Руханият • 15 Шілде, 2019

Қырғыз әуені

420 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Автобус Арқарлы асуынан асқанда алдымыздан алтындай жарқырап Сарыөзектің ұлан-ғайыр жазығы көрінді. Жер жәннаты Жетісу өлкесінде өтетін қазақ-қырғыз зиялыларының үшінші форумына келе жатқан туысқан екі елдің делегациясы осы сәтте бір серпіліп, терезеден сыртқа көз тігіп, өздеріне етене таныс әлдеқандай бір оқиғаны есіне алғандай елеңдесіп-ақ қалды.

Қырғыз әуені

Айыр қалпақты ағайын­дардың бірі сар далаға ынтыға қарап: «Чықаңның романында айтылатын Сарыөзек осы ма?» деп сауал тастап та үлгерді.

Бірақ қазақ қаламгерлері оған бірден жауап қата қойған жоқ. Өйткені әлем әдебиетінің классигі атанған қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» романының лейтмотиві іспетті: «Бұл өлкеде пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады...

Бұл өлкеде теміржолдың қос қапталынан басталып, сахара сар даланың кіндік тұсы – Сарыөзектің ұлан-ғайыр жазы­ғы көсіліп жатады», деп жиі-жиі қайталанып отыратын Сары­өзек осы болғанымен, ол шы­ғармадағы оқиға мүлде басқа жақта – Байқоңыр жазығында өтеді емес пе.

Әсілі, әдебиетсүйер қауымға Шыңғыс Айтматов бұл романды жазғанда қазақ даласына космостық биіктіктен қарап отырғандай әсер қалдырады. Себебі тү-у сонау тылсым ға­­рыштан көз салғанда біз­дің ұлан-байтақ даламыз да кі­шірейіп, Сарыөзек пен Байқо­ңырдың арасы бірігіп кеткендей болмай ма.

Кенет сар даланың бір қиы­рынан уілдеп самал есті. Әлдеқайдан шыға келген жал­ғыз атты жолаушы ұзақ жолды қысқартқысы келіп, өз-өзіне мұң шағып, шер тарқатып келе жатқандай қызық сурет пайда болды көз алдымда.

Жо-жоқ, бұл менің қиялым ғой...

Ал шындығында, автобус­тың алдыңғы орындығына жай­ғасқан қырғыз ақыны Қарбалас Бакиров мұңлы бір әуенге басқан екен.

Жол тербеткен жолаушылар алғашқыда бір-біріне жымия қарап, «Қарбалас байкем қалай, ә?» дегендей иек қағысып қа­лып еді. Жүрек түбінен шымыр­лап шыққан мұңды әуен әп-сәтте бәрін жетегіне алып, көзді ашып-жұмғанша-ақ ой теңізіне батырып жіберді.

Ән қайырмасы созылып, әлдекімнің мұңын шертіп:

Ай-и, башқаға, и-и-й

Ай-и, башқаға, и-и-й, – деп иіледі.

«Бұл әуелде сүйгенінен айы­рылған бір ғана жанның қайғысы болған шығар-ау, – деген ой келеді санаңа. – Әуен құдіреті оны бүкіл елге жайып, бүтін бір халықтың мұңына айналдырып жіберді...».

Осы сәтте іштегі екінші бір ой: «Ал егер ол сүйгеніне қо­сылып, арманына жетсе қалай болар еді, а? – деп езу тартады. – Онда ән дүниеге келер ме еді, келмес пе еді?»

«Әрине, келер еді, – дейді алғашқы ой. – Себебі оның жүре­гінен төгілмесе, басқа бір жүректен төгілер еді. Ән жа­рықтық бәрібір дүниеге келер еді... Себебі мына тіршілік қан­шалықты мәңгілік болса, адам­зат баласына тән мұң да, шер де, қуаныш та, үміт те, сенім де соншалықты мәңгілік емес пе».

«Алайда осы, пенде шір­кін­дердің арманы таусылмайтыны несі екен, ә?..».

«Меніңше, бұл адамдардың өмірі де мына жолға ұқсайды. Бір асудан асқан соң, тағы бір асу көрінеді алдарынан. Ол да көзін қызықтырып, өзіне қарай тартады. Енді олар сол биікке жетуге асығады.

Қарашы өзің, бөтен емес, бөгде емес, анау ән шырқап келе жатқан қырғыз ақыны Қарбалас Бакировтың өзі де бір кезде: «Мыкты акындар бир жакшы ыр жаратсам жеп жүрүп өтүп кетишет», демеп пе еді.

Кенет ән күтпеген жерден қалай басталса, солай үзілді. Әннің пышақ кескендей сап тыйылғанына өкінгендей аз-кем үнсіз қалған автобустағы делегация мүшелері тағы бір серпіліп: «Әй, бәрекелде-е! Жаса, Қарбалас!» десіп, қол шапалақтап жатты.

Ал Қарбалас байке болса, сәл ғана езу тартып: «Е-е, бізді ошын­дай достық сапарына алып шыққан халықаралық Түркі академиясына шоң рахмат!» деп ризашылығын білдіріп, басын қайта-қайта шұлғып отырды.