Аймақтар • 19 Шілде, 2019

Қасиетті Қызбелге қамқорлық қажет

2338 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қостанай облысына қарасты Арқалық-Торғай бағытындағы тас жолдың 200 шақырымынан соң көлікті оңға бұрып, Кеңес заманында салынған көтерме жолдың ойқы-шойқысына төзіп тағы 50 шақырым жүріп өтсеңіз Қызбел ауылы­нан бір-ақ шығасыз. Бұл ауыл Кеңес ода­ғының дүркіреп тұрған кезінде рес­публикада ірі қара саны бо­йынша алдыңғы орындарда тұр­ған. Бүгін де әлеуеті әлсіз емес. 800-ге жуық тұрғын мал өсіріп, сауда-саттықпен күн көреді.

Қасиетті Қызбелге  қамқорлық қажет

Жангелдин ауданына қа­расты бұл ауылдың топырағына тұлпар мініп, ту ұстаған та­лай тұлғаның кіндік қаны тамған.

Әріге бармай-ақ, Қызбелде туып-өскен Міржақып Дулатов Алаш туын қалай асқақтатса,  би Әбдірахман Иманқұлұлы, халық ақыны Күдері Жолдыбайұлы қазақ халқының өмірі мен өне­ріне өзіндік үлес қосты. Қа­зақ КСР-і Оқу министрі, кейін Сырт­қы істер министрі бол­ған Ас­қар Закарин мен физика сала­сының ғалымы, әлемге бел­гілі Фазылхан Бәйімбетов, рес­пуб­ликаға танымал экономистер Сайлау мен Сәбит Байзақовтар, сатирик Сейіт Кенжеахметұлы, Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­­баев­қа ұстаздық еткен мұғалім­дердің бірі Едірес Әлімов, ғұмырын Қазақстанның су шаруа­шылығын өр­кен­детуге арна­ған министр Нариман Қып­шақ­баевтармен қалай мақтан­бай­сың?! Кеңес Одағына таныл­ған опера әншісі Абай Байто­ғаев­тың орнын кім толтырсын?! Ұядай ғана ауылдан таудай азаматтар шыққанына таңғалмасқа амалың қалмайды.

 Ауылдың бүгінгі күйін көр­сеңіз бұл айтқандарыма сен­бейтін де едіңіз. Кешегі керемет ауылдың келбеті кетіп, кедір-бұдыры көбейіп барады.

Қайбір жылдары қаншама уақыт қасиетінен арылмаған Қоңыраулы өзені бір түнде қып-қызыл реңге еніп, құрт па, қоңыз ба, қап­тап кеткенде қапаланбаған жан қалмады. Амалсыз сол су­ды іштік. Сол кездегі Қыз­бел хал­қы­ның жағдайы «Егемен Қазақ­станда» жазылды да. Әй­теуір басшылардың жауапкер­ші­лі­гінің арқасында елге су келді. Жағдай оңалды.

Алты Алаштың ардақты ұлы Мір­жақыптың сүйегі осын­да жатыр. Кесенесі мен музейі салынған. Көзі қарақты оқыр­ман Жақаңның елге оралу тари­хын да білуге тиіс. Карелия­ның Сосновец кентінен Мір­жақып­тың жатқан жерін анықтап, сүйегін елге әкелген оқиға күллі қазақ жұртының рухын жанып, мерейін өсірген еді. Тарихи оқиғаның басы-қасында «Егемен Қазақстан» газеті жүрді.

Десе де бұл 1992 жылдың күнтіз­бесінде қатталып қал­ған сәттер. Одан бері зырғып күн­дер, тулап жылдар өтті. Мір­жақып Дулатовтың кесенесі қазір ескірген. Студент кезі­міз­де ауылға барған сайын ор­та­лық­тан 40 шақырым жердегі Мір­жақыптың басына баруды әдетке айналдырдық. Әр барған сайын, кесененің жарыла бастаған қабырғалары мен ескірген музей ішін көргенде құлазып қайтамын. Бір мен емес, елдің құрметті ұлын іздеп, рухына тағзым етуге жыл сайын көптеген адам келеді. Олардың ішінде ғалым да, тарихшы да, саясаткер, қоғам қайраткерлері де бар. Сонда келген қонақтар «Елден жырақта жан тапсырған мақтанышымыздың сүйегі туған жерге оралғанда қуанған жұрттың бүгінде бабаларына деген ілтипаты осы ма?!» деп ойламады деймісіз? Жоқ, әлде ұлтқа қызмет қыл­ған қай­раткерге тікелей ұрпағы ғана көмектесуі шарт па?! Соң­ғы бар­ғанымызда кесененің шы­­рақ­­шысына айналған Наға­шыбай Бірманов музейдің жай-күйін айтып, қынжылысын біл­дірді. Күн жарықта барсақ та музей іші қараңғы әрі суық. Электр жарығы да жоқ. Есігін жауып, кесене мен музейдің та­за­­лы­ғын реттеп жүрген ел ағасы На­ға­шыбай қызметі үшін жалақы алмайды. Өйткені кесене де, музей де мемлекеттік қамқорлыққа алынбаған. Бұл жайтқа Жақаңның туыстас ұр­пақтары бейжай қарамай, был­тыр өз қаржыларына күрделі жөн­деу жүргізіп, жәдігерлерін арнайы орналастырып игі іс жасап кетіпті. Мұны Нағашыбай ағамыз хабарласып айтты. Көп ұзамай Қазақстанның киелі жерлері тізіміне де қосылды.

2007 жылы Қызбелде Қазақ­стан мен Венгрия арасын­дағы ынтымаққа арналған үлкен форум өтті. Торғайлық мадиярларды түп-тамырымыз деп санайтын мажарлықтардың ауылға ықыласы ерекше. Жыл сайын әртүрлі экспедиция келеді. Ауыл орталығының қақ ортасында қазақ пен мажар халқы арасындағы достықты бейнелеген ерекше ескерткіш орнатылды. Тіпті бір жылдары ауылға ке­летін мажарлықтар өздеріне арнап қонақ үй тұрғызуы да мүм­­кін деген әңгіме желдей ескен. Әйтпесе жиі келетін шетел­дік­тер ресми келгенде болмаса, былайғы уақытта ауыл үйлеріне бас сұғып, қонақ болуға именеді. Амалсыз ауылдың дәл ортасында саяхатқа шығатын шатырларын тігіп, тынығады. Қарап отырсақ, Жанкелдин ауданы бойынша шетелдік­тер келетін жалғыз ауыл осы – Қызбел. Бәл­кім, облыс бойынша да солай.

Рұқсат етілген уақыттарда Ресей Феде­ра­циясынан, елі­міз­дің түк­пір-түкпірінен келе­тін ба­лықшылар мен аңшы­ларды, сая­хатшыларды айтпай-ақ қояйық... Міне, осылар ай­налдырған Тоқанай мен Қыз­белдің ортасындағы жолдың на­шарлығы мен байланыстың жоғынан зәрезап болады. Осы­дан соң ішкі және сыртқы ту­ризм­ді қалай дамытпақпыз? Ауыл­дың қара домалақтары аудан, одан қалды қала баласынан қалай қалыс қалмасын. Жазда жаңбыр жауса, қыста қар қалың түсе қалса, қала түгілі аудандық жарыстарға бара алмай қанаты қайырылып жатқан оқушының меселі қайтып, арманы орындалмай жатса, қалай жаныңа батпасын.

Биыл 22 ақпанда Қостанай облы­сының әкімі Архимед Мұхамбетов халыққа есеп беру кез­десуінде «Аманкелді мен Жан­келдин аудандары арасындағы сапасыз жолдар жөнделуде. 83 шақырым жолға жөн­­деу жүргізілді. Ендігі қал­ғаны 70 шақырымдай. Барлық жұ­мыс­тарына 2,3 млрд теңге қарас­тырылған. Аяқталу мерзімі мердігерге байланысты. Жұмыс өнімділігіне сай биыл аяқталуы тиіс. Бұдан басқа Шұбалаң, Қарасу және тағы бір ауылдың жолын дұрыстауды көздеп отыр­мыз. Оған 800 миллион теңгедей бө­леміз. Жалпы құны 1,8 млрд теңге тұра­ды. Жұмыстарды бастауға жауапты министрлік қолдау білдіріп отыр» деген еді. Осы ретте біз Жанкелдин ауданына қарасты жолы жөнделуге тиіс ауыл­дар­дың тізіміне Қызбелді де кірістірсе дейміз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 14 мамырдағы жұрт­шылықпен кездесуінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында білім, денсаулық сақтау, мәдениет, жол құрылысы салаларында құны 1,7 миллиард теңге болатын 60 жоба жос­парланғанын айтқан еді. Облыс әкімдері бұл жобаларды тиісті деңгейдегі жерлерде жүзеге асырса игі.

Ауданнан ең шеткері жатқан­дықтан жолға мән бергеніміз абзал. Жолдың қазіргі күйіне шыдауға болса, болатын шығар, бірақ кейін оны жөндеу оңайға соқпасы анық. Жол дегеніміз ха­лықтың тұрмыс сапасына тіке­лей әсер ететін фактор. Тіпті екі ауданның арасындағы жолды жөндеу кезіндегі мүмкіндікті пай­даланып, тас жол төселіп қалса нұр үстіне нұр болар еді. Бүгін­гі күйін ретке келтірмесе, әб­ден жарамсыз жолға айналып кетпек.

Тағы бір айта кетерлік мәселе, Жан­келдин ауданы бойынша 2-3 ауылда ұялы байланыс пен интернет желісі жоқ. Мысалға, наурыз айының аяғында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен Қостанай облысының ақпа­раттандыру, мемлекеттік қыз­меттер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Ер­ке­­бұлан Әбдікәрімовтің ай­мақ­­тағы цифр­ландыру саласы­ның да­му көрсеткіштері туралы айт­қан мәліметтеріне тоқта­лайық.

– Биыл 53 ауылдық елді мекенге талшықты-оптикалық бай­ланыс желісі жеткізіледі. Жан­келдин, Аманкелді, Қоста­най, Қарасу, Әулиекөл аудандарында және Арқалық қаласына қарасты ауылдарда жоғары жыл­дамдықты интернет орнатылады. Бүгінгі таңда облыс бойынша кеңжолақты интернетке қосылу 83%-ға жетті. Облыстағы 504 мектептің 446-сы және 500 медициналық мекеменің 476-сы жоғары жылдамдықты интер­нетке қосылған, – дейді Е.Әбді­кәрімов. Мұндағы деректер көңіл қуантарлық.  Дегенмен мек­теп пен ауыл әкімдігінің ғимара­тындағы бірнеше ғаламтор кабелі елді мекеннің интернетпен қам­тылуының көрсеткіші бола ала ма? Олар сапалы әрі жылдам жұ­мыс істей ме? Талшықты-оп­ти­­калық желі ауыл түгілі, аудан орта­лығына да әлі жетпеген.

Мектеп мұғалімдері төрт сым­ды құ­шақ­­тап отырса да, он­лайн күнделікті тол­тыру­ға ғалам­тордың күші әрең жетеді. Мо­биль­ді операторлар қызметіне қол жет­кізсек мұндай олқылық шешілер еді. Өйт­кені жергілікті тұрғындар жеке қон­дыр­­ғы­лар ар­қылы ауылда отырып-ақ, әлем­дік ке­ңістікті зерттеп, қажетін таба алар еді.

Былтыр бұрынғы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов «элек­трондық сауданы толығымен жетілдіру мақ­сатында Қазақстан Республи­касы­ның ауылдық елді мекен­дерінде кең жолақты интернетке қолжетімділік, сондай-ақ спутниктік технологиялармен қамтамасыз ету бойынша жұ­мыстар жүргізілуде» деп есеп берген болатын.

Осы мақсатта мемлекет-жекеменшік әріптестік үлгісі бойынша ауылдық елді мекендерде талшықты-оптикалық бай­ланыс желілері құрылысы атты жобаны іске асыру басталғаны туралы хабар­лаған. Бұл жоба 2021 жылға дейін 6 212 ауылдық елді мекенді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді екен. Ал бұ­ған Қостанай облысындағы аудан­дарға қарасты ауыл­дар іліге ме? Әсіресе Үкімет шаруасы шабандап қалмасын деп Жан­келдин ауданы секілді өңірлерге неге назар аудармасқа. Бізді мазалайтын сұрақ осы.

Аудандағы ірі ауылдың бірі бола тұра XXI ғасырда ұялы байланыстың болмауы көңілге қаяу түсіреді. Интернеттен білім алып, қосымша дәріс алып жүр­ген өркениетті ауылдың өрен­деріне бұл жердегі өскіндер қалай қызықпасын. М.Дулатов атын­дағы орта мектепте білім алып жатқан шәкірттердің әлеуе­ті мол, ынтасы зор. Енді осындай мекенді жандандырып, ел игілігі үшін пайдалануға не кедергі?

Бұған дейін Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев өз Жолдауында «Ауыл – ел бесігі» жобасының басталғанын жариялады. Аталған бастаманың негізгі мақсаты – ауыл­дардың әлеуметтік ортасын жаңғырту. Ал осы жобалар облыс, аудан орталықтарында ғана емес, шалғай ауылдарда да атқарылуы керек қой. Елбасы берген тапсырманың шарапаты қай кезде жетеді?!

Қызбелдің қатардағы қара­па­йым ауыл еместігіне Фариза Оң­ғарсынова секіл­ді ақындар­дың өлеңін, Сәбит Мұқанов­тың алғашқыда «Адасқандар», кейін­нен «Мөлдір махаббат» деп жа­зылған романын оқығандар көз­сіз сенер еді. Айдынды көл қалың қопадан көрінбейді. Бұл маңай­да жабайы қабан, ақбөкен әлі күнге дейін тір­­ші­лік етеді. Аудан­да атымен жоқ балық шаруа­­шылығы кәсіпорындарын ашамын деген адамға бұл ай­мақтан артық жер таппайсыз.

Тоқетеріне келгенде, ауыл­дың бүкіл қазақ қоғамына қалай қызмет етке­нін, кімдерді дүние­ге әкеліп, кімнің қана­тын қатайт­қанын айтқандай бол­дық. Бірақ діттегеніміз бұл емес. Алда қазақ­тың көрнекті ағар­ту­шысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы Міржақып Дулатов­тың туғанына 135 жыл толады. Мәдениет және спорт ми­нистр­лігі осыған орай Алаш ардақ­тысының туған жерінде респуб­ликалық деңгейдегі іс-шара ұйымдастырамыз деп жатса, ұятқа қалмасақ игі.