Күнбағыс өсіру
Сенбі, 15 маусым 2013 1:04
Күнбағыс – күрделі гүлдесін тұқымдасына жататын өсімдік. Оның шамамен 90-ға тарта біржылдық және көпжылдық түрлері кездеседі. Үлкен гүл шоғырлары бар күнбағыстың сары жалқын жапырақшалары бір қараған адамға күн секілді көрініс береді. Күнбағыс күнді сүйеді. Оның басын үнемі күнге қарай бұрып өсетіндігінің өзі осыдан болса керек. Таңертең күн шығыстан шыққанда басын күнге қаратып тұратын күнбағыс күннің ізін қуалай отырып, кешке жақын батысқа қарап тұрады.
Сенбі, 15 маусым 2013 1:04
Күнбағыс – күрделі гүлдесін тұқымдасына жататын өсімдік. Оның шамамен 90-ға тарта біржылдық және көпжылдық түрлері кездеседі. Үлкен гүл шоғырлары бар күнбағыстың сары жалқын жапырақшалары бір қараған адамға күн секілді көрініс береді. Күнбағыс күнді сүйеді. Оның басын үнемі күнге қарай бұрып өсетіндігінің өзі осыдан болса керек. Таңертең күн шығыстан шыққанда басын күнге қаратып тұратын күнбағыс күннің ізін қуалай отырып, кешке жақын батысқа қарап тұрады.
Күнбағысты өсіру көктемде басталып, күзде аяқталады. Бұл үдеріс күнбағыстың тұқымы мен сорты және технологиясына қарай 100-150 күнге созылады. Ол өзінің бастапқы өніп-шығу кезеңінен бастап, гүл жару кезеңіне дейін суыққа, құрғақшылыққа төзімді болып келетін өсімдік. Былайша айтқанда, біздің қатаң климатымызға бейімділігімен ерекшеленеді.
Күнбағыстың тағы бір жағымды қасиеті ол қаржы шығындарын соншама қажет етпейді. Оның үстіне оны өсіру де өте қарапайым. Бірақ соған қарамастан, пайдасы мол, яғни жоғары рентабельді болып келеді. Сондықтан күнбағыс өсіру бизнесі өзін-өзі аз уақыт ішінде жедел ақтайтын бизнес түрі болып есептеледі.
Кұнбағыс пістелері (дәндері) адам денсаулығы үшін өте пайдалы. Олардың құрамында май, құнды өсімдік ақуыздары, көмірсутегілер, өзек, лецитин бар. Түрлі микроэлементтерге де өте бай. Мәселен, оның құрамында магний, темір, мырыш, селенит өте көп кездеседі. Сондықтан дәрігерлер адамға йод жетіспеген жағдайда көкөніс дәндерін пайдалану жайында кеңес беріп жатады.
Күнбағыстың түрлері. Ең көп тараған түрі – майлы күнбағыс. Күнбағыстың бұл түрі әлемнің барлық жерінде өседі және күнбағыс майын өндіру үшін пайдаланылады. Майлы күнбағыстың 4-5 метрлік толық сабақтары, кәдімгі немесе бұтақты, бір немесе бірнеше кішкене бастары болады; жалғыз бастыларының ені кейде жарты метрге (әдетте – 15-20 см) дейін жетеді; шетіндегі гүлдері сары, орта тұсы күлгін түсті болып келеді. Күнбағыстың жемісі – сопақша, төрт қырлы немесе бүйірінен сығымдалған дән, ол жеміссеріктен (қабық немесе қауыздан) және тұқым қабығымен жабылған ақ дәннен (өзек) тұрады.
Сондай-ақ күнбағыстың көп тараған түрінің бірі – біржылдық. Сабағы тығыз, биіктігі 2,5 метрге дейін тік өседі. Жапырақтары кезекпе-кезек, ірі, жүрек тәрізді, бұдырлы, ұзын сап бойына орналасқан. Гүлдері сары, жоғары ұшты, үнемі күнге қарай бұрылып тұратын ірі себетке жинақталған. Жемісі – жолақты немесе қара түсті сопақша жұмыртқа тәріздес дән. Ол ұдайы күннің сәулесін, топырақтағы ылғал мен құнарлы заттардың болуын қажет етеді.
Күнбағысты өсіру тәсілдері мен технологиясы. Жоғарыда күнбағысты өсіру көп қиындыққа түспейтіндігін айттық. Ол кез келген бақша топырағында жақсы өседі, алайда жеңіл және құнарлы топырақты ұнатады. Күнбағыс күнді сүйетіндіктен, оны өсіретін орынды күн жақсы түсетін жерден таңдау керек. Күнбағыс көктемде топыраққа тұқымын себу арқылы көбейеді, ал көпжылдық түрлері – көктемде немесе күзде түптерінің бөлінуі арқылы өседі. Тұқымды сәуір, мамыр айларында тікелей ашық топыраққа бір-бірінен 30 х 40 сантиметр қашықтықта, бір ұяшыққа 2-3 дәннен 2-5 см. тереңдікке сіңіре себеді. Тұқым +5С температурада өне бастайды. Күнбағыстың гүлдеуі көктесін пайда болғаннан кейін 75-80 күн өткен соң ғана басталады. Өсімдік ерекше күтімді қажет етпейді. Тұқым 3-4 жыл өнгіштікті сақтайды. Күнбағысты 3-4 жыл өтпей бұрынғы егілген орнына қайта өсіруге болмайды. Оған тағайындалған учаскені күзден бастап 20 сантиметрден кем болмайтындай етіп аудару керек.
Күнбағыстың күтімі өте қарапайым: қатарлар арасы арамшөп өсімдіктерінен еркін, ал топырағы борпылдақ болуы керек. Күнбағысты уақтылы егу оны қыркүйек айының басында жинауға мүмкіндік береді. Осы уақытта көбінесе қажетті ылғал деңгейіндегі жоғары сапалы пісте алуды қамтамасыз ететін қолайлы ауа райы болады.
Өнімді жинауға шамамен бір жарым ай уақыт кетеді. Күнбағысты басын өткір пышақпен қесу арқылы қолмен жинайды. Өте ылғалды пістелерді 8-10 күн бойы сабағының түбіріне кесілген себеттерді кигізу арқылы кептіреді. Егістіктен жиналған күнбағыстар қырманға – қоймадағы арнайы орынға жеткізіледі, ол тек екі қабырғаға орналастырылады, өйткені қойманың алдыңғы жағындағы қабырғаның болмауы, қажетті ауа алмасуын қамтамасыз етеді.
Бірден кептіру жақсы желдетіліп тұратын қараңғы қоймаларда жүзеге асады. Кептірілетін орындағы температура 40-50°С болуы тиіс. Матадан жасалған қаптарда 2 жылға дейін сақтайды.
Күнбағысты өткізу. Елімізде күнбағыс дәнінен май айыратын зауыттар мен шағын цехтар баршылық. Өсірген өніміңізді алдын-ала келісімшарт жасасу арқылы соларға өткізе аласыз. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарына күнбағыс тұқымын көтерме сату туралы хабарландыру беруге болады. Сол сияқты күнбағыс дәндерін өз қолыңызбен-ақ бастапқы өңдеуден өткізе аласыз. Мәселен, оны қуырып, халыққа бөлшектеп сатуға болады. Осындай кәсіппен шұғылданатын адамдар кез келген қала мен ауылда кездеседі.
Күнбағыс өсіруге жұмсалатын шығындар. Әрине, күнбағыс өсіру үшін ең алдымен сіздің өз жеріңіз болуы керектігі түсінікті. 1 гектар жерге 5-10 кг. тұқым жұмсалады. Демек, егер сіздің 10 гектар жеріңіз болса, ол үшін сізге кемінде 50 келі тұқым қажет болады. 1 келі тұқым шамамен алғанда, 70 теңге тұрады. Сонда сіз тұқым үшін бар-жоғы 3500 теңге ғана жұмсайсыз.
Түсетін табыс пен пайда. 1 гектар жерден 8-10 центнерге дейін өнім алуға болады. Демек сіз өзіңіздің 10 гектар жеріңізден 80 центнерге дейін өнім ала аласыз. Егер күнбағыстың күтімі келіссе, алынатын өнім көлемі бұдан да мол болуы әбден мүмкін. Сонда сіз 1 келі күнбағыс дәнін 70 теңгеге (бұл ең арзан баға) сатқан жағдайда 80 центнер өнімнен кемінде 56 мың теңге пайда таба аласыз.
Пайдалы кеңестерді мына сайттардан алуға болады:
http://www.farmer-business.info/view_ideas.php?id=2
http://ru.wikipedia.org/wiki%D0%9FD0%BE%D0%B4%D1%81%D0%BE%D0%BB%D0%BD%D0%B5%D1%87%D0%BD%D0%B8%D0%BA
http://flower.onego.ru/other/helianth.html
http://www.ask-technik.kz/product/show/id/14
Дайындаған
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».