Аймақтар • 18 Шілде, 2019

Бақтың барар жері – ынтымақ

273 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жуырда ақсақалдардың ортасында отырып қалдық. Әжік-күжік әңгіменің ауаны айналып келіп саясатқа, мемлекеттік мәселелерге тіреле беретіні қалыпты жағдай ғой. Қызылорда облысының кейінгі бес жылдағы жағдайы сөз болды.

Бақтың барар жері – ынтымақ

Ақсақалдар – ақылдың кеніші, өңір­­дегі жағдайдың барометрі. Қы­зыл­орда облысы соңғы жылдары рес­­публикамызда жетекші сала­лар­­дың бәрінде дерлік алдыңғы орын­ға шыққан. Ел ағалары мұның мәнін бұрынғы облыс әкімі, бүгінде Президент Әкімшілігінің Басшысы Қырымбек Көшербаевпен байланыстырды. «Елге жан-тәнімен қызмет ететін осындай басшыларды басқаларға үлгі етіп, жұмысын тарқатып жазу керек» деп бізге де тапсырма беріп қойды.

Біз де өз тарапымыздан жұрт мақтаған Қырымбек Көшербаевтың 2013-2019 жылдардағы аймақтың әлеу­меттік-экономикалық даму көр­сет­кішіне талдау жасап көрдік.

Атап айтсақ, соңғы 5 жылда Қы­зыл­орда облысында 71 жаңа өнер­кәсіптік өндіріс іске қосылды. Өңдеу саласындағы өнім өндірісі 2013 жылмен салыстырғанда 2018 жылы 31,6% артты. Тек соңғы 3 жылда өңдеуші өнеркәсіптің негізгі капиталына инвестиция көлемі 2,7 есе өсті. Еңбек өнімділігі – 12%-дан астам, жұмыспен қамтылғандар саны – 21%, ал экспорт көлемі 2,4 есе артты.

Аймақтағы атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде 2018 жылы Қызылорда облысы «Бизнес жүр­гізу үшін қолайлы жағдай жаса­ған ең үздік аймақ» номинациясы бойынша «Алтын сапа» марапа­тына ие болды. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъек­ті­лерінің саны бойынша облыс бүгінде респуб­­ликада көш бастап тұр.

Тәуелсіздік жылдары алғаш рет 2017 жылы облыста 500 мың тон­на­дан астам күріштің рекордтық көлемі жиналды. Бүгінде Сыр мар­жаны Моңғолия, Түркия және Ауған­станмен қоса, Азияның басқа елдеріне де экспортталуда.

2013 жылы облыс ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерінің 3 түрін ғана экс­порттаса, өткен жылы шетел ас­қан өнім саны 15-ке жетті. Ал 6 жыл­да балық аулау 2 есеге өсті. Қазір­гі таңда облыста 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді, оның төртеуі 2013 жылдан кейін салынды. Нәти­же­сінде осы уақыт аралығында балық өнімдерінің экспорты 10 есеге өсті.

2013 жылдан бастап ел игілігі үшін 3,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыс ор­та­лығында 2013-2018 жылдары 15 жаңа шағын аудан салынды.

Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 2,6 есеге өсті. 2013 жыл 270 мың шаршы метр болса, 2018 жылы 700 мың шаршы метрге дейін жет­ті. 2019 жылдың 5 айының қоры­тын­дысы бойынша пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 22,4%-ға артты.

Өткен жылдан бастап апатты тұрғын үй мәселесі шешілді. Апатты үйлердің орнына 645 отбасы жаңа пәтер алды.

Халықтың жан басына шаққан­дағы әлеу­меттік салаға жұмсалатын шы­ғыс­тар бойынша өңір елімізде 1-орын алады. 2013 жылдан бүгінге дейін 200-ден астам әлеуметтік нысан пай­да­лануға берілді. 2013 жылдың басын­да болған 34 проблемалық әлеу­меттік нысанның құрылысы аяқтал­ды. 57 апаттық жағдайдағы денсау­лық сақтау нысандарының 49-ы салынды, қалғандары биыл салынатын болады.

Облыс мектептерінде 3 ауысымды оқыту мәселесі шешілді. Аймақ­тағы апатты жағдайдағы мектеп­тер мәселесі шешілді, олардың орнына 37 жаңа мерзімінен бұрын мек­теп салынды. 2015 жылы «Бала­пан» бағдарламасы іске асырылды. 3 жастан 6 жасқа дейінгі бала­лар мектепке дейінгі тәрбиемен және біліммен 100% қамтылды. Қызыл­орда мектептерінің 2017-2018 жыл­дар­дағы түлектерінің 97%-ы жоға­ры және орта арнаулы оқу орын­дарына түсті. Қызылорда облы­сы – РФ үкіметінің гранты бойынша Ресейдің жетекші техникалық жоға­ры оқу орындарында 520 мектеп түлегін оқытуды ұйымдастыра алған респуб­ликадағы жалғыз аймақ.

«Серпін» бағдарламасы аясында Қызылорда мектептерінің 4 мыңға жуық түлегі еліміздің солтүстік және орталық аймақтарында білім алуда. Бұл – республика бойынша ең жоғары көрсеткіш.

6 жыл ішінде 69100 жаңа жұ­мыс орны, оның ішінде 60098 тұрақ­ты жұмыс орны құрылды. Жұмыс­сыз­дық деңгейі 5,2%-дан 4,8%-ға дейін төмендеді. Соңғы екі жыл ішінде бұл көрсеткіш орташа есеппен республикалық деңгеймен салыстырғанда төмен. Бұл – бұрыннан еңбекқор саналатын оңтүстік өңір үшін маңызды жетіс­тік. Жастар арасындағы жұмыс­сыз­дық деңгейі 2013 жылы 6,7% болса, 2018 жылы 4,2%-ға дейін төмендеді.

Қызылорда қаласы және облыс­тың 7 аудан орталығының 4-еуі газдандырылды. 2017 жылы Байқоңыр қаласына газ берілді. Нәтижесінде халықтың 63%-ы табиғи газды тұ­тынуға мүмкіндік алды. 2018 жы­лы қалған 3 аудан орталығы – Жоса­лы, Тереңөзек және Жалағашқа көгіл­дір отын тартылды. 2019 жылы аудан­­ішілік газ желілері жүргізіледі. Осы­лайша, жыл соңына дейін халықтың 70%-ның табиғи газға қосылу мүм­кіндігі туады.

Облыс халқы орталықтан­дырыл­­ған ауызсумен қамтамасыз ету бойынша елдегі ең жоғары кө­р­сет­кіштердің біріне қол жеткізді. Халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық орнату да дамып жатыр. 4 жоба бойынша Еуропа Қайта Құру және даму банкімен бірлесе отырып, облыс орталығының жылу, су және электрмен жабдықтау жүйелерін, сондай-ақ жолаушылар тасымалы жүйесін жаңғырту бойынша жобалар іске асырылып жатыр.

Ел ағаларының республика­мыздағы басқа әкімдерге үлгі болсын деген ойының астарын ұқтық. «Елде болса ерінге тиеді» деген осы.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкімдерінің алдына халықтың жұмыспен қамту мәселесін оңтайлы шешу мәселесін қойып отыр.

Қырымбек Елеуұлы облыстағы жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың толық ақпаратын алып, аудан, ауыл бойынша жаңа жұмыс орындарын ашуға үлкен күш жұмсады. Шағын және орта бизнес­ке республикалық және жергілікті бюджеттен қыруар қаржы бөлінді.

Осы қаржының көлденең көк ат­тының қанжығасында кетпей әр тиыны жаңа кәсіп бастаған кәсіп­керге жетуін қадағалауына алды. Респуб­ликамызда материалдық-техникалық базасы жоқ мамандықтар үшін жас­тарды Ресейдің жетекші институттарына грантпен оқытты.

«Бақтың барар жері – ынтымақ». Осындай толағай табыстарға ол Сыр елін ортақ мақсатқа жұмылдыру арқылы жетті. Бүгінде облыс тізгіні – күні кеше ғана командасында болған, осы жұмыстарды меже­леуге бірлесе еңбек еткен Қуаныш­бек Ысқақовта. Қуанышбек Досмайыл­ұлына осы жетістіктерді алға қарай еселеуге тілектестік білдіреміз.

 

Қызылорда облысы