2011 жылғы трагедиядан бері АЭС істен шыққан. Алайда 10 реакторды толық бұзу қажет: алты реактор «Фукусима-1», қалған төртеуі «Фукусима-2» стансасында. Мұндай күрделі жобаның ең жауапты бағыты – пайдаланылған жанармайды сақтау. Ол үшін TEPCO компаниясы арнайы қойма соқпақ. Дегенмен, құрылыс орны белгісіз. Жалпы, бұл ұзақмерзімді жұмыс. Апаттың салдарын жою, реакторлардың демонтажы – барлығы 40 жылға созылуы мүмкін.
2011 жылы «Фукусима-1» АЭС-дегі штаттан тыс жағдай Чернобыльден кейін соңғы 25 жылдағы ең ірі апат ретінде бағаланды. 9 балдық жер сілкінісінен пайда болған 15 метрлік теңіз толқыны стансаның энергоблоктарын басып қалып, оларды энергия көзінен үзіп тастаған еді. Бұл, өз кезегінде реакторларды суыту жүйесінің істен шығуына алып келген болатын.
Жүргізілген кейбір тәуелсіз зерттеулердің нәтижесіне сенсек, апатқа бірнеше фактор себепші болған. Солардың бірі – жапон мәдениетінің кейбір қырлары және адам сараңдығы. Яғни, қателік көрсе де, басшылыққа артық сұрақ қоймау, оларға шектен тыс бағыну. Оған қоса, кезінде «Фукусима-1» АЭС-ын теңіз деңгейінен 30-35 метр жоғары биіктікте салу жоспарланған екен. Алайда кейін ол 10 метрге дейін түскен. Ал реакторларды суыту жүйесін іске қосуда үлкен ақша үнемдеу үшін ол блок 4 метрге дейін төмендеген. Сонда теңізден тікелей су тарта беру мүмкіндігі туған. Кезінде қаржы үнемдеу үшін бұзылған техникалық талаптар 2011 жылы үлкен экологиялық, гуманитарлық, экономикалық шығынға әкелді. Мәселен, 2012 жылы «Фукусима-1» орналасқан жағажайдағы радиация 100 есе жоғарылап кетті. Ал жалпы шығын 189 млрд доллар деп бағаланған-ды. Алайда бұл сома өсуі мүмкін.
Чернобыльдағы апат көптеген елдің атом энергиясына деген көзқарасын өзгертті. Соның бірі – Италия. Бұл ел өз территориясындағы соңғы атом электр стансасын 1990 жылы жапты. Кейінірек ел үкіметі жаңа ядролық бағдарлама даярламақшы болды. Бірақ 2011 жылғы референдумда халықтың 94 пайызы бұл бастамаға қарсы дауыс берді.
Германия да АЭС атаулыдан бас тартуға сонау 2000 жылы көшті. Жоспар бойынша 2022 жылы неміс жеріндегі соңғы атом стансасы жабылуы қажет. Фукусимадағы апат бұл процесті жеделдетті және үкімет әрбір стансаға жұмыс істеудің, жабылудың жаңа мерзімдерін бекітті. Әдетте әрбір жаңа бастамаға өзара қырқысып жататын партиялардың ешбірі бұл жоспарға қарсы шықпады. Әзірге 17 АЭС-тың тоғызы өшірілді. Атом стансасын өшіру оңай емес, бірақ олар өндіретін энергияны өзге қайнар көзден табу одан да қиын. Германия оның шешімі – баламалы энергия көздері деп есептейді. Яғни, күн, биомасса, жел, толқын, су және басқа да көздер. Осы бағытты дамыту арқылы Германия өз энергожүйесіндегі көмірдің де үлесін кемітпек. Ал былтыр жыл соңында бұл елдегі ең соңғы көмір шахтасы жабылды.
Сонымен, бұл саясат бүгін өз жемісін беруде. Қазір Германияның энергожүйесіндегі көмір мен атом энергиясының үлесі жыл сайын азайып, қазір 43 пайызға жетті. Есесіне, «жасыл энергетика» артты, 47 пайыз. Ірі жетістік. Мәселен, тек қана жер мен теңіздегі жел генераторлары (14,6 миллиард киловатт-сағат) қалған АЭС-терге (7,2 млрд кВт/с) қарағанда екі есе көбірек электр қуатын өндірген. 2010 жылы Ресей президенті Владимир Путин «егер Германия атом энергиясынан бас тартса, онда Сібірден ағаш отын сатып алуына тура келеді» деп мазақ қылған болатын. Алайда Германия жасыл энергетиканы дамыту арқылы көмір мен атом энергиясынан бас тарта алатынын дәлелдеп жатыр.
Жалпы атом электр стансасынан бас тарту оңай жұмыс емес. Шығыны мол, экологияға қаупі жоғары. Мәселен, биыл 20 желтоқсан күні Швейцариядағы Мюлеберг АЭС-ы өз қызметін тоқтатады. Ол үшін 2,1 млрд швейцария франкі қажет. Оған қоса, 200 мың тонна радиобелсенді қоқыс пайда болады. Оны суыту, сақтау, жою жұмыстары бірнеше жылға дейін созылады.
Осынша шығындарға қарамай, Еуропаның дамыған мемлекеттері экологиялық зақымы жоғары, сарқылатын энергия көздерінен бас тартып, сарқылмайтын, таза, қауіпсіз, «жасыл» энергетикаға толық көшпек.