Қоғам • 30 Шілде, 2019

Әлеуметтік желі азаматтық қоғамның жаңа институты ма?

540 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әдетте саяси партияларды, бұқаралық ақпарат құралдарын, кәсіподақты, үкіметтік емес ұйымдарды, жергілікті өзін өзі басқару ұйымдарын азаматтық қоғамның дәстүрлі институттарына жатқызады. Себебі олар адам құқығы мен мүддесін қорғауда маңызды рөл ойнайды. Соңғы кезде әлеуметтік желілер осы функцияны жоғарыдағылармен тең атқармаса да, жақындап қалғаны бар. Ендеше миллиардтардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналған әлеуметтік желіні бүгінгі азаматтық қоғамның маңызды элементі деуге келе ме?

Әлеуметтік желі азаматтық қоғамның жаңа институты ма?

Қазақ «ит жоқта, шошқа үре­ді» дейді. Әдетте кейбіреулер өз міндетін атқармай, оның ісін лайық­сыз кісілер істеп жүргенде айтылады. 2000 жылдардың ортасынан бастап сол партия, медиа, кәсіподақтар бақылаудың қамытын киген соң негізгі мін­деттерін атқарудан қалды. Ал кө­кі­регінде жаны бар адамның өз пікірін, ұстанымын білдіруге деген қажеттілігі еш азая қоймас. Сол 2000 жылдардың ортасы­нан бері Қазақстан қоғамында бұл қажеттілік өршімесе, азайған жоқ.

2010 жылдардан бері қазақ­стандықтар түрлі әлеуметтік желілерге тіркеле бастады. Фейс­­бук, Инстаграм, Туиттер, Теле­­грам және басқалары. О бас­та желі пайдаланушылары онда өз көзқарасын жазып, фотосуретін жариялаумен шектелетін. Тіпті уақыт өте келе әр желінің «өз жұлдыздары» да өзгелерден оқ бойы озып шыға бастады. Фейсбук Қазақстан қоға­мын­да жылдам саясиланған ақпарат алмасу алаңына айнал­ды. Оның себебі неде? Себебі жоғарыдай айтылған «адамның өз пікірін, ұстанымын білдіруге деген қажет­тілігі» еді. Яғни, азамат­тар телеарна, сайт, журналдарда жеткізе алмаған ойларын Фейсбукте жазып, өз қатарластарын, қолдаушыларын тапты. Оған қоса, әлеуметтік желі арқылы оқырманмен кері байланыс орнатуға керемет мүмкіндік бар. Сол себепті Фейсбук саясилана бастаған соң онда пікір қалыптастырушылардың басым бөлігі Айдос Сарым, Досым Сатпаев, Олжас Құдайбергенов секілді саясаттанушылар мен экономистер еді.

Қазақта «жеме-жем» деген жақсы сөз бар. Сын сағатында, сол жеме-жемде әлеуметтік желі бір-бірін танымайтын талай жанның басын ортақ мақсатқа біріктірді. Біршама ортақ жобаларды жүзеге асырды. Жабылып жатқан қылмыстарды қайта қа­рауға түрткі болды. Бір ғана мысал. Былтыр Сарыағашта зорланды деген 7 жасар баланың құқығын қорғап, оны анасының қо­лына жеткізуде қоғам бел­сенділері (Аружан Саин, Айдын Рахымбаев, Бақытжан Базарбек, адвокаттар) дәл сол Фейсбук арқы­лы ұйыса кетті.

Немесе былтыр Ақтөбеге баратын жолда пойызда зорланған қыздың ісін сотқа дейін жеткізуге «НеМолчи.KZ» қозғалысының жетекшісі Дина Смайлованың Фейсбуктегі жазбасы ықпал етті. Алайда қорғансыз қызды қорлаған қос жолсерікке 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру үкімін берген судьяның әре­кеті де сол желіде қатты сынға ұшы­рады. Енді еліміздің Бас көлік прокуроры бұл үкім қайта қара­латынын Фейсбукте хабарлады.

Әлеуметтік желі – жылдамдық, байланыс, қолдаушылар деген ұғымдармен тікелей байланысты. Сондықтан қазір ресми қызметтегі басшылардың басым бөлігі желілердің түр-түрінде белсенді болуға, атқарған ісін бірден халыққа жариялауға асығады. Ол үшін арнайы smm-топ ұстайтындар, блогер жалдайтындар жеткілікті. Себебі желі пайланушыларының назары, қолдауы үшін де күрес басталғандай.

Жалпы әлеуметтік желілердің күшін Президент Әкімшілігі де бақылап отыратыны белгілі. Себебі жақында құрылған Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесінің құрамына қарасақ, мүшелерді іріктеу критерийінің бірі – Фейс­буктегі белсенділік болған сыңайлы.

Халықаралық статистикалық сайт­тарды парақтасақ (napoleoncat.com), қазір тек Фейс­букты 1,6 млн қазақстандық қол­дана­ды екен. Оның басым бөлігі 25-44 жас аралығындағы азаматтар. Яғни, экономикалық белсенді топ. Сондықтан осындай қалың жұрттың пікірін ескермеу мүмкін емес. Олар кез келген уақытта сол желі арқылы түрлі мақсаттарға ұйысып, ұйымдасып кете алады. Ендеше әлеуметтік желіні азаматтық қоғамның жаңа инс­титуты деп атауға толық негіз бар.

Соңғы жаңалықтар

Көлікпен дәулет құраған

Қоғам • Бүгін, 10:40

Әлжанның алтын медалі

Таным • Бүгін, 10:20

Ақылды келіншек

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 10:00