Әлем • 19 Шілде, 2019

Жасанды интеллект мемлекет басқара ала ма?

1163 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы кездері жасанды интеллект туралы жиі айтылады. Қалай десек те, бұл біздің өмірімізге мықтап еніп келе жатқан құбылыс.

Жасанды интеллект мемлекет басқара ала ма?

Тілалғыш көмекші

Apple компаниясының Siri немесе Android тектес смарт­фоныңыздағы «Яндекстің» Alisa атты көмекшілері осы жасанды интеллект негізінде қызметтерін жүзеге асырады. Толыққанды болмаса да, аталған бағдарламалар гад­­жет иесімен әңгі­меле­сіп, кей­бір ауызша берген бұй­­­­рық­­тарыңызды орын­дап бе­ре­ді. Ауа райын сұ­рай сала­­сыз, смарт­фоныңыз­да­ғы ұйқы­­ашары­ңыздың уа­қы­­тын қой­дыра аласыз деген­­дей өтініш­терді жерде қалдыр­майды.

Жақында жаңалықтардан бір бағдарламашы жігіт қолы бос емес кезде қалың­дығымен сөйлесетін бот жасап шығарғанын құла­ғымыз шалды. Былай қарасаңыз, тиімді сияқты. Құда да тыныш, құдағи да тыныш дегенге келеді. Ал бірақ бұл өнім толығымен адамды алмастыра алмайтыны, сезімге беріле алмайтыны және сол арқылы сіздің қуанышыңыз бен қайғы-мұңыңызды бөлісе алмайтыны түсінікті. Бірақ қарапайым техникалық тұр­ғыдағы жұмыстарды орындай алатын болса, оның пайдасы шаш-етектен сияқты. Есік алдындағы аулаңызды сыпырып қойса, балаңызды ойнатса, үйіңізді жинайтын болса, сіз қуанбағанда кім қуанады? Онсыз да жұмыстан шаршап, кешке үйіне жығылып-сүрініп жететін адамға осындай көмекшісі болған деген бір керемет емес пе?

 

Адамнан да ақылды

Адамдармен шахмат ойнап, тіпті әлем чемпиондарын жеңіп кететін роботтар­ды бұрындары көрдік. Гарри Каспаров 1997 жылы қарымта матчта «Дип Блю» атты суперкомпьютерден 3,5:2,5 есебімен жеңіліп қалса, 2006 жылы тағы бір шахмат­тан әлемдік тәжді киген Вла­димир Крамник «Дип Фриц» атты машинадан 4:2 есебімен тізе бүккен.

Енді Рубиктің кубигін 20 рет қана бұрап жинай салатын нейрожүйе өзінің адамнан әлдеқайда ақылды екенін дәлелдеп отыр. Адам­дар арасынан суыры­лып шыққан мықтының өзі ку­бикті 50 рет айналдыра­ды екен. Кали­фор­ния универ­сите­тінің ғалым­дары адам логи­касы қиналып барып әрі уақыт жоғалта отырып шеше­тін есепті әп-сәтте орын­дай салатын осындай робот жасап шығарған.

Саяси ойындар

АҚШ пен Ұлыбритания сияқты державалық елдерде қалыптасқан жүйе бойынша билікте алма-кезек екі партия ауысып отырады. Ертең солар аса даулы бір саяси немесе әскери мәселеде келісе алмай, жеме-жемге келгенде бір-біріне сенбей, араағайындық жасасын деп тізгінді осы жасанды интеллектке сеніп тапсыратын күн тумай ма екен? Әлбетте, сіз жоқ дерсіз. Бірақ қазіргі технологияның жылдам дамыған заманында оған да ерте жетіп қалуымыз бек мүмкін. Қолына мемлекет­тің тізгіні тиген жасанды ин­тел­лектіңіз өзінше шешім шы­ғарып, адамға бағынбай кет­се жағдай қалай болар екен? Сонда Илон Масктың айт­қанындай, жасанды интеллект образындағы «жауы­ңыз» Солтүстік Корея­дан да қауіпті дегенін кеш түсінетін жағдай туып қалмас па екен?

Бұлай пайым жасауы­мыздың себебі – жоғарыда айтылған дүниелерді біраз жылдар бұрын роботтар атқарады десе ешқашан мүмкін емес­тей көрінетін. Ал қазір оған тіптен таңғалмайтын бол­дық. Сондай тенденция­мен кете берсек, саяси ойын­дар шешімін де адамзат үшін жасанды интеллект шығарып бере салуы ықти­мал ғой. Жасанды интеллект­ке жүгінуге адамзатты мәжбүр­лейтін тағы бір фактор – ол бейтарап болады-мыс деген ойлардың айтылуы.

 

Құдаймен бәсеке

Жасанды интеллект жа­сау­шылардың түпкі мақ­саты адам интеллектісін алмас­тыра алатын дүние жасау екендігі белгілі. Ал оның ар жағында Құдайдың орнында адам жасауға ұмтылыс деген сөз. Түптің түбінде адамның түбіне жететін осы жасанды ақыл-ой болмаса игі.