Руханият • 09 Тамыз, 2019

Сөз сойыл №85

8547 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Сөз сойыл №85

*Бірде...

Ығайлар мен сығайлар

Белгілі ақын Аян Нысаналин аңқылдап қалған ақ жүректі жан. Дүркіреп тұрған бір елдің патшасысың ба, жоқ әлде аула тазалайтын сыпырушысың ба, оған бәрібір, терезесі тең адамша сөйлесе береді. Бірде Алматыда Өзбекстанның бауырлас қазақ жерінде өнер және әдебиет күндері өтіп, оны туыстас мемлекеттің премьер-министрі бастап келсе керек. Мәдениет күндері әдеттегідей дүрілдеп өтіп, соңы банкетке жалғасады. Өзбек ағайындардың әдебиет және өнер күндерінде бастан-аяқ жүрген «Егеменді Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі Аян Нысаналин, әрине, өңшең ығайлар мен сығайлар қатысқан үлкен қонақасыға да қатысады. Банкет тарайтын тұста сәл шалқып алған Аякең Өзбекстан премьер-министрімен бетпе-бет кездесіп қалады. Ол мәртебелі қонақпен күнделікті араласып жүрген жора-жолдастары сияқты еркін амандасып, «Бауырым, жағдайың қалай? Менен Қаримовқа сәлем айт» деп премьер-министрдің арқасынан қағып-қағып қояды.

 – Рақмет, рақмет, – дейді кішіпейіл өзбек ағайын, – ғафу етерсіз, кімнен сәлем айтайын.

 Өмірінде саспайтын Аян бұл жолы да былқ етпейді.

 – Аян айтты дерсің, өзі біледі, – деп премьер-министрдің арқасынан бір қағып, өз жөніне жүре беріпті.

Ит итті жұмсайды

Арқада Нұрлыбай Омаров деген азамат бар. Өзі бір аңқылдап қалған жігіт, аузын ашса, көмекейі көрініп тұрады. Негізгі мамандығы журналист болса да шапқылағаннан-шапқылап аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудандық мәдениет бөлімінің бастығы, аудандық мәслихаттың хат­шысы сияқты талай-талай қызметтерді атқарып тастаған адам. Бір күні өзі тұратын ауданы қысқарып, Нұрлыбай қызметсіз қалады.

Шынында да, «Күлшелі бала сүйкімді» деген рас екен. Байқайды, соңғы күндері өз шаңырағында беделі онша болмай барады. Қатыны күңкілдей, балалары қыңқылдай берген соң, Нұрлыбай «бір реті келер» деп көп ойланбастан Алматыға тартып кетеді. Ол пойыздан түсісімен университетте бақаңдай алты жыл бірге оқыған досы, «Алматы ақ­шамы» газеті бас редакторының орынбасары Есенәлі Ералиевке соғады.    – Қиналатын түгі жоқ, басың аман болсын. Бір амалын табармыз. Айтпақшы, естіген боларсың, Қасым Әзімхан досымыз жақында ғана республикалық «Заң» газетіне бас редактор болып тағайындалды. Кеше Ақмола облысы бойынша меншікті тілші керек деп отырған, әлі ешкімді ала қоймаған шығар, – деп Қасымның телефон нөмірін тере бастайды. Құдай сәтін салды деген осы, бас редактор қызмет орнында бо­лып шығады. Нұрлыбайдың іздегені көктен түскендей болып сол күні-ақ «Заң» газетінің Ақмоладағы тілшісі бо­лып шыға келеді.

Көп жылдар бойы бастық болып, қаламы сәл қарайыңқырап қалған Нұрлыбай тілшілік қызметті бірден дөңгелетіп әкетуге жағдайы келмесе керек. Оның үстіне, әкесі науқастанып қалып, бір-екі ай бойы хабар-ошар жазбай, тым-тырыс жатып алады. Бас редактор жұмыстан шығарып жібереді ме деген қауіппен Ақмоладағы облыстық газеттің жауапты хатшысы болып істейтін Бәдуан деген досына телефон қоңыраулатып, жағдайын айтады. Бәдуан «Алматы ақшамындағы» Есенәліге телефон соғып, Нұрлыбайдың «қиын жағдайын» жеткізеді. Дәл осы кезде «Заң» газеті жаңа қонысқа көшіп кетіп, Есенәлі бас редактордың өзін де таппай, кеңсесін де таппай, біраз әуреге түседі. Оның үстіне, аяқ астынан Оралға жол сапарға жүретін болып, Нұрлыбайдың қиын жағдайын редакцияға қаңғалақтап келіп қалған осы жолдардың авторына пысықтап айтып, тез жеткізуін өтінеді.

 Доқаң сол күні-ақ Қасымның пә­теріне телефон соғып, Нұрлыбайдың жағдайын майын тамызып жеткізеді.

 – Е, – депті сонда Қасым. – «Ит итті жұмсайды, ит құйрығын жұмсайды» деген – осы. Құйрық мән-жайды түсін­діріп айтты. Мен түсіндім. Енді «итіңе» сәлем айта бар, – дейді.

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК

Алматы

Ой мен той

 – Әй, Жарлыбай,

Бүгін Барлыбайға жолықтым,

Сен алпысқа толыпсың!..

Өзің дым демейсің,

Өмірі үндемейсің.

Айтайын төтесін,

Қашан атап өтесің?

Қалада тойхана жетеді...

Бар болғаны бірнеше миллион,

Атап өтуіңе кетеді.

Болмаса,

Мен секілді другпен,

Тым узкий кругпен,

Таң атқанша тойлаймыз ба?!

Коняк-соняк ішіп отырып,

«Үш карта» ойнаймыз ба?!

 – Әй, Тойшыбай,

«Талабың» өте орынды,

Бірақ, қолдың қысқалығы,

Қайнатып тұр ғой сорымды.

Иә, біреу терең ойда жүреді,

Біреудің ойы тойда жүреді...

Бар ма, жоқ па,

Аш па, тоқ па,

Елемейтіндер табылып қалады,

Сәл «перерыв» болса,

Сауық-сайранды сағынып қалады.

 

 Байлықтың реттік кестесі

 Бірінші байлық – мол ақша,

Доллар, басқа сом ақша...

Денсаулық пен басқаны,

Шешеді бәрін сол ақша...

 

Екінші байлық – кең сарай,

Еңселі биік ең сарай.

Байдікі мен басқадан,

Болмауы керек кең сарай!

 

Болмау керек «ит» көлік,

Үшінші байлық джип көлік.

Белгілі бұл бүгінде,

Иномарка – «хит» көлік.

 

Емес бұл жалған жорамал,

Төртінші байлық – орамал.

Үлде менен бүлдеге,

Үйленгің келсе орап ал!

Әйтпесе...

 

Бесінші байлық – басқалар,

Басқалар сосын басталар...

Байлығың мен барыңды,

Бакс қана басқарар...

 

Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ

Қызылорда

Денесiне шөп өскен адамды көрдiңiз бе?..

 Түнiмен iшiм бүрiп көз iле алмай шыққан соң, таңертең Мықтыгүлдiң ақылымен сүйретiлiп емханаға келдiм. Арқанша созылған ұзыннан-ұзақ кезектiң соңынан iлiгiп, әйтеуiр түс ауа дәрiгердiң де төбесiн көрдiм-ау. Менiң ұсқыныма көңiлi толмады-ау деймiн, көзәйнектiң үстiнен сүзiле қараған дәрiгер мырза тiл қатуға да ерiнiп, не ғып жүрген адамсың дегендей жай ғана иек қақты.

 – Мен... ептеп асқазаным ауырып.., – деп бастадым батылсыздау.

 – Так, асқазан, значит. Не жеп едiңiз?

 – Қара шай, содан кейiн аздап қара нан...

 – Мынаның сөзiн қара! – дедi дәрiгер жанындағы медбикеге бұрылып, – қара шай, қара нан дейдi. Сiз ерiгiп жүрген адамсыз ғой деймiн, ә? Қара шай, қара нан... Ұялсаңызшы айтуға! Бiзде қандай адамдар жатқанын бiлесiз бе өзiңiз?

 – Жоқ, бiлмедiм...

 – Әрине, бiлмейсiз! Бiлсеңiз келмес едiңiз мұнда! Жүрiңiз, көрсетейiн.

 Амалсыздан дәрiгердiң соңынан ердiм. Шеткергi бiр палатаның есiгiн ашып едi, қарны шеңбiрек атып кеткен, денесi көгала қойдай сiлейiп жатқан бiреудi көрдiм.

 – Мына адамның да асқазаны ауырады, бiлесiз бе не жегенiн? – дедi дәрiгер науқасты қолмен нұсқап.

 – Жоқ, бiлмедiм...

 – Әрине, бiлмейсiз. Бұл ақша жеген. Жегенде де анау-мынау емес, миллиондап, миллиардтап жеген. Және бiздiң де ақша емес, шетел валютасы, доллар, еуро! Шетел ақшасын жегендердi емдеу өте қиын. Жатыр мiне ес-түссiз.

 – Сұмдық екен!

 – Бұл ештеңе емес, жүрiңiз басқасын көрсетем.

 Келесi палатаға кiрсек, денесi қара қошқылданып кеткен бiреу кереуетте әрi-берi аунап, сандырақтап жатыр екен. Денесiнiң әр жерiне кәдiмгiдей шөп шығып кетiптi. Ғұмырымда денесiне шөп өскен адамды бiрiншi көруiм, зәрем ұшты.

 – Ал айтыңызшы, бұл адам не жеген деп ойлайсыз? – дедi дәрiгер масаттанған кейiппен.

 – Бiлмедiм...

 – Бұл мықтымыз жер жеп қойған. Жер болғанда да бiрнеше жүз гектар. Және даланың да жерi емес, Астана мен Алматының қақ ортасынан жеген. Оның қорытылуы қиын болады. Жатыр мiне, өлейiн деп ендi...

 – Астапыралла!

 – Жүрiңiз, келесi палатаға!

 Келесi палатаның босағасын аттауымыз мұң екен, жермай иiсi алып кеттi. Денесi қап-қара болған бiреу тынымсыз дөңбекшiп жатыр. Тiптi астына төсеген ақжаймасына дейiн қап-қара болып кетiптi.

 – Ал мынаны не жеген деп ойлайсыз? – дедi дәрiгер салтанатты түрде.

 Мен үн-түнсiз басымды шайқадым.

 – Солай ма?! – дедi менiң сасқаныма әбден риза болған дәрiгер. – Бұл адам асфальт жеген.

 – Асфальт?..

 – Иә, кәдiмгi жолға төсейтiн асфальт бар ғой, соны жеген.

 – Құдай сақтасын! Қанша жеген сонда?

 – Әй, айтшы, қанша жедiң? – дедi дәрiгер ыңырсып жатқан сырқатқа бұрылып.

 – Жүз елу шақырымдай болады ғой деймiн... – дедi әлгi даусы қырылдап.

 Шынында да, асфальт жеген жаман болады ғой деймiн, әлгi байғұс мертiккен сиыр құсап ыңқылдай бередi.

 – Так, ендi келесi палатаға барайық, – дедi өзiне-өзi әбден риза болған дәрiгер.

 – Жо-жоқ, рақмет, мен кетем, үйге барам, қазiр асқазаным тiптi ауырып тұрған жоқ.

 – Болмайды, көрiп кетiңiз, – деген дәрiгер, менi еркіме қоймай жетелеп келесi палатаға ала жөнелдi.

 Кiрсек, темiр тордың ар жағында екi көзi алақ-жұлақ еткен бiреу отыр. Терезенi ашып қойғанмен, жанармайдың иiсiнен бас айналады. Бiздi көрген сырқат жалма-жан тордан басын шығарып:

 – Айналайын, дәрiгер, бiр стақан бензин бершi, басым ауырып өлiп барам, сексенiншi маркалы болса да жарайды, – деп жалын­ғанда, әлгi байғұс­ты жаман аяп кеттiм.

 – Бұл не жеген? – деймiн ақырын дәрiгердi түртiп.

 – Бұл ма, бұл мұнай жеген, анығырақ айтқанда iшiп қойған. Жүздеген тонна! Былайша айтқанда, мұнайдың алқашы. Қазiр емделiп жатыр. Күнiне 10-15 литр бензин iшпесе ұйықтай алмайды. Бiз мұны жеке қамап ұстаймыз. Әйтпесе бiреу-мiреу бұл жерде байқамай шырпы жақса, бiттi, бүкiл емханамыздың күлi көкке ұшады.

 Шынымды айтсам, жаным бақайымның ұшына барды:

 – Дәрiгержан, Құдай үшiн кетейiкшi бұл жерден! Ендi бұл араға өлсем де келмеймiн!

 – Ә, солай ма?! Көзiңiз жеттi ғой ендi, кiмдер емделiп жатқанына?

 – Жеттi, жеттi...

 – Емделуге қалмайсыз ба?

 – Атамаңыз, құрысын!

 Емханадан қалай атып шыққанымды бiлмеймiн. Есiмдi үйiме жеткенде бiр-ақ жинадым. Маңдайымның терiн сүртiп, iшiмдi әрi-берi сипап байқасам, ешқандай ауырғаны да бiлiнбейдi. Қара шай мен қара нанның арқасы шығар. Тәуба дедiм iштей.

Сайлау БАЙБОСЫН

 Ақмола облысы

ӘКЕ-БАЛА ӘЖІҢ-ГҮЖІҢІ

 Диванда теледидар қарап отырған әкесіне баласы:

 – Әке, Ай неге жұлдыздардан үлкен?

 – Итім біліп пе...

 – Күн неге жап-жарық?

 – Итім біліп пе?

 – Жер, шынымен домалақ па?

 – Итім біліп пе?

 – Әке, мен сізді сұрақтармен шаршатып жіберген жоқпын ба?

 – Сұрай бер балам, менен басқа кім саған осының бәрін түсіндіріп береді?!

***

 Әкесі баласына:

  • Балам, екіліктеріңді қашан беске түзейсің?

 – Ой, әке, сынып жетекшісі журналды үнемі қолтығына қысып жүреді, түк реті келмей тұр...

***

 Әкесі жоғары оқу орнын бітіріп, жұмысқа орналасқан баласына:
 
– Балам, сен үлкен жігіт болдың, енді еркін жүріп-тұрып, темекі тартсаң  да қарсы болмаймын.

 – Әке, мен темекіні қойғалы екі жыл болды ғой...

***

 Тұтқиылдан жау шауып, әкесі баласын артына мінгестіріп қашады.  Тау, тасты асып қашып құтылдық-ау дегенде әкесі баласына сынай:

 –  Мен болмағанда қайтер едің? – десе, баласы:

 –  Сен болмағанда ерге отырар едім, – депті.

 

Múıisti júrgizetin Berik SADYR