Аймақтар • 17 Шілде, 2019

Түлкі өзені бір тазарып қалды

263 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жергілікті экологтар мен табиғат қорғау белсенділеріне құлақ түрсек, Ертіс өзенінде судың ластануы, жайылмадағы шабындықтарға көктемде жайылған судың қара күзге дейін тартылмауы, жағалаудағы диқандардың су тапшылығына ұшырауы секілді алаңдатарлық мәселелер аз емес. Осы орайда, облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары басқармасы өзеннің экожүйесін қалпына келтіру бағытында бірқатар шараларды қолға алуда.

Түлкі өзені бір тазарып қалды

Басқарма 2017 жылы «Ақтоғай ауданындағы Түлкі өзені ағысының бастауынан Алға ауылына дейін қайта жаңғырту» атты үш жылға арналған арнайы жоба әзірлеген болатын.

– Ертістен тармақталып шығатын шағын өзендер табиғатты қорғау маман­дарының назарында. Түлкі өзені де Ертістің оң жағалауындағы ескі са­ғалардың бірі. Соңғы жылдары өзен арнасы бойында ағаштар мен бұта­лар қаулап өсіп, суы таязданып, шаруашылықтарды сумен қамту қиын­дай бастады, – дейді бөлім маманы Дияр Қайыркенов. 

Бастауынан бастап Ақтоғай ауда­нының Алға ауылына дейінгі ағысын қалпына кел­тіру, су режімін тұрақтандыру және өсімдіктер мен жәндіктері тіршілік ете­тін ихтиофаунасын жақсарту мақ­са­тында басқарма жаңғырту жобасын қолға алған-ды. Сөйтіп мердігер компаниялар арасында конкурс жарияланып, қорытындысы бойынша аталған жобаны «Павлодар өзен порты» АҚ жеңіп алған. 

Өзенді тазарту жобасын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 1 млрд 160 миллион теңге бөлінген көрінеді. Судың түбіндегі батпағын «Клас­сик-4» маркалы алып техника сүзіп шығарса, су бетіне және өзен жиегіне үйіліп қалған ағаштарды екі су краны тазалаған. Тазарту жұмыстары кезінде 200 мың текше метр қоқыс алынған. 

– Өзеннен шығарылған ағаштарды ауыл тұрғындарына бердік. Былтыр­дың өзінде 800 тоннадай отынды тегін үлестірдік, – дейді порт басшысының орынбасары Төлеген Мұқатайұлы. 

Кәсіпорын бұған дейін Усолка, Ақсудағы Ертіс сағасы, Баянауылдағы Сабындыкөл, Жасыбай көлдерін тазалауға қатысқанын айта кетейік.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, қазір Түлкінің арнасы кеңіп, суы тұнып, ағысы қалпына келіпті. Жұрт өзеннен балық аулауға асығатын болған. 

Бұл өзенді тазартудың ауыл шаруа­шылығы үшін маңызы ерекше. Осы өзенді жағалай қоныстанған Ақтоғай ауданының ауылдарында суармалы егіс алқабы үлкейіп келеді. Түлкінің суын Мүткенов, Әбжан, Алға ауылдарына қарайтын бірқатар шаруашылықтар пайдаланады. Ал суы тартылып қалса, өзен жағалаған шаруа­лар сусыз қалар еді. Мәселен, Ақтоғай ауданындағы «Ақтоғай-Агро» ЖШС, басқа да шаруашылықтардың егістік алқаптары осы өзенге тәуелді. 

Облыстық аумақтық Орман шаруа­шылығы және жануарлар әлемі инс­пекциясы басшысының орынбасары Нұржан Қазтайдың айтуынша, өңірдегі өзен-көлдерден бір айдың ішінде 15,9 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шы­ғарылып, 1840 метрден астам қарау­сыз қалған аулар алыныпты. 

Былтыр облыстағы өзен-көлдерден 11 шақырымнан астам ау алынып, 14,7 тонна қатты тұрмыстық қалдық полигондарға тасталыпты. Қоршаған ортаны сақтауға бей-берекет қарайтын адамдардың кесірінен жыл сайын бұл жағдай қайталануда. 

Павлодар облысы