Қоғам • 12 Шілде, 2019

Елордаға қарайды елеңдеп жұрт

240 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шіліңгір шілденің 11-13-і күндері елордада 15 мемлекеттің білікті мамандары бас қосқан Балалар нейрохирургтарының еуразиялық қауымдастығының (БНЕҚ) II съезі өтіп жатыр.

Елордаға қарайды елеңдеп жұрт

Бұл жиынның әлқиссасы, яғни БНЕҚ I съезі 2017 жылы Минск қаласында (Беларусь Респуб­ликасы) басталған. Өйткені Еура­зия кеңістігінде балалар ден­сау­лығына қатысты бүгінгі озық технологияларға сүйенген, ма­ман­данған нейрохирургиялық сан түрлі күрделі манипуляция­ларды жасауда тәжірибе алмасу, оқып-тоқып, білім алу, оны прак­тикада қолдану мәселелерін бірі­гіп, ақылдаса отыра жөн-жобас­ын келтіру осы саладағы қандауырлы дәрігер қауымының ойында біраздан бері жүретін. Сол ниетпен ең алдымен балалар нейрохирургтарының Еура­зия­лық қауымдастығын құру­дың негіз­гі идеясы пісіп-жетіліп, ол атал­ған кеңістіктегі балалар ней­ро­хирургтарының арасында ғы­лыми және тәжірибелік же­тіс­­тік­термен алмасу, балалар ней­ро­хирургиясы саласындағы маман­дарды оқыту, байланыс­тар орнату сынды кешенді мәсе­ле­лерді қамтыды. Осылайша осы­дан екі жыл бұрын Минскіде ба­с­тауын алып, жалғасын қазақ жерінде тапқан съезде Еура­зия ай­мағындағы балалар нейро­хи­рургиясының дамуы мен оның келешегін, бүгінгі таңдағы өзекті мәселелерін талқылайтын алаңға жиылған көптің ішінен саланың жілігін шағып, майын ішкен әлемге танымал мамандардың көрінуі форумның бағасы мен мә­нін аша түскендей. 

Алқалы жиынның салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева: «Еліміздегі бала­лар нейрохиругиясының жетіс­тіктері Ұлттық нейрохирур­гия ор­т­алығымен байланыс­ты. Се­рік Ақшолақов басқара­тын осы ор­талықтан еліміздің әр ай­ма­ғынан күрделі нейрохи­рур­гиялық операцияны қажет ететін пациенттер жоғары технологиялы, сапалы медициналық көмек алып, сауығып қайтуда» дей келе форум жұмысына табыс тіледі.

Съездің ғылыми жұмысы­ның ауқымды екенін оның бағ­дар­ламасына қарап-ақ аңдаған­дайсыз. Себебі онда балалар ней­рохирургиясы саласындағы аса маңызды мәселелер: гидро­цефалия (қазақшасы су ми ауруы), дамудың туа біткен кеміс­тік­тері, жарақаттан болған ми-жұлын жүйесінің ақаулары, нейроонкология, функционалды нейрохирургия сынды және өзге өзекті тақырыптар бойынша плен­арлық сессия өткізу, оған қоса елімізде алғаш рет балалар нейрохирургиясы бойынша халық­аралық қоғамдастықпен бірлесе (ISPN) ресми мектеп өт­кізу жоспарланыпты. Ал бұл беделді ұйымның әлем бойынша жыл сайын бірнеше ғана мектеп өткізетінін айта кету ләзім. 

Мемлекет басшысының 2019 жылды Жастар жылы деп жариялағанына байланысты съезде жас мамандарға қолдау көрсету де назардан тыс қалмаған. Сол үшін форум шең­берінде жас нейрохирургтер баян­дамаларының байқауы өткі­зіліп, оған жақын және алыс шетел­дерден нейрохирургия сала­сындағы үздік баяндамаларымен жас дәрігер нейрохирургтер қатысатыны жоспарланған екен.

Ұлттық нейрохирургия орталығын осы саланың флагманы десе еш артық емес. Бүкіл ел аумағында ми, омыртқа жотасы, жұлын-жүйке жүйелерінде ақауы бар адамдардың қысылғанда жандарына сая, еміне шипа іздеп алаңдап, үміт арта елеңдеп келер орнына айналған осы орталықта ашылған күннен бері ересектер мен кішкентай пациенттерге 3000-нан аса операция жасалса, соның ішінде жыл сайын нерв жүйесінде аса күрделі патологиясы бар 500-дей бала орталықта жоғары білікті нейрохирургиялық көмек алып отырады. Пациенттеріне есігін айқара ашқан 11 жыл ішінде орталықта 5000-дай бала ем қабылдап, орталық нерв жүйесі­ дамуының ауытқуларына, функ­ционалды нейрохирургия, ми ісіктеріне нейронавигация, интраоперациялық нейро­мо­ниторинг эндоскопиялық, эндо­во­скулярлық құрал-жабдықты қол­данумен 4000-нан аса операция жасалды. Бүгінгі таңда орталық пациенттерді диагностикалаудан бастап, ерте оңалтумен айналысатын медициналық қызметтердің толық спектрін көрсететін Қазақстандағы маман­дандырылған жалғыз клиника.

Съездегі шамалы үзілісті пайдаланып «Ұлттық нейрохирургия орталығы АҚ» басқарма төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері Серік Ақшолақовты сөзге тарттық. «Нейрохирургия са­ла­сының аурулары бас, ми, жұ­лын, омыртқа, мидың қан тамыр­ларында туа біткен және жарақат алудың салдарынан болады. Еліміз бойынша бала­лар нейрохирургиясы соңғы кездері сапалы медициналық көмек берудің жоғары сатысына көтерілді деп айта аламын, себебі орталығымызда 25 орындық балалар бөлімінің ашылуымен жұмыс өз ырғағын тапты. Әри­не орынның аздығы сезіледі, ауыратын балалардың саны өте көп, бүкіл ел аумағы үшін 25 орын деген не? Сол себептен об­лыс­тардағы клиникалардың жа­ны­нан 5-10 балаға арналған ней­рохирургиялық операция жасайтын орындар аштық. Біздің орталықта мишықтың ісіктері, ми қабыршақтарының ісіктері сынды күрделі операциялар сәтті өткізіліп жүр. Сонымен бірге назарымызда балалар эпилепсиясы тұр. Есейіп кеткен ересек адамды бұл аурудан нәтижелі емдеу қиын, ал балаларда жақ­сы ілгерілеуге қол жеткізі­ле­ді. Бұл ретте ізденістер мен тынбай жасалған жұмыстардың нәтижесінде жетістіктеріміз бар. Қазірдің өзінде 200-ге таман эпилепсияға операция жасалды. Ал осы операция жасау үшін шамамен 2000 баланы тексеруден өткіздік. Себебі аталған диагнозы бар балалардың 10 пайызын ғана оперативтік жолмен емдеуге болады, қалғаны операцияға жатпайды», дейді Серік Қуандықұлы. 

Елімізде БНЕҚ II съезін өт­кізу отандық мамандардың мүм­­кіндігін бұрынғыдан да кеңей­теді, өйткені сан түрлі ба­ғыт­тар бойынша тәжірибе алмасу, жаңа тәжірибе, технологиялар мен біліммен бөлісу, әріптестермен танысу 3 күн ішінде толассыз жүргізілмекші. Съезд жұмысына 15 мемлекеттен: Ресей, Белоруссия, Армения, Украина, Германия, Бразилия, Израиль, Қытай, АҚШ, Грузия, Өзбекстан, Молдова, Тәжікстан, Қырғызстаннан 250-ден аса маман келіп, пленарлық жиыннан басқа тақырыптық секциялық отырыстар, пленарлық дәрістер, сателлиттік симпозиумдар және постерлік сессия өтеді.