. Іс жүзінде судьялардың қолына түсетін істердің 30 пайыздайы сотта қарауды қажет етпейтін-ді. Сондықтан да Елбасы сот жүк­те­месін азайту, азаматтық про­цес­ті жеңілдету, сот ісін жүргізу­дің жылдамдығын арттырып, ашық­тығын қамтамасыз етуге баса назар аударған болатын. 

Сот жүйесін жаңғырту мәсе­ле­сін айтқанда, Жоғарғы сот төр­аға­сының судьяларға сот актілерін түсіндіру талабын қоюы бүгінде өз нәтижесін беріп отырғанын көрсетті. Өйткені сотқа қатысушы тараптардың барлығы заңгер емес, яғни заң тілінен хабарсыз болатыны анық. Олар үшін құқықтық терминдердің мағынасын ұғудың өзі қиямет-қайымға айналады. Бұл түсінбеушілік бірінші сатылы соттың шешіміне шағымдануға апарады. Ал сот актілерін процес­ке қатысушыларға қарапайым тілмен, көзбе-көз түсіндіру тарап­тардың көңіліндегі күдіктерді де сап тыяды. Бұл жаңашылдық қазір жемісін беріп, сот шешіміне қанағаттанушылар санын күрт көтерді. Демек, ре­фор­малар халық көңілінен орын ал­ғанда ғана өміршең болары сөз­сіз.

Джохар ӨТЕБЕКОВ,

Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты:

– Бүгінде елімізде жүзеге асырылып жатқан сот жүйесіндегі рефор­малардың тиімділігі қазірдің өзінде айқын сезілуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларымен сот жүйесі қазір халыққа барынша ыңғайлы, мейлінше түсінікті жолға түсті.

Айталық, қазір Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов жүйедегі бас­ты мәселе ретінде кадрларды жаңарту мәселесін атап отыр. Осы орай­да мен әлсіз судьяларды мықты судьялармен белсенді ауыстыру ісін қолдаймын. Халық бұл жұмыстың нәтижесін уақыт өте анық сезі­неді. Әрине ертегідегідей судьяларды сиқырлы таяқтың ұшымен ауыс­тыра салу мүмкін емес, бірақ бұл мәселе кезең-кезеңімен шешіледі. Екін­ші мәселе – сотты айыптауға бейімділіктен арылту. Осы тұр­ғыда Жоғарғы сот төрағасы судьяларға айыптау үкімдерін шыға­ру­дан жас­қанбауды талап етуде. Ал Тергеу соттарынан азаматтарды сот­қа дейін қамауда ұстау, мүліктерін тұтқынға алу, тінтуге санкция беру мәсе­лелерінде ешқайда жалтақтамай, іске салмақты қарауды сұрап отыр.

Сот жүйесіндегі шешілуі тиіс үшінші мәселе ретінде меншік түріне қарамастан барлық ұйымдардың мемлекеттік органдармен сот­­та­­суда үнемі жеңіліс тауып келгендігін айтуға болады. Қазір атқа­ру­шы билікпен соттасу қиынның қиыны. Ал бұл мәселе енді жаңадан құры­ла­тын Әкімшілік юстиция арқылы шешілмек. Парламент қарау­ын­да­ғы тиісті заң қабылданса, арнайы соттар құрылып, бұл мәселе бірың­ғай­лануы тиіс.

Жалпы, қазір еліміздегі сот жүйесінің реформасы көрер көзге анық көрініп тұр. Айталық, сот ғимаратына кірген сәттегі фронт-кеңселер, талап-арыз бен баж салығын төлеу тәртібін түсіндіруші мамандар көңілге жылылық ұялатып, халықтың аталған жүйеге сенімін қалыптастыруда деп толық айта аламын.