Аймақтар • 12 Тамыз, 2019

Қосағалы батыр кесенесі

1379 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Заманында Қосағалы батыр Төлекұлының атақ-даңқы жер жарып тұрған деседі. Ел қорғаған ерлігімен, туған жерінің топырағына тәу еткен асыл қасиетімен. Батыр Орта жүздің соңғы ханы – Уәлидің заманында ғұмыр сүрген.

Қосағалы батыр кесенесі

Қайтпас қайсар ерлігі жалпақ жұртқа белгілі болғаннан кейін өрлігі мен батырлығына, туған жері мен жұртына деген шексіз махаббатына сүйсінген,  Алаштың белгілі күйшісі Дәулеткерей өзінің «Қосағалы» атты күйін арнапты. Күй мазмұны Отанын сүюге, ел мен жерді қорғауға саяды. Елін қорғаған ерлердің ерлігі, қия­пат майдан сипатталады. Шұрқырай кісінеген көп тұлпардың дабысы, ажал аңсаған ақ жебенің ысқыра ұшуы, алмас семсерлердің қаржаса айқасуы. Арман тұнған кеудеге ажал найзасы қадалса да атадан қалған байтақ жерге жау табанын бастырмаған батырлардың кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болар тамаша тәлімі.

Қазіргі күні Көкшетау мен Қара­өткелдің арасындағы ұлан-ғайыр далада Қосағалы батырдың атымен аталатын жер-су атаулары аз емес. Батырлықты кім болса да бағалаған ғой. Заманында орыс патшалары да сыйластықпен қарапты. Екатерина ІІ патшайымы Омбы қаласындағы шенеуніктер арқылы қазақ батырына алтын жіппен тігілген зерлі тон сыйлап, құрмет көрсеткен.

Батырдың бейіті Зеренді ауданындағы тойған қозыдай ғана томпайып жатқан шағын Азат тауының шоқысында. Өткенімізді танып, өшкенімізді тауып жатқан шақта тәу етіп келушілер аз емес. Қосағалы батырдың ел тарихындағы орны мен жоңғар шапқыншылығына қарсы қиян-кескі айқастардағы өшпес ерлігін насихаттауға септігін тигізетін қор да ашылған.

Бізге жеткен деректерді сараласақ, батыр өзінің бабалары тәрізді алып денелі болған. Бойы 276 сантиметр болса керек. Жерленген жерінің ұзындығы 4 метрді құрайды. Қабірінің маңдайшасында «Руы Жақсылық Қарауыл. Богатырь Қосағалы Толеков» деп жазылған.

Шағалалы өзенінің Азат тауын жанай өтетін аңғарында сүйегі Жақсылық-Қарауылға жататын «Жалғыз қарағай», «Қырдағы ауыл», «Былқылдақ», «Талды ауыл», «Өзен қарағай» дейтін ауылдар болса керек-ті. Шоқ жұлдыздай шағын ауылдардың соңғысын батырдың өзі мекендеген. Кейін кеңес заманында әлгі ауылдар түгел үдере көшіп, көшкен елдің жұртында Азат дейтін станса ғана қалған. Қосағалы батыр Арғынның Қарауылынан тарайды. Баян ұлы Байтөлектің баласы. Танымал журналист Тортай Сәдуақасовтың 2004 жылы жарық көрген «Ел мен жер» жинағындағы шежіреде осылай көрсетілген. Ел аузындағы естелікке қарағанда, батырдың атасына тоғыз мың жылқы біткен екен. 1723-1730 жылдары ел жұтқа ұшырағанда ат тұяғы жететін жердегі жүдеп-жадаған ағайынға көмек қолын созғаны үшін Көкшетау төңірегі оны Бай Төлек деп атап кеткен. Азат тауының етегін жайлағанымен, кіндік қаны тамған жер бұрынғы Рузаев ауданынның бойындағы Қосағалы өзенінің бойы екен. Біз айтып отырған дерек 1910 жылы Санкт-Петербургтегі Э.Х.Брандттың картографиялық зауытында дайындалған жер пайдалану картасында «Урочище Косагалъ» деп көрсетіліпті.  Осы деректе Қосағалы өзенінің қойнауын жайлаған Жайлыбай, Жалаңауыз, Шалауыл, Құйрық ауылдарына да біршама сипаттама беріліпті. Кейін әлдебір себептермен Қосағалының көші Шағалалы өзенінің бойындағы бағзы замандағы ата қонысқа ат басын түзеген. Кенересінен асып төгілген, ата мұрасын шашау шығармаған Қосағалы да бақуатты күн кешсе керек.

Бұл заманда жоңғар шапқыншылығы сап тыйылған. Ендігісі Еділдің бо­йын жайлаған құба қалмақтың қ­а­рақшылығы. Оның үстіне Ресейдің қара шекпенділерінің шым-шымдап ене бастаған шағы. Осы жай көңілін күпті еткен Қосағалы батыр ел басын біріктіріп, құба қалмақты Элистадан әрі асырып, қуып тастаған ерлігі аңыз-қиссаларда өте көп айтылады. Іргедегі Ресейдің Түмен, Челябі облыстарында Үлкен Қосағалы, Кіші Қосағалы көлдері, емдік су қайнары жорық жолдарынан қалған белгі іспетті.

 

Ақмола облысы