Аймақтар • 02 Тамыз, 2019

Қант зауытына қызылшаны қайдан алмақ?

880 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өңірде қант қызылшасын өндіретін кәсіпорын салынады деп жоспарланған-ды. Алайда, қытайлық, ресей­лік, испаниялық, польша­лық инвесторлар тара­пынан нақты инвести­ция­­лық қадам жасала қойма­ды. Жобаның бастауын­да болған облыс әкімінің орынбасарлары Дәурен Мақа­жанов та, Қайрат Нүкенов те  бір жылға жетер-жетпес уақыт қызмет етіп, екеуі де едел-жедел  басқа  жұмыстарға ауысып кетті. Өңір үшін  маңызды деп бағаланған жобаның ендігі жайы не болмақ?

Қант зауытына қызылшаны қайдан алмақ?

– Біз бұл жобаны жүзеге асыру үшін АҚШ, Еуропа, Ресейдің тәжі­рибесін қарастырдық. На­рық­т­ы сараптап көрдік, еліміз­де қант тапшы. Өңірдегі Ақсу қаласы аумағынан қант зауытын салу­ға ниетті кәсіпкерлерді іздедік. Болашақта нарықтың 20 пайызын қамтимыз. Зауыт іске қосылғанда 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады, – дейді «Павлодар» әлеумет­тік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ бас­қарма төрағасы Әлібек Несіпбеков.

Осылайша облыс әкімдігі инвестиция тарту мақсатында шетелдік инвесторлармен келіс­сөздер жүргізді. Мысалы, Ресей инвесторларымен жүргізілген келіссөздер барысында жылдық қуаты 144 мың тоннаны құрайтын қант зауыты салынатын болған. Жобаның құны 150 миллион АҚШ долларына бағаланды. Бұл туралы жобаның техникалық-эко­номикалық негіздемесін әзір­лейтін «BMA Russland» ком­паниясының өкілдері облыс әкімі Болат Бақауовпен кездесу кезінде мәлім етті.

Жобалаудың болжамды мерзі­мі 12 айды құрайды, құрал-жаб­­­дық­тарды жеткізу, құрылыс-мон­таждау және іске қосу жұ­мыс­тары­ның мерзімі – 2 жыл. Жос­­пар бойынша кәсіпорын 2022 жыл­дың қыркүйегінде іске қосылады. Тіп­ті қантты ішкі нарыққа жібе­ріп, көрші елдерге де экспорттау жа­йына дейін жос­парланған.

Биыл Астанада өткен «Kazakh­stan Global Investment Round­table» форумы барысын­да Ауыл шаруашылығы ми­­нистрі Сапархан Омаров «Beijing NAALE Industry Group» компа­ния­сының президенті Чжан Цимен кездесу өткізді. Кездесу­де Павло­дар облысындағы қант зауы­тының құрылысын бастау 2020 жылдың сәуір айына, зауытты іске қосу 2021 жылдың тамыз айына жоспарланды. Жо­ба­ның құны – 103 млн доллар. Өнді­ріс­тік қуаты – жылына 100 мың тонна дайын өнім (қант, қант қызыл­шасы) және 700 мың тонна шикізат болмақ делінді.

Зауыт салу үшін Ақсу қала­сына жақын аумақтан 70 гектар жер берілген.

– Қытайлық «CNOOD Asia Limited» компаниясы да зауыт салуға ниет білдіріп, екіжақты мемо­ран­думға қол қойылды. Келесі жылы кәсіпорынның іргета­сы қаланады. Қытайлық инвес­тор­лар бұл жобаға 37 млрд теңге бөлмек. Жылына 750 мың тонна қант қызылшасын өңдеп, одан 100 мың тонна қант алады. Елі­міздегі 500 мың тоннаны құрай­тын қажеттіліктің 20 пайызын, облыс сұранысын толықтай өтейді, – дейді корпорацияның басқарма төрағасының орынбасары Ернар Әбілқасов.

Меморандумға қол қойыл­ға­ны­мен, екіжақты келісімшарт­тар әлі жасалмаған көрінеді. Кор­по­рация мамандарының сөзі­не қарасақ, құжаттарды рә­сім­­деу, тех­никалық-экономи­ка­лық негіз­демелер бекіту, қар­жылай және экономикалық даму, мерзімі, коммуникациямен бай­ланы­сы, суб­сидияларының көрсетілуі оңай жасала салатын сияқты.

Қазір қант зауытын шикізат, яғни қызылшамен қамтамасыз етіп отыратын «Павлодар қанты» де­ген кооператив құрылуда. Өңір­дің 10 шаруа қожалығы қант қы­зылшасын өсірмекші. Шикі­заты болмаса, зауыттың жұмыс іс­­темейтіні айтпаса да белгілі.

Елімізде Алматы, Жамбыл облыстарында қант зауыттары енді жұмыс істей бастады. Олардың ішіндегі ең ірісі тәулігіне 3 мың тонна қант қызылшасын өңдей алады. Бұрындары бұл зауыт­­тар­ да шикізаттың азды­ғынан тоқтап қалғаны белгілі. Ал жаңадан салынатын қант зауытына тәулігіне 6 мың тонна қант қызылшасы қажет.

Облыстағы Кемеңгер ауылында орналасқан «Ауыл шаруа­шылық тәжірибе стансасы» ЖШС неміс фирмасымен келісімшарт жасап, германиялық мамандар жоғары репродукциялы қант қызылшасының жеті сұрыбын ұсынған. Олар облыстың 14 шаруа қожалығында отырғызылмақ.

– Жобаны қолға алмас бұрын халықаралық тәжірибені көрдік, АҚШ, Германия, Қытай елдеріне барып қайттық, – дейді корпорация мамандары.

Елімізде қант қызылшасын өсірмек едік деп сонау жердің түбіне сапарламай-ақ, Алматы облы­сына барып қайтуды кейін­нен түсінген болуы керек. Көксу қант зауыты Алматы облысының «СЗЦ Алан» ЖШС-да болып, «Қант қызылшасын өсірудің тех­но­логиялық бағдарламасы» та­қы­ры­бындағы кеңеске қаты­сып, тұқым себу, күту және жинау тех­но­логиясымен танысып келіпті.

Сөйтіп шаруа қожалықтары қызылша егуге кірісті. Сынақтан өткен бірнеше сұрыптың тұқымы суармалы алқапқа себілді. Егіс алқаптарында қант қызылша­сына арналған тәжірибелік алаңдар пайда болды. Өңірде қант қызыл­шасы өсірілмегені еске­ріліп, ша­ру­аларға сынақ жүргізу үшін ғана тұқым таратылды.

– Солтүстік өңірдің суық ауа райына шыдайтын, жақсы өнім берген тұқым түрлері кейін жаппай себіледі. Германиядан әкелінген элиталық тұқымдар, KWS брендінің 8 сұрыбы сынақ­тан өткізілді. Бұл сұрыптан өңір­дің суық климатында әр гектардан 50 тоннадан астам өнім алуға мүм­кіндік бар, қанты көп. Елі­міз­дің оңтүстігінде қант өндірісін­де 14 пайыз қызылша пай­да­ла­нылады. Ал біздің өңір­ден алынатын өнімнің қанты 20-22 пайыз, – дейді жергілік­ті ауыл­шаруашылық басқармасының мамандары.

Инвестор өзін қызықтырған жо­баға ғана қаржы салады. Шикі­заты жоқ зауытты салу күлкілі де. Шикізатсыз кәсіпорын салуға ин­вес­тор болуға олар тәуекел ете ме?

Ресейлік инвесторлардың өңір басшылығына қойған бас­ты талабы да осы: қант зауыты жұ­мы­сы істеу үшін шикі­зат, қызы­л­ша қоры қажет. Он­сыз кәсіпорын құрылысы бас­тал­майды. Мәселенің мәнісі осы.

Еліміздің табиғи-климаттық жағ­дайына сай бұл дақылды Ал­маты, Жамбыл, Түркістан об­лы­­сы­­ның кейбір аудандарында өсі­руге мүмкіндік жетеді. Қант қызыл­ша­сы алқаптарының 75 пайызы Жамбыл облысында орналасқан.

Облыстық ауыл шаруашылы­ғы басқармасының бас маманы Төлеген Көшербаевтың айтуынша, өңірде 2017 жылы Ақтоғай ауданы мен Ақсу қаласына қарас­ты ауылдық аумақтарда 2 гектар жерге тәжірибе ретінде қант қызылшасы егіліпті. Тіпті қарбыздың көлеміндей, салмағы 12 килоға дейін жететін қызылша жиналған. Біздегі қызылшада қант­тың көлемі оңтүстіктегі көр­сет­кіштен 6-7 пайызға жоға­ры болған. Жалпы, Үкімет бел­гі­ле­ген әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тізіміндегі өнім­дер­­дің ішіндегі қант пен пияз Пав­ло­дар облысында өсіріл­мейді. Облыстың қантқа деген сұ­ра­нысы 10 мың 977 тоннаны құрай­ды екен. Қантты сырттан тасымалда­мас үшін де облыс билігі оны өз аума­ғында өндірмек.

Облыс әкімдігінде жуырда өткен жиында өңір басшысы Болат Бақауов тәжірибе ретінде егілген қант қызылшасын өсіруге жауап­кершілікпен қарауды тапсырды.

– Жергілікті әкімдер алқап­тар­­­ды фитосанитарлармен бірге ба­рып бақылауы тиіс. Бақылау бол­ма­са, ертең бізде қант қызыл­шасы өс­пей жатыр деп айтасыздар, – деді ол.

Жобаны қолға алғандардың өздері әртүрлі мәлімет беріп, түрлі болжам айтатыны да қы­зық. Бізді ойландыратыны, іс жүзінде жобаны жүзеге асыра аламыз ба, жоқ па? Қазір өңір­дегі ауыл шаруашылы­ғы мәсе­ле­леріне бұрын Президент Әкім­шілігі Басшысы хатшылығы­ның меңгерушісі қызметін атқар­ған, жуырда облыс әкімінің орын­басарлығына тағайындалған Алмас Батанов жауап бермек.

– Сіз ауыл шаруашылығы өнім­­­дерін өңдеуді қамтамасыз етуге және өсіруге, экспорттық мүм­­­­­кі­н­­­діктерін арттыруға назар ауда­руы­­ңыз қажет. Ауыл шаруа­шы­лы­­­ғында жаңа инвестиция­лық жо­ба­лар қажет, – деді жаңа орын­басарға облыс әкімі Болат Бақауов.

Айтпақшы, биыл Германиядан әкелінген қызылша тұқымы мамыр-маусым айларында алғаш рет тәжірибе ретінде егілді дедік. Енді қараңыз, Алматы облысынан сарапшы ретінде келген Аманбек Рахымбеков аудандарда егілген қант қызылшасы алқаптарын аралап көріп, нәтижесінде тұқымды егу мамандандырылған техникамен жүргізілмегенін, тұқым 3 см тереңдіктен шығып, тегіс ор­на­ласпағанын айтады. Ол топы­рақ жеткілікті деңгейде өң­дел­­меген, гербицидтермен өңдеу жүргізілмеуі салдарынан алқап­ты арамшөп басып кеткен, тұқым егудің белгілі бір мерзімі белгі­лен­беген деген сараптама берді.

Облыстың ауылшаруашылық бас­қар­масының мамандары болса:

– Біздің тауар өндірушілер қант қызылшасын өсіруге да­йын. Тәжірибе нәтижесі облысы­­мыз­дағы ауа райының қолайлы еке­нін көрсетті. Қант зауытының құ­ры­лысына инвестор табыл­­са бол­­ды, іс алға басады, – дей­ді.

Сонымен әлі шикі­заты да дайын емес қант зауы­тының болашағы қалай болмақ? Оны назарда ұстайтын боламыз.

 Павлодар облысы