Ешкі өсіру
Сәрсенбі, 8 мамыр 2013 1:37
Халқымыз ешкі өсірумен ертеден шұғылданып келе жатыр десек те, осы істің қыры мен сырын жақсы меңгерген адамдар қатары қазір сирей түскені сезіледі. Мал бағуға ынта танытып отырған жастар аз. Дегенмен қоғамға қажетті әрбір іс өз уақыты келгенде қайтадан дамымай тұрмайды. Өйткені, кезінде дұрыс мән берілмеу салдарынан қожыраған тіршілік көзі қоғамдағы оған деген сұраныстың бірте-бірте артуы есебінен енді жаңа қырынан қайтадан жандана бастайды. Бұл – нарық заңы. Өздігінен реттелуге тиісті нарықтық қатынастар рыноктағы басы артық заттардың бағасын құлдыратса, жоғалып бара жатқан заттардың құнын арттыру арқылы қайта толығып отырады.
Сәрсенбі, 8 мамыр 2013 1:37
Халқымыз ешкі өсірумен ертеден шұғылданып келе жатыр десек те, осы істің қыры мен сырын жақсы меңгерген адамдар қатары қазір сирей түскені сезіледі. Мал бағуға ынта танытып отырған жастар аз. Дегенмен қоғамға қажетті әрбір іс өз уақыты келгенде қайтадан дамымай тұрмайды. Өйткені, кезінде дұрыс мән берілмеу салдарынан қожыраған тіршілік көзі қоғамдағы оған деген сұраныстың бірте-бірте артуы есебінен енді жаңа қырынан қайтадан жандана бастайды. Бұл – нарық заңы. Өздігінен реттелуге тиісті нарықтық қатынастар рыноктағы басы артық заттардың бағасын құлдыратса, жоғалып бара жатқан заттардың құнын арттыру арқылы қайта толығып отырады.
Ешкі өсіру ісіне де осындай көзқараспен қарауға тиіспіз. Өйткені, қазіргі күні ешкі өсірудің де жаңа мәнге ие бола бастағандығы сезіледі. Себебі, ешкі өсіруден сан түрлі пайда қаратуға болатындығын, бұл істің жыл өткен сайын тиімді бола түскендігін көзі қарақты адамдар қазірдің өзінде жақсы аңғара бастады.
Ешкі күтімді көп қажет ете бермейтін, өзге түлік түрлеріне қарағанда тезірек көбейетін, табиғи жағдайға төзімді мал. Азықты да көп талғай бермейді.
Ешкінің басты қасиеттерінің бірі оның сүтінде. Жас балалар үшін ол кейбір жағдайда ана сүтін де айырбастай алады. Себебі, ешкі сүті жеңіл қорытылады. Қоректік қасиеті де жақсы. Адам денсаулығы үшін өте пайдалы деп есептеледі. Оның құрамында кальций, фосфор секілді адам ағзасына қажетті минералды заттар молынан кездеседі. Бұл заттар бала сүйегінің бекуіне жақсы әсер етеді. Ешкі сүтін суық тиіп ауырғанда да қолданады. Сондай-ақ ол бауырдың қабынуынан, асқазан жарасынан, демікпе ауыруынан сақтайды. Ешкі сүтінің құрамында В, В2, С және А витаминдері өте мол.
Ешкі 14-15 жылға дейін өмір сүреді. Әр күн сайын одан 4-7 литр сүт саууға болады. Бір ешкіден жылына кемінде 300, әйтпесе 800 грамға дейін түбіт алынады. Әдетте, түбіттің молынан болуы ешкінің күтімі мен азықтандырылуына көп байланысты болып келеді. «Түбітті түте алмаған жүн етеді» деп атам қазақ айтқанындай, егер сіз ешкі бағу жайымен дұрыс таныс болмасаңыз, бұл істен көп пайда көре алмайтындығыңызды алдын-ала айта кетейік. Бірақ, бұдан тағы қорқуға болмайды. Өйткені, ешкі өсіру сондай бір қиын шаруа емес. Ең бастысы, іске деген ынтаңыз болуы керек.
Ешкіні күту. Ешкі көп бап талғамайтын жануар екендігін жоғарыда айттық. Оны күтімге алуға кез келген орын-жай, яғни қора жарай береді. Тек ол құрғақ та жарық болуы керек. Ешкінің бір әлсіз жері, оған жел тиюі мүмкін. Сондықтан қораның іші желкем болмағандығын ескерген жөн. Егер қораның ішкі температурасы жазда 5 градустан ыстық, қыста 10 градустан суық болмаса, осы жағдайдың өзі оған жарап жатыр.
Ескерте кететін бір мәселе, егер қора тым ылғалды болса, ол ешкі сүтіне әсер етеді. Сүттің майлылығы төмендейді.
Ешкі – мазасыздау мал. Сондықтан қорада оны азықтандыру үшін арнаулы шөп салғыштың болуын және оның ернеуі еденнен 60-70 сантиметрдей биік болуын ескерген жөн. Әйтпесе, шөпті аяғымен таптап босқа рәсуә етуі мүмкін. Сондай-ақ, суаратын ыдыстың да қабырғаға бекітулі болуын ескеріңіз. Егер мүмкіндігіңіз болып жатса, суды күніне екі рет ауыстырып отырыңыз. Өйткені, ешкі таза және өзі де тазалықты сүйетін мал. Сондай-ақ, ешкіні қорада салқын еденге жатқызбай астына сабан немесе құрғақ жапырақтар, ол болмаса ағаш үгінділерін төсегеніңіз жөн. Осының барлығы ешкі күтіміне, ең бастысы, оның жақсы да сапалы өнім беріп, сіздің табысыңыздың артуына оңды ықпал етеді.
Ешкіні қалай азықтандыру керек? Ешкіні қолда ұстаған кезде оның ең негізгі азығы шабындықтың шалғынды шөбі болуы тиіс. Салмағы 45 келі тартатын ешкі күніне 2 келіге дейін шөп жейді. Қысты күндері құрамажеммен немесе кебекпен қосымша азықтандырып отырған дұрыс. Оларды әдетте, қатқыл азық түрлеріне қосып, ылғалдандырып береді.
Ешкі бір уақыт тұз жалап, бор жегенді ұнатады. Азықтандырудың қысты күнгі мөлшерлі рационы – 2 келі шөп, 2 келідей түрлі қосындылар мен қалдықтар, 0,2 келі концентраттар.
Ешкіні қыстағы қол күтімінен жазғы еркін жайылымға бірте-бірте шығару керек. Ешкінің жазғы күнгі азығы – даланың, ой мен қырдың жасыл шалғынды шөбі. Оны жайылымға әдетте, даланың таңғы шығы кепкен уақытта шығарады. Жаз кезінде күніне екі рет суарып отырған жөн.
Негізінде ешкіні дұрыс азықтандыра білудің маңызы зор. Бұл оның тез жетілуіне және өнімділігіне тікелей әсер етеді. Әсіресе, лақ кезінде дұрыс азықтандырылмаған ешкі шынжу өсіп, тұрқы дұрыс жетілмейді де, осыдан барып дұрыс өнім бере алмайтын болады.
Ешкіні өз төлі есебінен көбейту. Ешкі тез өсіп жетілетін өсімтал түлік. Көбінесе, егіздеп лақтайды. Шағылыстан кейінгі құрсақтану кезеңі 150 күнді қамтиды. Туған лақтардың өзі 6-7 айында жыныстық тұрғыдан жақсы жетіледі. Дегенмен ешкі негізінен 1,5 жылға дейін өсетіндіктен оларды 16-18 айға дейін шағылысқа қоспаған жөн. Өйткені, ерте лақтап, дұрыс жетіле алмай қалады.
Өнімді өткізу тәсілдері. Ешкіден алынған өнімдерді (сүт, түбіт, қылшық) шағын бизнес ұйымдарымен келісімшарт жасасу арқылы немесе жарнама беру арқылы сатуға болады.
Ешкі өсіруге жұмсалатын шығын:
Лақ сатып алу – 10 бас х 6 000 теңге = 60 000 теңге.
Шөп сатып алуға – 5 000 теңге.
Кебек пен құрама жем сатып алуға – 2 000 теңге.
Барлық шығын: 67 000 теңге.
Кіретін кіріс пен пайда:
Бір ешкінің мөлшерлі бағасы – 12 000 теңге. 4 ешкі сатсаңыз 48 000 теңге кіріс аласыз. Қалған ешкіні өсіру үшін қалдырасыз.
Жарты жылдың ішінде бір ешкіден кем дегенде 150 грамм түбіт алуға болады. Сонда 10 ешкіден 1 500 грамм түбіт аласыз. 1 грамм түбіт 300 теңге тұрады. Сонда сіз 10 ешкінің түбітінен 450 000 теңге кіріс қарата аласыз.
1 литр ешкі сүті шамамен 250 теңге тұрады. Демек күніне 1 ешкіден 4 литр сүт алсаңыз, ол 1000 теңге тұрады. Сонда 1 ешкінің сүтінен ғана айына 30 000 теңге, ал жарты жылда 180 000 теңге кіріс алуыңызға болады. Егер 10 ешкі сауып сатсаңыз, сонда қаншама пайдаға кенелесіз. Демек, көзін тапқан адамға ешкі өсіріп, оның өнімдерін саудалау – өте тиімді бизнес көзі.
Пайдалы кеңестерді мына сайттардан алуыңызға болады:
http://brokerf.ru/sh-kozav.htm
http://www.piznes.ru/business-ideas/idea186.htm
http://www.biznesnasele.ru/biznes-plany/biznes-plan-po-razvedeniyu-plemennyh-koz.html
http://prohoz.ru/category/razvedenie-koz/
Дайындаған
Сұңғат Әліпбай,
«Егемен Қазақстан».