Мәлімет кімнің қолында?
Ресей астанасындағы метро желісі бизнесмендер үшін «май шелпекке» айналғалы қашан?! Күніне Мәскеу метросын 7 млн-дай адам пайдаланады. Ал қарбалас күндерде бұл көрсеткіш
9 млн адамға жетеді екен. Енді бұл санға қарап қызмет көрсету ландшафтының ауқымын бағамдай беріңіз. Оның үстіне өткен жылы жаңа 15 станса пайдалануға беріліпті. Транспорттық инфрақұрылымның көлемі ұлғайған сайын, сұраныстың да артары анық. Осыны ескерген метрополитен кассалық мәліметтерге қызмет көрсетуге байланысты сауда өткізуді ұйғарған. Нәтижесінде ofd.ru брендімен жұмыс істейтін «Петер-Сервис Спецтехнологии» компаниясы жеңімпаз болды. РБК агенттігіне сенсек, бұл компания миллиардер Әлішер Османовқа тиесілі «USM Holdings-тің» құрамына кіреді. Сондағы жолаушылардың күдігі неде? Нақтырақ айтсақ, ұтып шыққан мердігер тек кассалық мәліметті сараптаумен шектеліп қалмақ емес. Компания метроның фискалды деректерінің негізінде бизнесін кеңейтіп, нарықты жауламақ. Бұл дегеніміз әр жолаушыға қатысты ақпараттың бақылауда болатынын білдірсе керек.
Гәптің бәрі осында жатыр. Артынша Мәскеу метрополитені бірде-бір мәлімет коммерциялық мақсатта мердігерге берілмейді деп ақталуға тырысқан-ды. Алайда, кассадағы қызметтерді ofd.ru көрсететінін ескерсек, бұған мәскеуліктер аса иланған жоқ. Көршілес елдің бай-манаптары Big data-ның (Үлкен деректер) артықшылығын осылай көруде. Қош, бұл технологияға қатысты дау-дамай мұнымен бітпейді.
Үлкен деректер нарығы жыл сайын 35%-ға өсуде
Әйтсе де, оның басымдықтарын да есептен шығаруға болмайды. Алдымен «Big data» ұғымына тоқталайық. Бұл – құрылымды және бейқұрылымды сан алуан үлкен көлемдегі деректі көлденеңнен кеңейтілген бағдарламалау құралдарымен тиімді өңдеу. Қарапайым тілмен айтқанда, кез келген ауқымды мәліметті жылдам сараптау технологиясы. Қазір оның енгізілмеген саласы жоқтың қасы. 2000 жылдардың басында пайда болған тың құрал дәстүрлі мәліметтерді басқару жүйесін алмастырып, әлеуметтік-экономикалық феномен ретінде бағаланды. Үлкен деректер аналитикасына сұраныс әсіресе заманауи бизнесте қатты байқалуда. Frost & Sullivan консалтингтік агенттігі 2021 жылы BDA-ның (Big Data Analytics) әлемдік нарықтағы жалпы көлемі 67,2 млрд АҚШ долларына жетеді деп бағалауда. Қазір жыл сайынғы өсім динамикасы 35%-ды құрап отыр. Халықаралық агенттіктің есебінше, өндіріс, қаржы, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ бөлшек сауда секторы аталған нарықтың басты сегментіне айналады. Ерекшелігі сол, Big data аналитикасы көлемді, күрделі яки құрылымсыз мәліметті сараптаумен қатар өндірістік индикаторды және шығынды азайтуды болжап, құнды ақпаратты анықтау мүмкіндігіне ие. Сарапшылар өнеркәсіптік және басқа да өндіріс саласында BDA-ға салынған инвестиция көлемі өскенін айтады. Себебі еңбек өнімділігін арттырып, ресурстарды оңтайландыру күн тәртібінде тұрған мәселе. Бұл Индустрия 4.0 тұжырымдамасында айқындалған.
Қазір бөлшек сауда, денсаулық сақтау, банк және қаржы салаларында BDA технологиясы кең қолданыста. Жақын болашақта оның ауқымы жекелеген қызмет түрлерін де қамтымақ. Азия-Тынық мұхит аймағындағы дамушы мемлекеттерде қоршаған ортаны қорғау бағытында оған деген қажеттілік тіпті еселенуі ықтимал.
Мамандар деректер сараптамасы тұтынушылардың сұранысын тереңірек түсінуге жол ашатынына сенімді. Оның ішінде смарт-банкингтің орны бөлек. Қаржылық сегментте Big data қызметтерді дербестендіру, клиенттерді жоғалтуды болжау, алаяқтық әрекетті әшкерелеу сынды бірқатар істі тындыруға септесіп келеді. Сол секілді жекелеген компаниялар әрі мемлекеттік ұйымдар үлкен мәліметтер технологиясын экологиялық тәуекелдерді бағалау, табиғи қорларды оңтайлы пайдалану мен экологиялық талаптарды сақтау бойынша қолданып жүр. Атап айтқанда, World Resource Institute ұйымы Google компаниясымен бірлесіп Амазониядағы орманды қорғауға арналған жобаны қолға алыпты. Нәтижесінде жасыл белдеудің экологиялық ахуалы 80 пайызға жақсарды.
Аузы дуалы сарапшылар 2025 жылға қарай үлкен деректер аналитикасының енбеген салалары мен іске аспаған жобалары қалмайды деген пікірде. Ол шынайы уақыттағы тәуекелдерді басқарудан бастап блокчейн-талдау және сарапталатын нысандарға қашықтықтан мониторинг жүргізуге дейін қамтиды.
Құқықтық нормадан дербес жүйе
– Метроны алып қарайық. Онда карточканың транзакциялары жолаушылардың ағыны, көбеюі мен азаюынан бөлек жеке басқа қатысты мәлімет жоқ. Бірақ оны аналитик тікелей немесе жанама әдіспен оқып алуы мүмкін. Мысалы, онда басқа база болуы мүмкін. Айталық, кескін-келбет базасы. Бейнебақылау жүйесімен кез келген жолаушыны анықтауға болады. Қысқаша айтқанда, Big data қабілеттің шаруасы. Үлкен деректер қоры – аналитикалық қабілет. Мәліметтен мәлімет шығару, оқи білу, сараптау және атомдық бөлшектерге жіктей білу қажет. Мысалы, сол ақпаратты сатып алған адам метродағы асханаларда қандай тағамдарға сұраныстың жоғары екенін болжай алады. Жолаушылардың жас ерекшеліктері мен келбеттерін ескеріп қызмет көрсетуді жақсартудың амалдарын ойластыруына болады, – дейді қазақстандық IT-маманы Ерлан Оспан.
Десек те заманауи талдау жүйесіне қатысты саяси жанжалдың да орын алғаны есімізде. АҚШ президенті Дональд Трамптың электоралды науқанда британдық Cambridge Analytica компаниясының қызметіне жүгінгені туралы Америкада еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін біледі десек қателеспеспіз.
– Анықталғандай, бұл компания фейсбуктегі едәуір деректерді сатып алған екен. Сайлау барысында осы мәліметтердің негізінде Құрама Штаттарды аудандарға бөлді. Соған сәйкес қандай өңірлерде либерал демократтар, республикалықтар тұратынын, сондай-ақ афроамерикалықтар мен латынамерикалықтардың көп шоғырланған аймақтарын анықтап алды. Бұл мәліметтерді есепке ала отырып, америкалықтардың нені қалайтынын сараптап шықты. Көрдіңіз бе, осы арқылы әр өңірде халықтың болмысы және сұранысына сай үгіт-насихат жүргізілді. Сөйтіп Трамп ұпайын түгендеп алды. Демек, шашылып жатқан мәліметтен өзіне қажетті ақпаратты жинақтап алды. Бұл техникалық тұрғыда дәлелденген. Бір қызығы, сайлаудың ережелері бұзылды дегенмен, заңға қайшы фактілер табылмады. Big data-ның артықшылығы осында. Ол құқықтық нормаларға негізделмеген, бірақ заңнамалық талаптарға да қайшы емес, – деді Ерлан Оспан.
Дегенмен бұл жағдай фейсбукке ауыр тиді. Артынша аталған әлеуметтік желінің құнды қағаздарының бағасы 7%-ға құлдырап, бас құрылтайшы Марк Цукербергтің капиталы кем дегенде 6 млрд долларға азайған-ды. Ол аз болғандай, Америка халқының 51%-ы фейсбукке сенбейтінін білдіріп, жаппай аккаунтарын өшіруге көшті. М.Цукербергті сынаушылардың қатарында әйгілі кәсіпкер Илон Маск пен Apple корпорациясының басшысы Тим Кук сынды белді тұлғалар болды.
Сол секілді жуырда Apple-дың тағы бір белді өкілі Стив Возняк TMZ сайтына берген сұхбатында желі қолданушыларын ФБ-мен қош айтысуға шақырды. Оның пікірінше, көптеген технологиялық компаниялар жеке аккаунттағы деректерді жинауды үдете түскен. Құпиялық пен жеке адамның хақын әлеуметтік кеңістік қорғай алмайтын деңгейге түсті. Сондықтан одан біржолата құтылған дұрыс деп есептейді С.Возняк.
Қазақстанда Big data жетіп артылады
Батыста Big data 2000 жылдардың басында танымал болса, Қазақстанда бұл технологиялық тренд жайлы 2016 жылы айтыла бастады. Бірақ бүгінге дейін бірде-бір ауқымды жоба жүзеге асырылған жоқ. Тек жекелеген компаниялар ғана онымен ел аумағында айналысып жүр. Соның өзінде өңдеп жүрген деректері айтарлықтай көлемді деуге келмес.
Сала технократтары Үкіметтен тапсырыс алуға дәмелі. Бұған себеп те жеткілікті. Тәуелсіздік алғалы бері елде жинақталған деректер ұшан-теңіз. Міне, осы көлемді ақпаратты бір жүйеге келтіру мемлекеттің алдындағы жауапты міндет. Әсіресе үлкен деректер аналитикасы әуелі Қаржы министрлігінде енгізіледі деп күтілуде. Неге десеңіз, негізгі экономикалық индикаторларды анықтауда оның басымдықтары көп. Сол секілді көлеңкелі экономиканы ауыздықтауда тың жүйенің мүмкіндіктері баршылық. Биыл Қазақстандағы оның деңгейі – 30%. Әйтсе де Үкіметке алдымен «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы және Smart city сынды жобалар бойынша көзделген шаруаларды реттеуге тура келеді. Денсаулық сақтау министрлігі электронды денсаулық төлқұжатын енгізгенін айта кеткен жөн. Сарапшылар Big data осы адам саулығын емдеуде қолғабыс жасай алады деген пікірде. Мәселен, бұл технология сырқат түрін болжап, қажетті ем-дом шараларын тағайындауға көмектесе алады.
Тізбектей берсек, үлкен деректердің оң ықпалы есепсіз. Бұған отандық бизнес өкілдері де біртіндеп тартыла бастаған көрінеді. Деректер аналитикасы жайлы ойымен Еуразиялық топтың менеджерлер кеңесінің төрағасы Александр Машкевич Мемлекеттік басқару академиясының тыңдаушыларымен болған кездесуде бөлісті. Оның пікірінше, мәліметтерге ие болған жан ғана табысқа жете алады. Ал оған қол жеткізу үшін ғасыр жетістіктеріне сүйенуге тура келеді деді кәсіпкер. Ол экономикалық, демографиялық көрсеткіштерден бастап жалға алынған велосипедтерді пайдалануға дейін, сондай-ақ қоғамдық көлік бағыттарының жүктелу өлшемдерін жинақтап, талдауға Big data-ның септігі мол деп санайды.
Үстіміздегі жылы елдегі IT-орталықтар үлкен деректер аналитикасы мамандарын даярлауды қолға алыпты. Сондай жекелеген орталықтардың бірінен биыл 20-ға жуық Big data сарапшылары түлеп шықты.
Түйіндейтін болсақ, ауқымды мәліметтерді талдау машинасына қоғамның қарсылығы жоқ. Дей тұрғанмен, кез келген ғылыми жетістік, өнер табысы адамзатқа кесірін тигізбеуі тиіс. Бұл сөзімізге жоғарыда келтірілген дәйектер дәлел. Осы орайда аустралиялық кинорежиссер Питер Уирдың әйгілі көркем туындысы еріксіз еске оралады. Онда бас кейіпкер Труман Бербанктің жарты ғұмыры жасырын камералардың алдында өрбиді. Ақырында өмірі шоуға айналғанын түсінген Труман бейнекамералардың бұғауынан құтылып, еркіндікке қолы жетеді. Демек, адам құқығы және оның бостандығы, таңдау еркі, жеке өмір сүру хақы бұл – өркениетті қоғамның басты демократиялық құндылығы.