Саясат • 25 Шілде, 2019

Қырғыз-Тәжік шекарасындағы жағдай күрделі

430 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

22 шілде күні Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан шекарасында атыс болды. Соңы қос тарап тұрғындарының бір-біріне тас атуына ұласқан. Бүгінге дейін жанжалдан 16 қырғыз және 10 тәжік азаматы зардап шеккен деген мәлімет бар.

Қырғыз-Тәжік шекарасындағы жағдай күрделі

Нақтырақ айтсақ, Қырғыз елінің Баткен облысындағы Ақ-Сай ауылы мен Тәжікстанның Ворух анк­ла­вының шекарасында кикілжің шықты. Қырғыз ше­карашыларының мәліметінше, Ворух тұрғындары ауылға кіре берісте флагшток орнат­қан кезде жанжал шыққан, соңы қарулы қақтығысқа жалғасқан. Ше­кара­шылар ауыл тұрғындары аңшы мыл­тығынан оқ атқан деп отыр.

Ал Тәжікстан тарабының мәлі­меті басқа. Олардың сөзіне сенсек, жанжал барысында қырғыз ауылының азаматтары оқ атқан. Тәжік­стан Ішкі істер министрлігінің ақпара­тынша, тәжікстандық бір азамат қаза болып, тәжік мили­циясының подполковнигі жара­ланған. Зардап шеккен он адамның үшеуіне оқ тиген, жеті азамат тиген тастан жара­қат алған. Қырғыз жағынан 15 адам жараланған, оның 12-сіне оқ тиген, үш адам тастан зардап шеккен. Жараланғандар арасында милиция қызметкері мен шекарашы бар көрінеді.

Ал 23 шілде күні тағы да атыс болып, бір шекарашы жараланды. Аймақта шекара қызметі кү­шей­тілген тәртіпке көшті. Қазір Исфара – Ворух жолы жабылды. Тәжік жағы Лейлек ауданына апаратын Исфана-Баткен жолындағы қозғалысты да тоқтатты. Қырғыз еліне қарасты Баткен ауданындағы Ақ-Сай ауылынан 315 адам басқа жерге көшірілді. 

Жалпы қос елдің арасындағы шекарада мұндай қақтығыстар жиі тіркеліп тұрады. Биыл наурыз, маусым айларында да осындай оқыс оқиғалар болған еді. Оның се­бептері де бар: екі тараптың халқы су, жер, жайлауды бөлісе алмай қала­ды. Қантөгіске дейін жеткен кез­дер де баршылық. Әлі анық шекара сызылмаған әрі даулы жер деп Тәжік­станның Бободжон-Гафуров және Исфарин аудандары мен Қырғыз Республикасының Лейлек және Баткен аудандары шектес­кен территория есептеледі. Екі ел арасындағы шекараның жалпы ұзындығы 970 шақырым, оның тек 519 шақырымы бойынша екі ел арасында келісім жасалған. 

Шекарадағы жанжал Қырғыз елінің президенті Сооронбай Жээн­бековтің Тәжікстанға сапары қар­саңында шықты. Осы кездесуде қос тарап шекараның әлі белгіленбеген бөлігін, жоғарыда аталған жанжалдарды  талқылауы мүмкін.