Атқарылар жұмыс әлі де аз емес, дегенмен апаттан кейінгі үреймен басталып үмітке ұласқан, ертеңге деген сенімді нығайтқан арадағы ай ұмытыла қоймасы анық. Бүкіл ел назары ауған оқыс оқиға кезінде еліміздің барлық азаматтары, мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, өңірлер, отандық бизнес және бірқатар шетелдік инвесторлар зардап шеккендерге материалдық және моральдық қолдау көрсетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл халқымыздың береке-бірлігінің арқасы және тұтастығымыздың көрінісі екенін атап, игі іске атсалысқан барша жұртқа ризашылығын білдірді.
Апат нені аңғартты?
Иә, өкінішке қарай 24 маусым күні таңертең Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы оқиға салдарынан үш адам қаза тапты, 170-ке жуық адам зардап шекті. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді. Түркістан облысына арнайы келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жарылыстан зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде етті. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Арыстағы жағдайға алаңдаушылық білдіріп, Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Арыс қаласындағы ахуал талқыланды. Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин жарылыс салдарынан көз жұмғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, тұрғындарға барлық көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Келтірілген залалдың көлемі есептеліп, Үкімет резервінен қаржы бөлінді. Президент жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында комиссия жұмысының қорытындысы негізінде Президент Әкімшілігіне, Қауіпсіздік Кеңесіне барлық кінәлілерді қатаң жазалау бойынша ұсыныс енгізуді тапсырды, қауіптілігі жоғары нысандарға тым жақын жерге құрылыс жүргізуге рұқсат берген, яғни жауапсыздық танытқан азаматтық мемлекеттік қызметшілер де жазалануы тиіс екендігін мәлімдеді. Жұрт бүгінде Қорғаныс министріне қатаң сөгіс жариялануы сол кінәлілерді жауапқа тартудың бастамасы ретінде бағалауда.
Жалпы алғанда жергілікті билік пен зиялы қауым, дін өкілдері сол күндері көпшілікті сабырға шақыра алды. Президенттен бастап сала министрлері, облыс, қала әкімдеріне дейін қиын сәтте халықтың қасынан табылып, қолдан келген мүмкіндіктерді жасады. Халыққа жақындығын білдірді. Шұғыл шешімдер қабылданып, барлық мәселе ортаға салынды, зардап шеккендер далада қалмады.
Билік пен бұқара бірлесе жұмыс істеді. Кеңседегілерді ел ішіне шығарған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмыс кабинетін уақытша Арысқа ауыстырды. Тұрғындардың қиын сәттегі құбылмалы көңіл күйін теріс бағытта пайдаланып қалғысы келетіндердің бар екені де аңғарылды. Сөзге еріп, наразылық шеруіне шыққандардың басым бөлігі дерлік өздерінің орындалуы мүмкін емес әрі қисынсыз талап қойғандарын кеш те болса түсініп, өкінгені анық. Елді арандату, жалған ақпарат тарату, заңсыз шеруге шығу деректері бойынша 10 адам ұсталып, түсіндіру және тергеу жұмыстары жүргізілді, 4 қылмыстық іс қозғалды. Өкінішке қарай біреудің қайғысынан пайда тапқысы келетіндер де бар болып шықты. Үйіне қайтқан тұрғындар мүлкі жоғалғаны туралы 85 арыз түсірген. Алайда оннан астам арызды иелері қайтарып алған. Аса ірі көлемде азық-түлік ұрлау фактісі тіркелген, бір адам көлігі ұрланғанын хабарлаған.
Көптің көмегі – бірліктің көрінісі
Арыс тұрғындарына еліміздің барлық облыстары қолдау көрсетті. Барлық өңірден гуманитарлық көмек тиелген көліктер Арысқа қарай ағылды. Арнайы ашылған қорға қарапайым тұрғындардан, кәсіпкерлер мен ұйымдардан, мемлекеттік мекемелерден түскен қаржы қаншама! Бір ғана мысал, Болат Өтемұратов қоры Арыс қаласындағы тұрғын үй құрылысына 760 млн теңге (2 млн АҚШ доллары) бөлді. Бұл қаражатқа әрқайсысы екі отбасына арналған «дуплекс» типті 50 үй тұрғызылмақ. Мердігерлер анықталған. Құрылыс биыл қыркүйек айының ортасында аяқталады. Тұрғындарға үйлер әрленген әрі санитарлық тораптары дайын күйінде табыс етілмек. Оған қоса жаңа үйлер тұрмыстық техникамен, ас үй жиһазымен де қамтылады. Әрбір үй үшін 10 сотық жер телімі бөлінген, яғни әр отбасының өз бақшасы болады.
Сондай-ақ облыстар мен қалалар гуманитарлық көмектерден бөлек жөндеу жұмыстарын да атқаруда. Мысалы, Жамбыл облысына тиесілі 50 жеке тұрғын үйдің жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Қазіргі таңда 3-сектор аумағындағы қалпына келтіру шараларына жамбылдық 4 құрылыс компаниясының 450-ден аса құрылысшысы мен 21 теxникасы жұмылдырылған. Олар 242 жеке тұрғын үй бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Арыстың 300-ден астам оқушысы Жамбыл облысындағы демалыс орындарында демалып жатыр. Қарағанды облысы 11 көпқабатты үй (519 пәтер) мен 72 жеке үйдің жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Ал 12-секторда зардап шеккен үйлердің құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін Ақтөбе облысы және Келес ауданы бекітілген. Бұл аумақта 789 тұрғын үй бар. Оның ішінде 472 үйге ақау актісі жасалып, құрылыс жұмыстарын жүргізуді талап етеді. Қазіргі уақытта 50 пайыз құрылыс жұмыстары аяқталған. Осылайша қаланы қалпына келтіруге еліміздің барлық өңірлері атсалысуда. Зардап шеккен тұрғын үй ғимараттары облыстар арасында бөлініп, құрылыс бригадалары жұмыс істеуде.
Кешенді 10 шараның шарапаты
Үкіметтік комисия құрылып, Премьер-Министр Асқар Мамин Арыс қаласын шұғыл қалпына келтіру бойынша барлық күш жұмылдырылатынын мәлімдеді. «Біз Арыс қаласындағы барлық зақым көрген және бұзылған нысандарды 2019 жылдың 1 тамызына дейін жөндеп бітуіміз керек. Барлық міндеттер оңтайлы, сапалы әрі уақтылы орындалуы керек», деді Премьер-Министр комиссия отырысында. Мемлекеттік материалдық қордан барлық қажетті құрылыс материалдары бөлінді. Үкімет басшысы қаланың тіршілігін қалыпқа келтіру және оның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін бір ай ішінде қаладағы барлық тұрғын үйлерді жөндеп бітіру, қосымша әлеуметтік қолдау шаралары ретінде қаланың әрбір тұрғынына бірреттік 100 мың теңге көлемінде өтемақы төлеу, Арыс қаласынан 4 мың баланы сауықтыру лагерьлеріне жіберу сынды 10 кешенді шараны атады. Оның ішінде, сондай-ақ қала кәсіпкерлеріне биылдың 1 шілдесінен бастап 5 млн теңгеге дейін жеңілдікпен несиелер беру, жыл соңына дейін салықтық каникулдар ұсыну сынды көмектер де бар. Облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы А.Тасыбаевтың мәліметінше, қазіргі таңда 100 мың теңге өтемақыға 61 мыңға жуық құжат тапсырылған, 49393 тұрғынның мекенжайы Ішкі істер министрлігінің базасымен расталған. Бұл күнде Арыс қаласындағы 44994 тұрғынға, Ақдала ауылдық округінен – 4324, Қожатоғай ауылдық округінің – 4232, Дермене ауылдық округінің 2052 тұрғынына өтемақы төлеу үшін құжаттар жинау жұмысы аяқталып та келеді. Өтемақы үшін қаралған 5,6 млрд теңгенің 3 млрд теңгесі Үкімет резервінен, 1 млрд. теңгесі облыстық бюджеттен, 1,6 млрд теңгесі «Түркістан» әлеуметтік қорына түскен қаржыдан бөлінбек.
Қазіргі таңда Арыс қаласында 1870 үйдің жөндеу жұмысы аяқталды. Жеке үйлердің 7 мыңнан астамы, көпқабатты үйлердің 100-ге жуығы зақымдалған, осы нысандарда жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде 17 сектор бойынша 7445 үйге ақау актісі жасалып, 4827 үйде құрылыс жұмысы қолға алынған. Зерттеулер нәтижесінде жарамсыз үйлер саны 293-ке жетті. Оның ішінде 4-еуі – көпқабатты үйлер. Бұл үйлер толық жаңадан салынады. Бірқатарының іргетасы қаланып та үлгерген. Құрылыс жұмыстарына еліміздің түкпір-түкпірінен 215 компания және 7 мыңнан астам адам тартылған. Қаладағы 66 әлеуметтік нысан бойынша да жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. Оның ішінде 4-еуі жаңадан салынады. Бұл жұмыстарға 1788 жұмысшы, 29 компания жұмылдырылған. Арыста апта сайын жәрмеңке ұйымдастырылуда, 200-ден астам ардагер демалысқа жіберілген. Сонымен бірге 2 мыңнан астам бала да еліміздің демалыс лагерьлерінде тынығып жүр. Қоймаларға жиналған 789,2 тонна азық-түліктің 689,5 тоннасы тұрғындарға таратылған. Бүгінде 1545 аз қамтылған және көп балалы отбасыларға көмек көрсетілуде. Денсаулығы нашар 31 тұрғынға қоларба берілген.
Қоймадағы оқ-дәрі қашан жойылады?
Қорғаныс министрлігі тарапынан жіберілген қателіктер анықталып, кінәлілер тиісті жауапқа тартылар. Дегенмен, Арыс аумағында орналасқан қойманың құпиясы 2006 жылы алғаш рет бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ашылғанын айта кетелік. Тарихы сонау 1930 жылдан басталатын қоймадағы сақтауда жатқан оқ-дәрі егер темір жол вагонына тиелетін болса, шамамен 230 шақырым қашықтыққа созылатындай көлемде екені айтылған-ды. Қойма құпиясының ашылуына сол 2006 жылы Балқаш жағалауында жарылған снарядтар себеп болған еді. Сол жолы Қорғаныс министрлігінің оқ-дәрілерді реттеу бойынша жұмысы 3 кезеңнен тұратыны, біріншісі 1997-2004 жылдар аралығында жүргізіліп, барлық оқ-дәрілерді тізімдеу-жүйелендіру жұмыстары аяқталғаны, 2004-2007 жылдары сақтау жүйесі жетілдірілетіні де мәлім етілді. 1997 жылға дейін сақтау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілмегені, 90-жылдары Қазақстан аумағына Еуропадан, Ауғанстаннан және жер сілкінісінен кейін Армениядан оқ-дәрілер жаппай ретсіз әкеліне бастағаны да жасырылмады. Қойма қауіпсіздігін сақтауға қажетті техникалар мен жабдықтар алу үшін 2006 жылы 143 млн теңге бөлінген. Алайда қаржы бөлініп, қауіпсіздік талаптары күшейгенімен 2009, 2014, 2015 жылдары қоймада снаряд жарылған қайғылы оқиғалар тіркелді. Қазіргі таңда Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың мәлімдеуінше, Елбасы тапсырмасымен қалған оқ-дәрілер қоймадан шығарылады және қауіпсіз жерлерге таратылады. Жарылыстан кейін Арыс пен маңайындағы ауылдардан табылған 30 мың 700-дей оқ-дәрі қаладан 60 шақырым жердегі арнайы қоймаға жеткізіліп, залалсыздандырылды. «Тексеру жұмыстары аяқталған соң, қанша тонна оқ-дәрінің жарылып кеткені және қанша шығын келгені анықталады. Оқ-дәрілердің жартысынан астамы жарылып кетті. Өрт сөндірушілер екінші және үшінші базадағы өртті сөндіру арқылы инженерлік оқ-дәрілерді сақтап қалды. Арсеналда авиациялық снарядтар мен теңіз оқ-дәрілері ешқашан сақталмаған», деп түсіндірді министр. Сондай-ақ министр құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатқанын, жарылысқа адам факторы болуы, өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы немесе электр сымының қысқа тұйықталуы, химиялық реакция сынды техникалық себептер, тіпті қасақана өрт қойылған болуы мүмкін екенін мәлімдеген болатын Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Ал күні кеше Арыс қаласында өткен аппарат отырысында өңір басшысы Ө.Шөкеев облыстық штаб әрбір секторға жауапты облыс пен аудан әкімдіктерімен бірлесіп, тұрғындардың арыз-шағымы бойынша жүйелі әрі мұқият жұмыс атқаруы тиіс екенін айтты. Әрбір мәселеге уақтылы әрі дер кезінде тоқталып, құрылыс қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды.
Түркістан облысы