Депутаттар жұртшылықпен кездесу барысында аймақтардағы көптеген түйткілмен жан-жақты танысып, оны жергілікті атқарушы органдар өкілдерімен бірлесіп шешудің жолдарын іздестіруге атсалысуда. Сенатор Сәрсенбай Еңсегенов Атырау облысына сапары барысында жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша Жайық өзенінің жағдайымен жіті танысу үшін қайыққа мініп, айдын ахуалын көріп қайтты.
– Индербор кентінің тұсында бұрынғы өткел бермес Жайық өзенінің ортасында бүгінде әжептәуір арал пайда болған. Судың азаюынан өзеннің кей жері 50 сантиметрге дейін тайыздап кеткен. Қайықтар судан қайырлап әрең шығады. Бұл қауіпті жағдай екені түсінікті. Еліміздің батыс өлкесіндегі ең ірі өзен суының азайып кетуіне байланысты Үкімет тиісті деңгейде назар аударып, бақылауға алып, нақты шара қабылдамаса, соңы үлкен экологиялық зардапқа соқтыруы мүмкін, – деп Сәрсенбай Еңсегенов табиғаттағы елеулі өзгерістерге алаңдаушылығын білдірді.
Сенатордың Индер ауданындағы Бөдене ауылында жергілікті тұрғындармен кездесуінде Жайық өзені суының жылдан-жылға азайып бара жатқаны, орман-тоғайдың жағдайы нашарлағаны, шабындық, мал азығы жетіспейтіні, мал ұрлығы тоқтамай тұрғаны да сөз болды.
* * *
Парламент Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев Атырау облысына сапары аясында облыстық ішкі істер департаментінде болып, полиция қызметкерлерімен кездесті. Сенатор сондай-ақ Махамбет және Индер аудандарында болды, Ақтоғай және Елтай ауылдық округтерінде жергілікті тұрғындармен, мәслихат депутаттарымен жүздесті. Сенатор елді мекендердегі әлеуметтік нысандарды аралады, салынып жатқан құрылыс нысандарының жұмыстарымен танысты.
Жергілікті басшылар сенаторға ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы хабардар етіп, қолға алынған маңызды шараларды таныстырды. Жергілікті бюджетті игеру, ауылдағы кәсіпкерлікті, шаруа қожалықтарын дамыту, жұртшылықтың қаржы сауатын арттыру жайы туралы әңгіме өрістеді.
* * *
Сенат депутаты Сергей Плотников Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан – Америка еркін университетінің жатақханасында болды. Жоғары оқу орны ғимараттарының бірі таяуда қайта жаңартылып, студенттерге арналған 88 орындық жатақханаға айналған.
Сенатор студенттер тұратын ыңғайлы оқу, демалыс, тамақ дайындау бөлмелері мен тұрмысқа қажетті арнаулы бөлмелердің жағдайымен танысты.
* * *
Сенат депутаты Серік Бектұрғанов Қостанай облысындағы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру барысымен танысты. Сонымен қатар Ішкі істер министрлігінің Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының қала сыртындағы лагеріне барды. Депутат балалардың қала сыртындағы демалыс аймағында болу бағдарламасымен танысты және академия басшылығымен қиын жасөспірімдерге арналған лагерь ұйымдастыру бастамасы туралы жан-жақты әңгімелесті. Балалар қала сыртында алғаш рет демалғандарын айтып, алдағы жылдары да демалысты осылай ұйымдастыру туралы өтініш жасады.
* * *
Парламент Сенатының депутаттары Нұржан Нұрсипатов пен Манап Көбенов Павлодар облысына жұмыс сапары барысында полиция департаментінде болды. Сенаторлар полиция бөлімшесінің қызметімен танысып, патрульдік полициядағы, көші-қон қызметіндегі, әкімшілік полициядағы жаңалықтардан хабардар болды.
Сенат депутаттары облыстық ҰҚК департаменті мен облыстық сотқа да бас сұқты. Сонымен қатар Қараоба ауылдық округіндегі Әуелбек ауылында салынып жатқан су құбырының құрылысымен танысып, кәсіпорын басшысымен өндіріс мәселелерін талқылады. Депутаттар Ақтоғай ауылдық округінің Харьковка, Приреченское селоларының аумағында болып, шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті және егістіктің жай-күйін қарап, шаруашылықтарды дамытудың алдағы жоспарлары туралы әңгімелесті.
* * *
Парламент Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова жұмыс бабындағы сапар аясында Шымкент қаласында жергілікті тұрғындармен кездесті. Сенаторлар шымкенттік жастармен пікір алмасып, сессия кезінде қабылданған заңдар туралы жан-жақты хабардар етті. Жастар заңдардың талқылану барысы туралы мәліметтер алып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап естіді.
Сенаторлар сонымен қатар Шымкент қаласының мәслихат депутаттарымен кездесті. Жиында сенаторлар Сенаттың осы уақытқа дейін атқарған жұмыстары және қабылданған заңдардың маңызы туралы мәлімет берді.
* * *
Парламент Сенатының депутаттары Рашит Әкімов пен Дәурен Әділбеков Ақмола облысындағы жұмыс бабындағы сапары барысында Ерейментау ауданының Новомарковка ауылында болып, «Жаңа Береке» серіктестігінің мал бордақылау алаңының жұмысымен танысты.
Сенаторлар Ақсуат ауылындағы «Aizet Farms» серіктестігіне, Аршалы ауданындағы Михайлов ауылдық округiне барып, ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлермен кездесті.